Медицина

Тұмау өршіп тұр

Биыл тұмаумен ауырғандар көп. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе артық екен. Қазаннан бастап 28 мыңға жуық облыс тұрғыны жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырған. Оның жартысынан астамы – балалар. Бұл жайлы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Сурет: Ашық дереккөз

– Бүгінде вакцина алмаған адамдар арасында тұмаудың (А3) зертханалық расталған 28 жағдайы тіркелді. Оның 11-і – 14 жасқа толмаған балалар. Сонымен қатар, аймақта тұмау емес вирустар бар. Олардың үлесі зерттелген 624 сынаманың 34%-ын құрайды. Риновирус – 50%, респираторлық-синцитиалды вирус – 14% жəне парагрипп – 9%, – деді Юрий Залыгин.

Тұмау – ауа арқылы таралатын жедел вирустық ауру. Сол себепті кейде эпидемия немесе пандемия сипатын иеленуі мүмкін. Ол пневмония, бронхит, жүрек, бүйрек, мидың жəне басқа ағзалардың зақымдануына жəне созылмалы аурумен ауыратын адамдардың өліміне əкеп соғуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирус бөлшектерінің санына, оның түріне, адамның иммундық жүйесіне байланысты. Ауру бірнеше сағаттан 2-4 күнге дейін созылатын инкубациялық кезеңнен басталады.

Дене қызуы 3-5 күн бойы түспесе, ауырсынуды басатын дəрілерді қабылдағаннан кейін де басылмайтын қатты бас ауруы, сондай-ақ, ентігу, сананың бұзылуы, геморрагиялық бөртпелер шықса, жедел медициналық көмекке жүгіну қажет деген сөз.

Спикердің айтуынша, балалар, жүкті əйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері, жабық мекемелердің контингенті (балалар үйі, қарттар үйі жəне басқа) ауыру ықтималдығы жоғары. Сондықтан, бірінші кезекте соларды тұмауға қарсы егу қолға алынады.

 Қазіргі уақытта тəуекел тобындағы адамдарды тұмауға қарсы вакциналау аяқталды. Облыс тұрғындарының 14,5%- ы қамтылды. Тұмауға қарсы барлығы 176 310 адам, оның ішінде, ақылы негізде жəне жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 3 310 адам егілді, – деді Юрий Леонидович.

Департамент басшысы адам көп жиналатын жерлерде, əсіресе, жабық үй-жайларда ұзақ болмауға, ондай жерлерде маска тағуға кеңес береді.

– Ауырып тұрған адаммен байланысты шектеу, жөтел этикетін сақтау, қолды сабынмен жиі жəне мұқият жуу, бөлмеде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу, желдету, құрамында С дəрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп тұтыну қажет. Өзін-өзі емдеуден аулақ болып, уақытылы медициналық көмекке жүгіну керек, – деді спикер.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button