Байқау
«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының ақтық кезеңінде 37 үміткер бақ сынауда
Қарағандыда Достық үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық қорытынды кезеңі өтуде. «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық байқауының қорытынды кезеңінде 37 үміткер бақ сынауда.

Сайысқа қатысып отырған үміткерлер – мектеп оқушылары. Олар қыркүйек айынан бастап жыр жаттауға тыңғылықты дайындалып, қарашаның 20–28 күндері аралығында өткен аудандық және қалалық кезеңдерде іріктеліп, үздік деп танылған.
Бүгінгі қорытынды кезеңде қатысушылар «Бөгенбай батыр» жырын (Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) қазылар алқасының сұрауы бойынша әрі қарай жалғап, кідірмей, тосылмай айтуы тиіс. Сайыс барысында жырды толық жатқа білуі, мүдірмей әрі мәнерлеп орындауы негізгі бағалау критерийлері ретінде ескеріледі. Сонымен қоса, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, жас ерекшеліктеріне сәйкес қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.

Облыстық Тілдер басқармасы мамандарының атап өтуінше, облыстық байқауда топ жарған жеңімпаздарды қомақты сый-сияпат күтіп тұр.
І орын – 1 000 000 теңге
ІІ орын – 500 000 теңге
ІІІ орын – 250 000 теңге
Жүлдегер оқушыларды дайындаған ұстаздарға да дәл осындай көлемде қаржылай сыйақы табысталады. Сонымен қатар, облыстық байқаудың жеңімпаз оқушысы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің білім грантына, ал ұстазы «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» ұсынған автокөлікке ие болады.
Еске сала кетейік, қыркүйек айының 5-і күні жарияланған «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық байқауы өскелең ұрпақты халық поэзиясына баулу, оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық пен қайсарлық қасиеттерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған.
Аяулым СОВЕТ


