Тәлкекті тағдыр
«Ақиқат» журналының 1995 жылғы №1 санында тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековтың «Орталық Қазақстандағы шаруалар көтерілісіне кімдер қатысты?» және Нөкербек Асылбековтың «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы 5 санында «Ауыр жылдар айғағы» атты мақалалары жарық көрді. Тарихшы автор шаруалар көтерілісінің туу себептерінің объеактивті шындығын ашады. Көтеріліске қатысушылардың тізімін беріп, тәлкекті тағдырларын сөз етеді. Ал, Нөкербек Асылбеков мақаласында көтеріліс басшысы Қарамырза ұлы Мұрзаштың ерлігі, қиын кезде елге ұйытқы болғаны, тотаритарлық құрылысқа қарсы шығып мерт болғаны асқақтата көрсетілген. Осы мақалаға орай журнал редакторы Мұхтар Мағауин редакциялық түйіндеуінде көтеріліс басшысына туған жерінде мүсін орнатып, елді мекен, мәдени-ағарту мекемелерінің біріне есімін беру жайлы пікір білдіреді.
Екі мақалаға да ортақ кейіпкерлер біздің үймен отыз бес жыл сыйлас көрші болған Мұздыбай ақсақалдың туыс-әулеттері екен . Қария 1999 жылы бақиға озды. Дүниеден өтерден 3-4 жыл бұрын бәрімізге беймәлім жұмбақты тағдырының белестерін айтып берген еді. Кейін сала өкімет орындарына өткен тағдырына араша түсуді сұрап, өтініш хат та жаздырған. Хаттың деректерін өзгертпей сол қалпында «31 Мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай газетке ұсынуды жөн көрдім. Ондағы мақсат – Республика халқының өткен ғасырдың 30-шы жылдардағы трагедиялы шындығын, ақиқатын кейінгі жас буыннның танып-білуіне, ата-баба жолының бұралаң-бұлтаққа толы өмір өткелдерін саралай алуына септігі тиер, аға буын өкілдерін қадыр тұтып, еңбектерін бағалай білуді өмірлік ұстанымы тұтынар деген ниет еді.
«1931 жылғы Шұбартау көтерілісінің қақ ортасында болуым, оның егжей-тегжейін білуім – басты артықшылығым. Жапа шектім, төздім, тірі қалып, елге оралдым» дейді Мұздыбай қария.
«Менің бозбалалық, жігіттік және ақыл-ес тоқтатқан кездерім қиыншылық заманға тап болып, өте ауыр жайда өтті. Өйткені, мен 1931 жылғы Шұбартау көтерілісіне қатысқан адам ретінде бас бостандығымнан айрылып, 1931-34 жылдар аралығында Хабаровск өлкесіндегі Свобода қаласы маңында екінші БАМ темір жолын салуға еріксіз қатыстым…
Негізгі мекеніміз, Семей облысына қарасты Бақанас, Бидайық бойлары. Руымыз –Керей, оның ішінде Кененбай боламыз. Менің әкем Қарамырзаұлы Мұрзаш дәулетті, елге беделді, сөз ұстаған қадірлі адам еді. Өзі бес ағайынды болатын. Үлкен әкем Қарамырзаның бәйбішесі Балсарыдан Абылғазы, Солтанғазы, Абылғазыдан Мұрыш, Спан, Қылышбек, Жекебатыр туады. Спаннан бір немере бар деп естимін. Солтанғазыдан 7 бала болған. Олар: Ақмалай, Көккөз, Келай, Сарыкөз, Нөкетай, Бақыш, Бекіш. Бекіштен ұрпақ бар. Бақыштан бір немере, Нөкетайдан Көпберген деген бала болған. Қарамырзаның екінші әйелі, кіші шешеміз Айымжаннан Мұрзаш, Ахмет, Рымтай. Мұрзаштан Тәуірбай, Амансары, мен – Мұздыбай, Семейбай, кенже інім – Серікбай. Ахметтен – Жөкіш, Киікбай, Пітірбай, Әбдібай. Пітірбай да ұсталып, 10 жылға сотталған. Мерзімін өтеп келген соң, бір жылдан кейін Семейде қайтыпты. Ахметтің Киікбайының қызы Күлпән Алматыда тұрады. Рымтайдан Тәтікбай, Тоқсанбай. Тоқсанбай да сотталып, лагерде өліпті. Оның Әнуарбек деген баласы 32-жылы қайтыпты. Тәтікбайдан бір қыз бар. Аты – Күлман. Лепсі станциясы маңында тұрады. Жас мөлшері 55-60 шамасында болуға тиіс.
Мұрзаштың үлкені Тәуірбайдың 4 баласы, Амансарының 3 баласы, інілерім Семейбай, Серікбайлармен бірге 32 апатынан жұтылыпты. Мұның сыртында әкемнің бауырларының бәйбішелері – шешелеріміз, олардан тараған ұрпақтардың қаншасы қай жерде көз жұмғанынан хабарым жоқ. Бәрі де қолдан жасалған апаттың құрбаны болғаны анық.
Семей жеріндегі шулы оқиға былай басталған еді. 1929 жылы бұрынғы Кеңес үкіметінің қаулысымен «Үш айлық екпінді науқан» жарияланды. Бұл науқан елге салық салу арқылы астық алу мақсатын көздеген. Үйіңде астық болсын, болмасын сен өзіңе салынған салықты өтеуге тиіссің. Ауыл белсенділерінің талабы осы.
1931 жылғы көтерілістен бұрын ағаларым Тәуірбай мен Амансары жеке үй, бала-шағалы болып кеткен. Мен үйленбеген едім. Біздің әулет егін салмайтын, тек мал өсірумен шұғылданатын. Күнкөрісіміз малға тәуелді болатын. Азықтық дақылдарды (бидай,ұн) және тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын үлкен ағам Тәуірбай «Ақшомға шығып» Ақмола, Алматы, Семей жағына мал айдап, жүн өткізіп, айырбасқа әкеп тұратын. 1929 жылы бізге 60 пұт астық көлемінде салық салынды. Қаулы шығысымен белсенділер қолымыздағы айырбасқа әкелген аздаған астығымызды іле-шала тартып алды. 1931 жылы март, апрель айларында бар малымызды айдап әкетті. Біздің әулеттен әкем, екі ағам, яғни, үш үйлі жаннан 300 жылқы, 18 түйе, 541 бас қой, 2 сиыр алды. Үш үйлі жан емшегіне қарап отырған соңғы сиырымызды белсенділер шешемді шалқасынан түсіріп, дүрбелеңнен бір күн бұрын тартып әкетті. Осындай зорлық-қысымға, асыра сілтеуге осылардың салдарынан ене бастаған аштыққа қарсы ел наразылық жасай бастады. Әкем ел адамдарының басын қосып: «Суға кеткен де тал қармайды» деген бар, әрекет жасайық», – деп, бұрын керей елін билеген атақты би, аруақты ел басы Жобалайдың «Ақтуын» Жүнісов Байжұманның үйінен алғызып, ту көтереді. Елге Кеңес өкіметінің жолсыздық әрекеттерін айтып, өкіметке қарсы үгіт жүргізді. Өкіметке қарсы көтеріліске шақырады. Дәл осы кезеңде Абралы, Шыңғыстау жерінде Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы көтеріліс, наразылық тұтанған болатын. Бірақ, соңы қайғылы жағдайға ұласып, халық толқуы аяусыз жаншылып талқандалды ғой.
1931 жылы апрель айында Бидайық деген жерде біздерді, ішінде ағаларым Тәуірбай мен Амансары, әкемнің ағасы Абылғазының баласы Спан, әкемнің інісі Ахметтің баласы Пітірбай, әкемнің інісі Рымтай, баласы Тоқсанбай, әкем Мұрзаш және мен, тағы басқа көптеген адамдар тұтқындалдық. Шамамен 200-дей адам болатын. Бәрімізді Қарқаралы қаласына жаяу айдады. Әкем жасының ұлғаюына байланысты кейде жүре алмай қалатын. Сол кезде оны түйеге мінгізетін. 9 күн дегенде Қарқаралыға жеттік. Тұтқындарды бөлек-бөлек топтап, түрмеге, түрмеге сыймағандарын жекелеген мекеме ме, әлде үйлер ме білмеймін, қамап күшті күзет қойды. Бір жарым ай шамасында 19 адамды түнде алып шығып, ағаш арасында атып тастады деген сыбыс естідік. Ішінде әкем Мұрзаш, ағаларым Тәуірбай мен Амансары болса керек. Өйткені, күз түсе біздерді Қарағандыға айдағанда, оларды көре алмадым. Әкемнің ағасы Абылғазының баласы Спан да жоқ болып шықты. Кейін, 1934 жылы мерзімімді өтеп Алматыға келген соң, олардың Қарқаралы мен Қарағанды түрмелерінде атылғанын естідім. Қандай айып тақты, неге жапты, айыптау қортындыны қалай деп шығарды, оны білмедік. Қарағандыға да жаяу айдап әкелді. Жолда 7-8 күндей жүрдік. Қарағандыға әкелген соң, қаланың маңындағы далаңқайда сыммен қоршалған жерде 20 күндей ұстады. Кейін түрмеге қамады. Бұнда 3-4 айдай болдық. Қыс ортасында тұтқындарды қызыл вагонға қамап, этаппен алып жүрді. Осы кезде әкемнің інісі Рымтай мен немере ағам Пітірбайдан көз жазып қалдым (ескерту: Пітірбай Ахметов осы Семей көтерілісі туралы жазған Талас Омарбековтың жоғарыда аталған мақаласында аты көрсетілмеген адам. А.Т.).
Қысқы суықта (шамасы бір ай болса керек) Владивосток жаққа алып жүрді. Хабаровск өлкесіндегі Свобода деген қалаға апарды. Содан мінген пойызымыз кері бағытпен екі күн жүрді. Бір разъезге тоқтап, бізді түсірді. Жаяу айдап 7-8 шақырым жерге әкелді. Келген жеріміз Сібірдегі БАМ-ның құрылысы екен. Осында келген соң сотталғанымызды айтып, қағазға естідік дегізіп қол қойғызды. Мен сол кездегі заңның 58-бабының 3-тармағымен 5 жылға сотталғанымды естідім. Тіршілігіміз өте ауыр. Сібірдің 40-50 градус аязы. Екі ауысымда жұмыс жасаймыз. Күнделікті жұмысымыз сағатпен өлшенбейді. Таңның атуы мен күннің батуы аралығында БАМ-ның 2 қатарлы темір жолын салу, жер қазу, тауды тесіп туннел жасау, тас пен топырақ тасу. Қазатын, тазалайтын жерің күнделікті өлшеніп беріледі. Өл, тіріл, сол өлшеніп берілген жердің топырағын қазып, тасын қашауға тиіссің. Күнделікті тапсырмаңды орындай алмасаң, екінші ауысымға алып қалады. Киім жұқа, жұмыс төзгісіз. Қасыңда қимыл-қозғалысыңды баққан күзетші-стрелок. 5-10 минуттан артық солық басуыңа рұқсат жоқ. Қимылдай беруің керек. Алғашқы кездегідей емес, 2-3айдан соң қатарымыз шетіней бастады. Келе-келе әл-ауқаты кеміген адамдар көбейіп, күніне 4-5 адам өлетін болды. Олардың денесін құздан лақтыртып тастайды. Жас кезім ғой, күнделікті тапсырманы орындауға, асыра орындауға тырысамын. Өйткені, тапсырма орындамасаң, тамақтан қысатын. Қу тамақ үшін аянбай қимылдайтынмын.
Еңбегімді ескерді ме, білмеймін. 5 жылдық мерзімнің 1 жыл 3айын қысқартты. Тірі тозақта 3 жыл 7 ай болып, аман-есен босап шықтым. 1934 жылдың қыс айында пойызбен 9 тәулік жүріп, 1-Алматы вокзалына түстім. Туыс жоқ, таныс жоқ. Қолымда түрмеден босанып шықты деген қағазым бар, бар құжат – осы. Мұны көргендер жұмысқа алмады. Теміржол вокзалын, жылу қазандықтарын паналап жүрдім. Вокзалда, гараждарда, жеке адамдардың аулаларыда күн сайын жалданып жұмыс істеген боламын. Сол еңбегіме тиген азын-аулақ тиын-тебенді жұмсап, өлместің қорегіндей ғана азық аламын. Сол жылы жазға салым вокзал басында кездейсоқ өзіміздің Керей елінің Кененбай деген бұтағынан тарайтын осында келіп-кетіп жүрген ел адамы Уәтеев Әрінбайға кездестім. Елдің жай-жапсарын сұрап, өз жайымды айттым. Ол: «не көрсең де, осы Алматыда бол. Елге барсаң, белсенділер соңыңа түсіп, тағы да сотталып кетуің мүмкін. Ел дейтін ел де жоқ. Бұрынғы ауылдар тоз-тозы шығып тарап кеткен. Атамекенін қимаған азын-аулағы 32 жылы аштан қырылып қалған. Осында өзіміздің ел азаматы Тойсарин Бейсембай қызмет істейді. Соған жолық. Көмек көрсетер», – дегенді айтты. Тойсарин Бейсембай бұрын Омбыда оқып, мал дәрігері мамандығын алған. Ақбайдың Жақыбымен сыйлас-біліс болған адам. Өзі Алматыдағы мал дәрігері саласында жауапты қызметте екен. Сұрастыра жүріп қызмет орнынан тауып алдым. Таныстым. Әулетіміздің жаңа заман топалаңынан қырылып қалғанын біледі екен. Тоқтам айтып, бауырына тартты. Үйіне ертіп апарды. Бір ай сақтап, үсті-басымды бүтіндеді. Тазарып, тоғайып адам болып қалдым. Біраз күндерден соң ол 58-ші статъяға іліккен адамның тағдыры үнемі сенімсіздікте, қауіпте болатынын түсіндірді. Жұмысқа орналасуға да бөгесін болатынын айтып, фамилия өзгертуге кеңес берді. Сөйтіп, әкемнің ағасы Абылғазының баласы Мұраштың атына көшпекші болып шештік.
Осы мәміледен соң Бейсембай көп кешіктірмей «Мұрашев Мұздыбайға берілген» деген справканы (анықтама) қолыма ұстатты. Осы қағазды Алматы маңындағы бір ауылдық Кеңестен алыпты. Біраз күннен соң «Бір милиция қызметкерімен келістім, үйі қаланың шет жағында. Мына адреспен іздеп барып, жолық. Үй шаруасына көмектессең, саған 3 айлық уақытша паспорт жазып бермекші болды», деді. Милицияның үйінде 3-4 айдай болдым. Суын тасыдым, ат арбамен көмір, баялыш әкелем, малын қараймын. Үй шаруасын ынта-пейіліммен атқардым. Уағдасында тұрып, 3айлық уақытша паспорт жазып берді. Кетерімде: «сен енді Алматыдан кет. 3 ай мерзім өткенше кез келген қаладан, ауданнан жаңа түпкілікті паспорт ала аласың. Бұл қалада саған паспорт ауыстыру өте қауіпті. Біреу-міреу біліп қойса, менің де шикілігім анықталып, екеуміз де құримыз», – деді. Содан Талдықорған жақтағы Лепсіге келіп, түпкілікті жаңа паспорт алдым. Сол паспорт бойынша бүгінгі күнге дейін туған әкем Мұрзаш болмай, әкемнің ағасының баласы Мұраштан туған болып кете бардым. Жаңа паспорт алған соң Лепсідегі автобазарға автомашиналарды тазалайтын, майлайтын (ученик-слесарь) үйренуші-шәкірт болып орналастым. Бақытыма орай, осы автобазадағы кешкі мезгілде оқытатын 8 айлық шоферлық курсқа іліктім. Бұл жерде жатын орыннан таршылық көрдім. Ай сайын 2-3 реттен пәтер ауыстыруға тура келді. Күніне 8 сағат жұмыс істеп, кешкі мезгілде 4 сағаттан оқу оқыдым. Курс біткен соң Алматыдан келген комиссияға емтихан тапсырып, мамандығымның қағазын алдым.
Сол жылдары жаңадан мамандық алған шоферлерді қолма-қол рульге отырғыза салмайтын. Міндетті түрде байырғы шоферлердің жанына ере жүріп, 2 жыл практикадан (стажировкадан) өту міндетті болатын. Осы өткелектен аман өтіп, Лепсіде мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Қатарға іліктім. Тоя тамақ ішуге, бүтін киім киуге қол жетті. 1939 жылдан Балқаштағы Рыбтресте 3 жыл жұмыс жасап,1942 жылы әскерге шақырылдым. Ташкент маңындағы Луначарский деген поселкедегі танк армиясының қарауына іліктім. Сол жылы Ашхабадтағы резервтегі 52 атқыштар полкінің 79 автобаталъонының бөлімшесінде атқыш-шофер (стрелок-шофер) болдым. Бес жылдан астам ерекше тапсырмамен Түркіменстан, Иран, Ирак, Ауғанстан жерлеріне әр түрлі заттар мен қару-жарақтарды Памир тауының қиын асулары арқылы асып, әкеліп, апарып жүрдік. Каспий теңізі арқылы Азияда екінші майдан ашпақшы ниеттегі Гитлердің жасырын операциясын жүзеге асырмақшы болған топты қолға түсіру үшін генерал-полковник Куропаткиннің бұйрығымен Кушка арқылы Тегеранға да барғанбыз (1полк әскер, біраз танк). Алдымен атты әскер жеңілді. Қару-жарақтары мен көптеген ат қолға түсті. Жау қолынан қалған тавейлерді 8 ай бойы Ашхабадқа тасыдық. Бірінші жолы 8-ден тиелген аттарды алып қайтамыз. Екінші барғанда кузовқа құм толтырып, үстіне мина тиейміз. Таулы жерден минаны алып қайту қиямет қайым еді…
1946 жылы қыста екінші демобилизацияға ілігіп, әскерден қайттым. Туған топырағыма оралу ескі жараның аузын ашатын болған соң, әскерге шақырылған жерім Балқашқа келдім. Өзіме таныс балық комбинатында 4 жыл, Қоңырат руднигінің азық-түлікпен жабдықтау бөлімінде 1 жыл жұмыс жасап, 1952 жылы Ақтоғайдағы МТС-ке орналастым. 1954 жылы «Тың игеруге» байланысты «Қуаныш» колхозының бастығы Ақыжан Сейсепов шақырып, көш-қоныма деп 800 сом ақша беріп, колхозға шоферлікке алды. Кейіннен мал дайындау мекемесі мен тұтыну қоғамында жұмыс істеп, 1974 жылы зейнеткерлікке шықтым. Жоғарыдағы басымнан өткен ауыр жайды бұрын ешкімге тіс жарып айтпаған едім. Өйткені, Кеңес үкіметінің қас жауы ретінде тағы да әуреге салар, балаларыма қырсығым тиер деп қорықтым. Егемендік алғаннан кейін мен сияқты қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккендерді үкімет ақтап жатқан соң, сырларымды, басымнан өткен ауыр жайды баяндай бастадым.
Мен сияқтыларға өкімет тарапынан қаншама жеңілдіктер жасалып жатқанмен, «аспаннан шұға жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегеннің кебі ме, 5 жыл Ұлы Отан соғысы кезінде ерекше тапсырмамен шет елдерден қару-жарақ тасып бейнет көрсем де, Ұлы Отан соғысының ардагері атана алмадым. Әлде пешенеме жазылған сыбағам солай ма, білмеймін. Кейінгі жылдары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарға берілетін жеңілдіктерден де құралақанмын. Өйткені, мен бір кездерде сталиндік қысымды басымнан өткеріп, азап шектім. Мен ғана емес, алдыңғы буын әулетіміз жойылып кетті. 58-баптың әлегінен, яғни, «Халық жауы» деген жаладан шошып,еріксіз күн көріп, жан сақтау үшін фамилиямды өзгерттім. Енді бұрынғы аты-жөніме, яғни, өзімнің әкемнің атына жазылайын десем, паспортты өзгерту айтып болмас әлекке айналатын түрі бар. Білетіндердің айтуынша, менің Қарамырзаұлы Мұрзаш баласы екенімді бекітетін куәлік керек екен. Мен қазір жасым 81-ге келгенде Шұбартау ауданының сол кездегі «Бидайық» аталатын жерге қалай бара алам? Заман ауқымының тәлкек күйіне кездесіп, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» босып кеткен мені білетін, әкемді білетін адамдарды қалай табамын? Менен үлкендер де, менімен тұстастарда әлдеқашан көз жұмып кетті. Айдалада қалғандай болсам да, «аққа құдай жақ» деген ғой. Бір кездері біздің басымызға түскен тауқымет жөнінде тарихи шындық жарияланып жатыр. Соның айғағындай болатын Т.Омарбеков пен Н.Асылбековтың шындықты жазған мақалалары бар ғой. Бір айта кететін Т.Омарбековтың дерегінде менің жасым 18-де, Тәуірбайдың жасы 26-да деп қате берілген. Шындығында мен 17-де, Тәуірбай 38-де болатын…»
Сәл ықшамдалып берілген осы баянның соңында қария мына жайларды сұраған болатын:
-
Өліп-мөліп кетсем, артымда қалған ұрпақтарым өзімді дүниеге әкелген әкемнің атын ататып жүру үшін және басыма қойылар құлпытаста Мұрзаш баласы Мұздыбай делінген жазу болуы үшін паспортымды айырбастаттырып, яғни, әкемнің атына келтіріп беруді.
-
Егер, аты-жөнім өзімнің табиғи-туысыма өзгертілсе, мені 1930 жылдары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ретінде ақтауды.
-
Президенттің жарлығына орай қуғын-сүргінге ұшырағандарға берілетін жеңілдіктерді алуыма қамқорлық жасау.
-
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жағдайында өткен 5 жылымды ескеріп, Ұлы Отан соғысының ардагері қатарына жатқызылуымды.
-
Егер осы талап-тілектерім орындалар болса, 1931 жылы біздерден тартып алынған мал-мүліктеріміздің құнын қайтаруға қозғау салсаңыздар екен.
Осы мазмұндағы хат 25.11.1995 жылы әуелі облыстық прокуратураға, кейін сала аудан әкіміне жолданған еді. Өтініштегі 5 талаптың екеуі ғана қанағаттандырылған. Қандай жолмен алғаны маған мәлімсіз, Мұздекең әйтеуір әкесінің есімін иеленген паспорт алыпты. Екіншісі, Қарағанды облыстық прокуратурасының 20.03.1998 жылғы №13/8454 санымен жолданған өзін ақтаған қағазы. Соңғы үш тілегі аяқсыз қалыпты.
Р.S. Тіршілігінде, әсіресе, жас шағында көрешегін көріп, өмірі өксікпен өткен қарияның тағдыры қандай ауыр, қандай аянышты?! Отызыншы жылдардағы қолдан жасалған апаттан бір әулеттің өзінен 30 шақты адам зардап шегіпті. 10-ы ұсталып, 9-ы атылған, түрме зардабын басынан өткерген. 20-дайы аштықтан көз жұмыпты. Көрер жарығы мен дәм-тұзы таусылмаған тек Мұздекең ғана ұрпақ қызығын көріпті. Қалғандарының қай жерде қалай көз жұмғандары, сүйектерінің қайда қалғаны белгісіз. Тәлкекті тағдыр тауқыметін басынан өткерген қария көп жылдар бойы іштей тынған. Тіпті, ішкі күйігін сыртқа шығарып, шерін тарқатуға да батылы жетпепті.
…Келтірілген қайғылы жай бір әулеттің басына ғана кезіккен ауыртпалық емес, бүкіл республика жұртшылығының үштен бірін жұтқан обыр-нәубет, Ұлы Апаттың басы ғана болатын. Бұның соңында ызғар шашқан 37-ші жыл, адам қанынан кішігірім көлшік пайда болатындай алапат қырғын әкелген Ұлы Отан соғысы бар еді.
Деректерді әзірлеген зейнеткер-ұстаз А.ТУҒАНБАЙ.