Шет

Түлектердің тартуы – туған жерге

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туың тік» айдарымен «Туған жер» бағдарламасын ұсынғаны баршаңызға мәлім. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында Шет ауданындағы Нілді (Өспен) ауылында үлкен сауапты іс атқарылды. Ауыл ауыл болғалы жөндеу көрмеген көпір жаңартылып, «Жастар» саябағы ашылды.

Халықтың «Туған жерге туың тік» сөзін осындай игілікті шаруаға айналдырғалы шалғайдағы ауылдар біршама жанданып келеді. Соның бір дәлелі – Нілдідегі мына көпір. Ауыл ортасын қақ жарып өтетін терең жыра бар. Соған тартылған бұл өткелден кісі өтуі мұң еді. Күндіздің өзінде үлкен кісілерді бір адам қолтықтап өткізбесе, арасындағы апандай-апандай үңгірлерге түсіп кетсе, мертігіп, жазым болардай-тын. Түнде тіптен қауіпті. Жасы келген кісі былай тұрсын, жастардың өзі еңбектеп жүріп зорға өтеді кеш қарая. Ескі өткелдің қай уақытта салынғаны белгісіз, содан бері жөндеу көрмеген болуы керек. Биыл аталған ауылдағы Сәкен орта мектебін бітіргендеріне жиырма жыл толған түлектер – ауыл тумалары қосылып, ескі өткелді алып тастап, орнына жаңа көпір тартып берді. Терең жыраның екі жақ шетіне мықтап берік орнатылған ұзын өткелдің көркіне көз тояды. Әрі бір жақ басына баған орнатып, жарығы мол шам тартылған. Осының бәрін қолға алып, жүзеге асырушылар – Сәкен орта мектебін 1999 жылы бітірген түлектерге ауыл тұрғындарынң алғысы шексіз.

Білуімізше, көпір салғанның сауабы да мол. Әрбір орнатылған көпірден қанша адам өтсе, оны салған адамға екі еселеп сауап жазылады. «Сондықтан, ауылының ертеңін ойлайтын мұндай жастары бар қонысымыздың болашағы жарқын екен» десіп, үлкендер жағы көпірдің ашылуында азаматтарға баталарын берді.

Аталған ауылда «Туған жер» бағдарламасы аясында атқарылған екінші бір маңызды шаруа – жаңадан ашылған «Жастар» саябағы. Саябақ осындағы Сәкен орта мектебін бітіргендеріне 30, 40 жыл толғандардың бірігіп тындырған істерінің нәтижесі. Тойғанынан қалғанын туған ауылына жұмсап жатқан түлектердің әрқайсы – елінің нағыз патриоты. Отбасынан артылғанын Отанының бос орнына кірпіш қылып қалағаны осы емес пе? Мектеп жанында бос тұрған қоршаулы алаңнан орын тепкен саябаққа шырша-қарағайлар отырғызылып, арнайы демалып отыратын орындықтар қойылған. Ортасында үлкен субұрқақ бар. Бір жақ шетінен орын тепкен сахна да саябақтың көркін кіргізіп тұр. Жарығы мол шамдармен қамтамасыз етілген әрі сәнді қоршалған бұл жер енді ауыл жастарының бір соқпай өтпейтін орнына айналары сөзсіз. Қорыта айтқанда, Бейімбет Майлиннің «гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» сөзі еске түседі. «Ат айналып қазығын табады» деген қазақтың сөзі ақиқатқа айналып, туған жерден шалғай қалаларда тұрып жатқан ауыл азаматтары елге қарайласып жатыр. Ұзағынан сүйіндірсін!

Гүлназ РЫМҚҰЛҚЫЗЫ,

Сәкен орта мектебінің тарих пәні мұғалімі. ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button