Тұсаукесер

«Тұлғаның» түндігі түрілді

Қарағанды қаласының тұрғындары үшін жағымды жаңалық. АБАЙ күні қарсаңында кеншілер шаһарында жастарға өнер мен білімді қатар үйрететін ақын, ұстаз Айнұр Жаппарқұлованың «ТҰЛҒА» орталығы ашылды. Облыс әкімінің грантын жеңіп алған жас кәсіпкерлер Олжас МИРОВ пен Өркен МИРОВ өнер және білім орталығын ашып, оны жоғары санатты, білікті әрі тәжірибелі ұстаз анасының атымен атаған.

Аймақтағы күрделі жағдайға байланысты, карантин талаптарын сақтай отырып, санаулы адам ғана қатысты кешке. «Жақсы ниет – жарым ырыс» демекші, орталықтың тұсаукесер кешінде ұлттық дәстүр ескеріліп, шашу шашылды. Ашылуға келген қонақтардың ұсыныс-пікірі жазылып алынды.

«Тұлға» орталығы екі түрлі қызмет ұсынады. Алғашқы 5-11 сыныптар оқушыларына арналған «Білімге бағыт» қызметіне карантиннен кейінгі білімді жетілдіру, ҰБТ, НЗМ және мамандандырылған мектеп интернаттарына дайындық дәрістері, қазақ тілі, математика, тарих және жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша қосымша сабақтар, тіл дамыту, ораторлық сөз өнеріне баулу кіреді.

Ал, келесі 6 жастан 60 жасқа дейінгі жастағы қала тұрғындарына арналған «Өнер өлкесі» қызметінің вокал, домбыра, фортепиано, гитара және актерлік шеберлік сабақтарын оқыту міндеті бар.

– Орталық 40 баланы 4 топқа бөліп оқытуға шақталған. Түрлі пәндерден қаладағы ең білікті деген 8 ұстаз таңдап алдық. Өнерге де тәжірибелі 2 ұстаз баулыйды. Олар жаңа технологияларды, түрлі әдіс-тәсілді пайдаланып, оқушылардың білімін тереңдетеді. Оқыту құны – 35-45 мың теңге аралығы. Бұл басқа орталықтарға қарағанда әлдеқайда арзан. Орталық техникалық-ақпараттық-базалық жақтан толық қамтылды. Қазірге 12 бала қабылдадық. Сағат 8:00-12:00 аралығында 5-7 сынып оқушылары келсе, түстен кейін 14:00-19:00 сағатта 8-11 сынып оқушылары дайындалады. Орталыққа келіп, карантинде төмендеп кеткен білім деңгейіңізді көтеруге шақырамын, – дейді Айнұр Жаппарқұлова.

Сонымен қатар, №61 орта мектептің биылғы түлегі болашақ физика математика мұғалімі ҰБТ-дан жоғары балл жинаған Әділсамат Абитаев, №76 Әлихан Бөкейхан атандағы орта мектептің түлектері, болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Тілеужан Қамыспаев пен Ұлжалғас Сарибаева кеңесші ретінде орталыққа алынған. Өйткені, олар ҰБТ-ға дайындалудың қыр-сырын біледі әрі оқушыларға үйретері көп.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button