Тұлға тағдырынан тағылым
Қаһарман тұлға, ұлт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімін Арқа елі ұлықтап келеді. Бұл сөзімізге жыл сайын үздіктерге табысталатын дәстүрлі Тәшенев атындағы жүлде дәлел. Жақында Қарағандыдағы «Достық» үйінде «Жұмабек Тәшенев: Тұлға. Тарих. Тағылым» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымды кеште Ж.Тәшеневтің 110 жылдығына арнайы шығарылған «Жұмабек Тәшенев» жинағының тұсауы кесілді. Жаңа жинаққа тұлға жайында естеліктер, мақалалар мен ой-толғамдар енген.
Ғылыми конференцияға еліміздің түпкір-түпкірінен келген ғалымдар мен қайраткерлер тұғырлы тұлға Тәшеневтің елі үшін жасаған ерлігі, жері үшін қабылдаған батыл шешімі жөнінде сөз қозғады. Конференцияға арнайы келген ұлы Саян Тәшеневтің әкесі жөніндегі жып-жылы естелігі тіпті, әсерлі.
Арқа жерінде Жұмабек Тәшеневке арналған танымдық іс-шаралар жыл сайын өтеді. Оның ішіндегі ауқымдысын Жұмабек Тәшенев атындағы жүлде дер едік. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының №54 мектебіне Жұмабек Ахметұлы есімінің берілуі де көңіл қуантады. Осындай игі іс-шаралардың өткізілуіне мұрындық болып, басы-қасында жүрген, әртарапты қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, оның ішінде руханият жанашыры Айтбай Жұмағұлға алғысымды білдіремін, – деп лебіз білдірген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей конференцияны ресми ашып берді.
Асылдың сынығы, тектінің тұяғы Саян Жұмабекұлы әкесінің өнегелі жолын әңгімелемес бұрын, ұлт батырының есімін ардақтап жатқан Арқа жұртына алғысын білдірді.
– Қарағанды – менің ата-бабамның туған жері. Әкемнің түптамыры осы жерден бастау алады. Сондықтан, бұл ел маған ыстық. Он бес жасымда әкемнен: «Мен неге бастықтың баласымын? Неге еркін, жұрт қатарлы керзі етікпен жүре алмаймын?» деп сұрадым. Сауалыма оның айтқан жауабы әлі күнге дейін менің есімде. «Егер сен өзгелерден өзгешеленгің келсе, тек ақылыңа жүгін, киіммен бөлектену ақылдының ісіне жатпайды» деген болатын. Міне, сол сөзі өмірлік қағидама айналды, – деген ұлының естелігінен әкеге деген сағыныштың лебі есті.
Алғаш болып баяндама жасаған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов қайраткер тұлғаның бес бірдей облысты аман алып қалғаны жөнінде әңгімеледі.
Конференцияға арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев та мінберге шығып, Тәшеневтің мәңгілік мұрасына айналғалы тұрған кітапқа құтты болсын айтты.
Қарағанды зерттеу университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова Жұмабек Тәшеневтің қоғамдық саяси қызметі жөнінде, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов Оңтүстік Қазақстан аудандары үшін күресі турасында баяндама жасады.
Тәшеневтанушы Ерекболат Қабылда, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, филология ғылымдарының докторы Саржан Такиров баяндамаларында Жұмабек Ахметұлының тұлғалық қырларын жан-жақты ашты. Тау тұлғаның саяси қызметін Алаш идеясымен сабақтастырды. Көркем әдебиеттегі Тәшеневтің бейнесі жөнінде де баяндама қорғалды.
Конференция соңын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық-драма театры Қазақстанның Халық әртісі, белгілі драматург Ерсайын Төлеубайдың «Алдаспан» драмасымен түйіндеді.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан