Бас тақырып

Тұлға шәкіртақысы иесін тапты

Дарындарды қолдау керек! Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің екі студентіне арнайы шә­кіртақы тағайындалды. Демеушісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, тұтас Түркі дүниесінің айтулы тұлғасы Дүйсен Қасейінов. Шәкіртақы күйші, композитор Сембек Айдосұлының атында.

Сурет автордан

Бұл шәкіртақы күйші, композитор Сембек Айдосұлының атында болғаннан соң, домбырашыларға тағайындалды. Шәкіртақы екі студентке берілетін болады. Колледж ұстаздары болашағынан үміт күттіретін студенттерді іріктеп алған екен. Аға буынның қолдауына Камила Сағымбекқызы мен Нұрмұхамед Жақанов лайық деп танылды. Шәкіртақының куәлігі өнер колледжінде салтанатты түрде табысталды. Шараға Дүйсен Қасейінов арнайы келді. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов та қатысты.

– Аға буынның үлкен миссиясы – соңынан ерген жас дарындарға қолдау көрсету. Күй – Ұлы Дала перзентінің қастерлейтін ұлы өнері. Сол өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін күйшілерге көңіл бөлуіміз тиіс. Шәкіртақы арқылы біз оларға жігер беретініміз сөзсіз. Өз өнерін шыңдасын, қалыптассын. Сосын, ұлттық музыканың шарықтауына талмай еңбек етсін. Біздің көксегеніміз – осы. Шәкіртақыға ие болған студенттерді колледж ұстаздары ұсынды. Ұстаздары ұсынса, тегін талапкерлер емес екені даусыз. Камила Сағымбекқызы мен Нұрмұхамед Жақановқа сенім артып отырмыз. Екі шәкірт келешекте күй өнерінің бір биігін бағындырып, соңынан із қалдырсын. Қазақ аспанында жұлдыздары жарқырасын! Қос құлыншаққа таудай талап пен бармақтай бақ тілейміз, – деді Дүйсен Қорабайұлы.

– Ұлттық өнерді ұлықтау, жаңғырту – әр өнерпаз үшін қасиетті борыш, – деп ағынан жарылған Нұрмұхамед Жақанов демеуші мен сенім білдірген ұстаздарына алғысын жеткізді.

– Осы білім ордасына келгеннен бері республикалық, аймақтық, қалалық күй байқауларына қатысып келемін. Ұстаздарымның әр сөзін санама тоқып жүрмін. Арманым – ұлттық өнерді жаңа белеске шығаратын өнерпаз болу. Артылған сенімді ақтауға барынша тырысамын. Дүйсен Қасейіновтің өзі қолдау көрсетіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік! Барша ұстаздарға да алғысым шексіз! – деді шәкіртақы иегері.

Куәліктер табысталғаннан кейін шәкіртақы иелері құрметті меймандарға күй шертіп берді. Колледж директоры Бауыржан Ермұханбетов Дүйсен Қасейіновке осы қолдауы үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button