Руханият

Тәкенді оқып, Жұмекенді жаттаймыз

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы жасалды. Сонымен қатар, биыл қандай авторлар дәріптелетіні таңдалды.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Кітап оқуды дәріптейтін ауқымды акция елімізде 2007 жылдан бері өтіп келеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығы ұйымдастырады.

Акцияның мақсаты айқын. Акция қазақ әдебиетін насихаттауды, кітап оқуға қызығушылықты арттыруды көздейді.

Қорытынды жиында былтырғы жыл түйінделді. Мәселен, акция аясында түрлі форматтағы мыңдаған кездесу, көрмелер, жаңа технология­лық ақпарат көздері арқылы виртуалды көрмелер, сайттар, челлендждер, байқаулар ұйымдастырылып, миллиондаған аудитория қамтылған.

2007 жылы Абай Құнанбайұлының қара сөздерін оқытып бастаған акция осы уақытқа дейін ең таңдаулы 51 классик ақын, жазушының шығармаларын насихаттапты. Мәселен, былтыр балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары оқылған еді.

Қорытынды жиынға онлайн форматта барлық облыстық кітапханалар қатысқан. Ұлттық Академия­лық кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы мен жазушы Асқар Алтай, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс секілді елімізге белгілі азаматтар – акцияның тұрақты комиссиясы.

Биыл Қазақстан оқырмандары проза жанры бойынша ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы Тәкен Әлімқұловты, ал, поэзияда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, классик ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін  Жұмекен Нәжімеденовті оқиды.

– Биылғы таңдалған екі автор да қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қабырғалы қаламгерлер. Тәкен Әлімқұлов проза жанрында ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен соңына мол мұра қалдырды.
Ал, Жұмекен Нәжімеденовтің еліміздің Әнұранының авторы екенін айтсақ та жеткілікті. Оның үстіне, Жұмекен поэзиясы тереңдіктің символы ретінде қазақтың жүрегінен баяғыда орын алып үлгерген. Одан бөлек, Т.Әлімқұлов Қасым Аманжоловтың досы болса, Жұмекен шығармашылығын Қарағанды шахтасында бастаған. Демек, екеуі де Қарағандыға бөтен емес, – дейді Гоголь атындағы әмбебап кітапхана қызметкері Еркебұлан Елеусізұлы.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button