«ТӘҢІРІНІҢ ШЕКСІЗ ШАПАҒАТЫ»
Қадіржан Ғинаятұлы Тейлянов 40 жылға тарта мемлекеттік қызметті абыройлы атқарып келеді. Жезқазған облыстық партия, аудандық комсомол комитетінде еңбек етті. Балқаш қаласының әкімі сынды лауазымды қызметтер атқарды. Бұл күнде Балқаш қалалық мәслихатының хатшысы.
– Тәуелсіздік қазақ еліне не берді, нендей мақсат, мүддені көздейді?
– Мен Ресейдегі Астрахан қаласында туып, өстім, сондағы балық шаруашылығы институтын бітірдім. Кеңестік одақта үш-ақ институт болатын балықшы мамандарын дайындайтын. Біреуі Владивостокта, екіншісі Калининград қаласында. Әлі күнге дейін әкеме шексіз рахметімді айтып отырамын. Институт бітірген соң жолдаманы Ресейдің бір қаласына берді. Әкем жоспарымды да, жолдамамды да бұзды. –Балам елге, Қазақстанға бар, ата-бабаңның жері, жатырқай қоймас,- деді. Сөйтіп, 1977 жылы Қазақстаннан бір-ақ шықтым. Сенесіз бе, комсомол билетінде аты-жөнім Сергей Константинович деп жазылған. Он жыл орыс мектебінде оқыдық, бес жыл институтта жүрдік. Бір ауыз қазақша білмеймін. Қазақ ағайындардың ортасына түскенде қатты ұялдым-ау, қысылдым, қазақ классиктері Абай, М.Әуезовтерді естіген де, білген де, оқыған да жоқпыз. Басқаны былай қойғанда ата-бабамның кім болғанын да білмейтін едім.
– Содан Балқаш қаласына ат басын тіредіңіз, бүгінде құшағын жая қарсы алған, ел-жұртқа риза шығарсыз?
– Әрине, мен үшін Балқаш қаласы, оның халқы қашан да ыстық, құрметті. Меніңше мына айнакөл Алланың нұр шапағаты төгілген рахаты, байлығы болып көрінеді. Жас маман болып келдік, ешкім кеудемізден итерген жоқ. Отбасын құрдым, үш балам бар. Аллаға шүкір, ендігі мақсат-мұратым, ұрпақтарымның өмір жолында мейірімді, кісілігі мол адамдар кездессе екен деймін. Бір кезде қаламыздың әкімі болған. В. Григоревский, В.Мазуренко, Қ.Ахметов, әріптесім В.Катков сияқты нар жігіттердің адамгершілігіне, кісілігіне құрметпен қараймын. Бұлар адам, маман тәрбиелеудің нағыз ұстаздары еді.
Иә, тәуелсіздік қазаққа, елімізге не берді? Қазақ атамыз бата бергенде елдің амандығын тілейді. -Татулық, ауызбіршілік болсын, – дейді. Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты бүгінгі сәулетті өмірімізге, тұрмысымызға жеткізіп отыр. «Тату үйге тақсырет жуымайды» деген. Жер бетіндегі кейбір мемлекеттер арасындағы кикілжіңді көріп те, естіп те отырмыз. Даму экономикасында дағдарыс болады, оны ақылға салып шешуге де болады. Ал, халықтар арасындағы алауыздықты біріктіру, тұтанған өрттей дүрдараздықты бір күнде қалай шешіп тастайсың. Сондықтан, ел арасындағы өзара түсіністік, келісім мемлекеттің дамуына бірден-бір дәнекер десем артық айтқандық емес.
Кезінде Астанада ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын балық шаруашылығы комитетінің төрағасы болдым. Мұнда да жақсы адамдар кездесті. Бірақ, қасиетті Балқашым мені үнемі өзіне тартып тұрды. Көктемгі наурыз мәслихатының сайлауында қалалық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Содан 13 депутаттың ішінен маған сенім артып, хатшылық қызметті атқарып келемін. Халық жақсылығыңды ұмытпайды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қаланың жетістігіне, дәулет, сәулетіне үлес қоса алғанымды мақтан етемін. Бәрі де көз алдымызда. Қала айтарлықтай өзгерді. Біз кешегі басшы қызметте болған Ж.Әбуғалиев, В. Мошковская, Т.Әмірсейітов, Т.Тоқтамысов, С. Бекенов сияқты қажырлы азаматтардың іс-қимылын одан ірі жалғастыра білдік деп ойлаймын. Қаланы көркейтуге үнемі көңіл бөлеміз. Білімді жастар біздің болашағымыз. Оқушылардың дем алу, сауықтыру орындарын көбейтуді ойластырудамыз. Ал, депутаттар болса өзіндік өмірлік белсенділігін қашан да шынайылыққа құрады. Заңдылықты қатаң қадағалап, оның орындалуына ұйытқы боламыз, сайлаушылардың аманатын орындау бұлжымас қағидамыз.
Ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Менің де ет-жүрегім елжірейді. Тәуелсіздік – Алла тағаланың, Тәңірінің қазаққа берген шексіз сыйы, нұр шапағаты. Дүние жүзі халықтарымен иық тірестіре отырып, жаңа ғасырды бастадық. Мың-мыңдаған жоспар, бағдарламамыз бар. Біз жүзеге асырып үлгермесек те, келешек ұрпақ сабақты инедей жалғастырады. Өзімізді таныдық, өзгеге де танылдық, ендігі арада қайсар, өжет, мінезді жастарымыз шын мәнісінде ата-бабалар аңсаған ұлы мұраттарды жалғастырады. Мәңгілік – ел қағидасының негізгі ой-ағысы осыған саяды. Тәуелсіздік тәтті сөз дейміз, бірақ, соған жету жолында қаншама күрделі күрес жүргізілді. Алаш арыстары, оқымыстыларымыз жапа шекті.
Тәңірінің сыйы мәңгілікке баянды болсын деп тілеймін. Тәуелсіздік – әрбір қазақтың жаны, қаны, айнымас мінезі деп ұғамын.
БАЛҚАШ қаласы.