Жаңалықтар

Түгін тартса, майы шыққан

Қор

Қарағанды облысы пайдалы кен қазбаларына бай, онда темір-марганец, барит-полиметалл, сирек металдар кенінің қоры бар. Мұнда еліміздегі марганец кенінің –100%, вольфрамның – 80%, молибденнің – 64%, қорғасынның – 54%, мырыштың – 39%, мыстың – 36%, көмірдің – 32% бар. Марганец қоры бойынша Қарағанды облысы әлемде 3-ші орында, ал, ТМД елдері бойынша 2-ші орында. Көмірдің геологиялық қоры 51 млрд. тонна шамасында бағаланады. Қордың үлкен үлесі 3 мың км² территорияны алып жатқан кокс көмірінің үлесінде. Қарағанды көмір бассейні ТМД елдерінің ішіндегі көмір бассейндерінің арасындағы ең көп газ тасымалдаушы бассейндердің қатарына жатады. Алтын жөнінен облыс республикада 5-орында тұр. Мыстың болжанған ресурстары шамамен 30 млн. тонна шамасында (Жезқазған, Қарағанды, Қарқаралы кен орындары), алтын – 600-1000 тонна, қорғасын – 21 млн. тонна, мырыш – 23 млн. тонна. Мұнда екі мұнай-газ бассейні – Оңтүстік-Торғай және Шу-Сарысу ойпаты бар.

Өсім

Облыс – ірі индустриалдық орталық.Экономикасының негізін қара және түсті металлургия, тау-кен өндірісі мен көмір өнеркәсібі және машина жасау құрайды. Сондай-ақ, өңдеу, азық-түлік өнеркәсіптері, электр энергиясын, газ бен суды өндіру және тарату және тағы да басқа кәсіпорындары бар. Өнеркәсіп өндірісі – облыс экономикасының негізі. Облыста өнеркәсіп өндірісінің республикалық көлемінің 14,5% жүргізіледі (100% – жалпақ прокат, 98% – дайын мыс, 90% – мыс рудасын өндіру, 85% – аффинирленген күміс, 30% – тас көмір). Аймақтық ішкі өнімінің 50% тау кен өндіру және қайта өңдеу өндірісінде. Облыстың базалық өнеркәсібінің – 90,4% өнеркәсіп өндірісіне тиесілі.

Облыстың сыртқа сауда айналымы өсуде. Экспорттың тауарлық құрылымында тау-кен өндірісі мен металлургия өнеркәсібі алдыңғы орында. Оның негізін мыс, қара металл және олардан жасалатын өнімдер құрайды. Республикадағы шойынның және қара метал дайын прокатының – 100%, болаттың – 75% өндіріледі.

Облыс өнімі әлемнің 70 еліне – Қытайға, Италияға, Ресейге, Иранға, Өзбекстанға, Ұлыбританияға, Корея Республикасына, Түркияға және тағы да жақын, алыс шетелдерге экспортқа шығарылады. Импорттық өнімдердің негізгі жеткізушілері – ТМД мемлекеттері. Бұл мемлекеттерге облыс импортының жыл сайынғы көлемінің 60% тиесілі. Өңдеу салалары – қара және түсті металлургия, машина құрылысы және металл өңдеу, химия, фармацевтикалық және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнімдерін өндіру.

Қазір

Өнеркәсіптік өндірістің көлемі 1366,4 млрд. теңге немесе 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек деңгейіне 105,2% құрады.

Индустриаландыру картасының шеңберінде 2016 жылы 950 астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 102,9 млрд. теңге сомасына 10 жоба іске асырылды (2015 жылы 19 млрд. теңге сомасына 10 жоба, 649 жаңа жұмыс орны құрылды).

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 214,7 млрд. теңгені құрап, оның ішінде 66,9% – меншікті қаражат, 20,8% – бюджеттік қаражат, 5,1% – банктердің кредиттері, 7,2% – басқа да қарыз қаражаты игерілді.

105,6 млрд. теңге сомасына құрылыс жұмыстары орындалды, баспананың 271,7 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілерінің саны 2016 жылдың 1 қазанға – 87984 бірлік.

Облыс бюджеті 2016 жылдың 1 қазанға жағдайы бойынша 243,9 млрд. теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен субвенциялар, несиелер және трансферттер – 48,8%. Әлеуметтік мәселелерді шешуге 160 млрд. теңге бағытталды (65,6%), олардан білім беруге – 83,5 млрд. теңге, денсаулық сақтауға – 49,4 млрд. теңге. Мемлекеттік бюджетке 172,2 млрд. теңге көлемінде кірістер түсті.

Дерек

Қарағанды аймағында 3 қара металдың, 29 түсті металдың, 2 қымбат металдың, 84 минералдың, сонымен қатар энергия тасымалдаушылардың мол қоры бар.

Алтын — 2,5%; күміс — 14%; мыс — 2,1%; қорғасын — 1%; мырыш — 14,7%; никель — 1,4%; кобальт — 3,5%; боксит — 1,2%; темір — 5,8%; хром рудасы — 35%; барит — 15%; фосфорит — 4,5%.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button