Құтқарушылар – құрмет құшағында
Бейсенбіде жауапты қызмет пен батылдықты ұран еткен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері «Құтқарушы күнін» атап өтті. Кәсіби мерекеде Отан алдындағы парызы мен антына адал қызметкерлер марапатталды. Осы уақытқа дейін қарағандылық құтқарушылар қызмет барысында жеделдігі мен табандылығын бірнеше рет дәлелдеді. Әрбір құтқарушының батыл шешімі мен жауапты қызметінің нәтижесі мыңдаған адамның өмірін ажал отынан арашалап қалған.
Құтқарушылар күніндегі салтанатты жиында қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген азаматтар ерлігі ескерілді. Құтқарушылар Абай облысындағы тілсіз жауды ауыздықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алды.
Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметтік міндеттерін адал атқарғандарға наградалар табыс етті.
– Біздің батылдық – өмірлерді құтқарумен байланысты. Азаматтық қорғаныс саласында осындай ұранмен көптеген адамдар еңбек етуде. Құтқарушы – бұл өмір сүру салты әрі жауапты қызмет. Ерлік жасауға, Отан үшін өзіңді құрбан етуге дайын болу, – дейді төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатымен марапатталған құтқарушы Александр Ковтун.
Мерекелік шарада «Мамандығым – құтқарушы» сурет және өлең оқу байқауының кішкентай жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны және жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін бірқатар қызметкерлер марапатталды. Қарағандыдағы №10 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Қанат Ешмағанбетовке, сондай-ақ департамент құрамындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Қанат Шәмшиевке мерзімінен бұрын азаматтық қорғау майоры атағы берілді.
Батық су қоймасында суға батқан адамды құтқарып, көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Еламан Одесханға «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды.
– Азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің жұмысы қауіп-қатерге толы. Қиындықтарға қарамай әрбір құтқарушы төтенше жағдайды жою жұмыстарына қатысуға әрқашан дайын. Құтқарушылар еңбегі қашанда жоғары бағалануы тиіс. Облыстың орман өртін сөндіру қызметі биыл 5 бірдей жаңа станциямен толықты, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановтың айтуынша, қазіргі таңда ТЖМ құтқару авиациясы мен әскери бөлімі әрқашан дайындықта. Өңір аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан елді қорғауды қамтамасыз етіп жүрген техника паркі соңғы жылдары айтарлықтай жаңарды. Халықты қорғау және төтенше жағдайларды жою үшін облыста шамамен 2000 адамнан тұратын 54 бөлімше бар. Құтқару бөлімшелерін жабдықтау жылдан жылға жақсаруда.
Жалпы елімізде төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет 1995 жылы 19 қазан күні құрылды. Кәсіби мереке 2008 жылдан атап өтілуде. Құтқарушылар қатарында өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, кинологтар, дәрігерлер және басқа да қызметкерлер бар.
Аяулым СОВЕТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz