Сырда туып, қырда түлеген қыран
2021 жылдың ақпан айы. Шатаспасам, 19-шы жұлдызы. Алматыдан қазақ жырының ардакүреңі Ғалым Жайлыбай ағам хабарласып, Ибрагим көкемнің қазасын естіртті. Есеңгіреп қалғанбыз. Ағаның аңғал болмысы, ақындық қуаты, азаматтық келбеті көз алдымнан зуылдап өтіп жатты. Дала көңілі, бала мінезі… Ашуланса, көгімізге жай ойнатып, жапырып жіберетін шатақ мінезі де бар еді ғой…
Өміріңде де, көңіліңде де орны бар, сырбаз сыйластықтың жібек жібі үзілмеген, қадіріңді біліп, бағаңды асырып отыратын жақсы аға туралы өткен шақпен әңгімелеп, сөйлемдерің «еді» болып аяқталып жатқаннан ауыр дүние жоқ екен. Кешегі сыйластық пен бүгінгі қимастық қанша нәзік болғанымен, жан дүниеңді жанартауға айналдырып, жүрегіңді паршалап жатса…
Ыбекеммен таныстығым студент шағымда басталған. Шимай-шатпағымызды арқалап, облыстық «Сарыарқа» газетінің табалдырығын имене аттаймыз. Қаламгер ағаларымыз темекісін будақтатып, әңгіме тиегін ағытып тұратын тұрақты мекені «курилкаға» барамыз баса-көктеп. Шеткері тұрған бір ағамыз қолымыздағы «шедеврімізге» көз жүгіртіп шығады да: «Ә, мына тұрған ағаңа жолығарсың… Осындағы поэзия патшалығы – осы кісі», – дейді. Босағада әлгі «поэзия патшалығының әміршісін» күтіп, сүт пісірім уақыт тағы тұрасың. Шығады. Аңқылдап. Бейне бір Арқаның мамырдағы самалындай жылы леп маңдайыңды өбеді де, соңына ілесіп береміз. Түпкі кабинетіне жеткенше самбырлап сөйлеп, бұрыннан таныс адамдай сабағымызды, тамағымызды сұрап, дымы қалмайды. Басқаға қайдам, өзіме қатты ұнады бұл кісі. Сонымен, «поэзия патшалығының сол кездегі әміршісі» белгілі ақын Ибрагим Бекмаханов екенін кабинет есігіндегі жазудан білгенбіз. Газеттің мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Содан кейін жиі барамыз. Бір барғанымда есіктегі жазу өзгеріп, «Бөлім меңгерушісі Ғазиз ЕШТАНАЕВ» деген тақтаға маңдайымызды соғып алдық. Сөйтсек, Ыбекем басқа бөлімге ауысып кетіпті. Газеттің жетекші бөлімдерінің бірі өнеркәсіп және құрылыс бөлімінің меңгерушісі. «Апыр-ай!», – дедім. «Жаны нәзік, жырға тұнған ақын жүрегі өнеркәсіпті өркендетіп, құрылысты қарыштата ала ма?», – деген ой ғой баяғы.
Ғазиз ағаның атына қанық болғанымызбен, алдына барып көрмеген соң, айналып келіп Ыбекеме ат басын тірейміз. Міне, осылай басталған таныстық кейін әріптестікке, аға-інілік сыйластыққа ұласты.
2002 жыл. Қалалық «Дидар» телеарнасында қызметтемін. Ибрагим Бекмаханұлының 50 жасқа толуына орай арнайы хабар әзірлеу маған жүктелді. Ыбекемнің үйі Жезқазғандағы 6-шы мөлтек ауданның шеткері жағында, Кеңгір су қоймасының жағалауында орналасқан. Күнде операторымды ертіп алып, түсірілімге барамын. Сценарий бойынша ақынның көл жағасындағы серуендеп жүрген сәттерін түсіріп, жағалауда өлең оқытуымыз керек болатын-ды. Үйінен дорба арқалай шыққан ағам біздің сценарийді ысырып қойып, өз сценарийі бойынша бізге серуен ұйымдастырады. Одан үйге келіп, Мәкеш жеңгемнің даладай дастарқанының төріне бүгін ғана есік ашып келген құдадай жайғасамыз. Не керек, хабар түсірілімі созылып жатыр. Бір күні Базарбай көкемнен «сыбағамды» алып, оңбай таяқ жедімау… Мың серуен, бір сергелдеңмен жасалған «Сыр мен Қырды тел емген» хабарым сәтті шықты, бірақ. Кейіпкерімнің аппақ пейілі, ағалық ниеті ол хабардың осал шығуына мүмкіндік бермеген еді.
Кейін қалалық болып қалған қарашаңырақ «Сарыарқа» газетінде жолымыз түйіскен. Ағам – азуын айға білеген жауапты хатшы. Тапсырма береді, талап қояды. Телеарнадан газетке енді ауысып, мақала жазуға төселе қоймаған кезім. 60-70 жолға сыйдыруға болатын шағын ақпаратты көлдей қылып жазамыз. Ыбекем «Өй, сәбәкі!» дейді де, жонып, күзеп тастайды. Алғашында өкпелеп жүретінмін. Кейін төселдік қой.
Анда-санда той қуалап, серілік құрып кететін кезіміз. Ертесіне «ине жұтқан иттей бұратылып» келеміз ғой жұмысқа. Ақша редакцияда касса мен Ыбекемде ғана болады. касса меңгерушісі Бақыт Еркебұланова апайдағы «лимитімізді» бітіріп қойғанбыз. Майдалап мақтап, Ыбекеме жақындаймыз. Жалғыз емессің, әрине. Тобымызбен «науқастанып» қалатын әдетіміз бар-ды. Үлкеніміз Ахаңды (Ахат Құрмансейітов) алға саламыз. Жабыла мақтаймыз. Бала мінезді еді ғой, жарықтық. Бір уақытта төс қалтасына қол салып, іліккенін лақтырады. Қайран, Ыбекем-ай… Сүлдері күйге түсіп, сүмірейіп тұрған «батырларын» әп-сәтте жарқыратып жіберуші еді ғой…
Араға жылдар салып, екеуміз «Орталық Қазақстанда» қайта қауыштық. Ибрагим ағаның «Орталыққа» келуінің өзі – бір тарих. 1997 жылы Жезқазған облысы таратылып, Қарағандыға қосылады да, Ыбекем облыстық газеттің Жезқазған өңіріндегі меншікті тілшісі болып бекиді. Көп ұзамай, редактор ауысып, қарашаңырақтың екі тізгін, бір шылбыры марқұм Мағауия Сембай көкемнің қолына өтеді. Мағаш аға «Егеменнен» келген. Редактор болып тағайындалған күні өзінің бұрынғы бастығы, «Егеменнің» сол кездегі бас редакторы, Уәлихан Қалижан Мағауия Сланбекұлына сәттілік тілеп, бұйымтай айтады. Аманат десе де болғандай. «Егеменнің» бұрынғы Жезқазған облысындағы тілшісі қысқарып қалды ғой. Сол жігітті өз газетіңе Жезқазған бойынша меншікті тілші қылып алсаң…», – дейді. Кісі көңілін қалдырып көрмеген Мағаш аға бірден Ыбекеңді шақыртып, мәселенің мән-жайын қысқа қайырады да, орынды босатуын өтінеді. «Неге?» деген сұрақты қоймастан, Ыбекем де өтініш жазыпты. Өзінен жасы сәл үлкендеу жігіт ағасының мәрттігіне разы болған Мағаш аға да: «Түбі қайтып аламын. «Орталыққа» ораласың. Рахмет!» деп, уәдемен шығарып салған. Содан араға 13 жыл салып, отбасы жағдайымен Қарағанды қаласына қоныс аударған Ибрагим аға салып-ұрып «Орталыққа» келмей ме?! Мағаш аға да 13 жыл бұрынғы мәрттікке мәрттікпен жауап беріп, Ибрагим Бекмаханұлын газеттің экономика бөліміне меңгерушілікке тағайындап жібереді. Екеуінің арасындағы сыйластыққа сүйсініп жүретінбіз. Екеуінде де даладай дархандық, баладай аңғалдық бар еді ғой. Қайран, өмір! Екеуі де естелікке айналды. Екеуі де кетті жетпіске жетпегендердің қатарын толықтырып…
«Орталық Қазақстанның» 80 жылдық, 85 жылдық екі мерейтойы Ибрагим ағамның арқасында дүркіреп өтті. Екі мерейтойда да «Қазақмыс» корпорациясында лауазымды қызмет атқарып жүрген Мәкеш жеңгеміздің ықпалымен ірі компания газетке қомақты көлемде демеушілік жасап, қаншама мерейтойлық шаралардың жүгі жеңілдеп еді.
Биыл – 90 жылдығымыз. Мағаш ағам да, Ибрагим көкем де қатыспайды бұл тойға. Газеттің тойы тұрмақ, өзінің 70 жасын Жезқазғаны еске алу кеші деңгейінде атап өткелі жатыр.
Иә, Ибрагим аға – Сырда туып, Қырда түлеген қыран! Сыр мен Қырды тел емген Телқоңыры еді… Сағынып жүрміз! Аға рухы Алланың шексіз рақымына бөленсін!
Ерсін МҰСАБЕК.