СЫР ЕЛІНДЕГІ САЛТАНАТ
«Қаздауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым» атты Халықаралық автокеруеннің төртінші күнінде Ұлы Даланың Ұлытауынан шығып, Алаштың анасы – Сыр елін бетке алдық. Жезқазған қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері сапарымызға сәттілік тілеп, шығарып салған. Обалы нешік, жолдың шалғайлығын һәм ауырлығын ескертті. Бойларын рух билеген тізгінші жігіттеріміз тіксінер емес. Сайдың тасындай іріктелген жігіттер екен, тескентау асамын десең де, тайсалып тұрған жоқ. Ас-суымызды мол қамдап, Қазыбек баба аруағына сыйынып, атқа қондық.
…ХVIII ғасырда Қаратау-Сырдың бойынан Арқаға көш құлатып, ормандай Орта жүзді Ұлытауға қондырып, Қарқаралыға бастап келген Қазыбек бабаның көшіндей көсіле қозғалдық. Бірақ, біз қарсы бағытқа – Ұлытаудан Сырға аттандық. Қалай десеңіз де, Бабаның жолы. Сүліктей қара жеті «Джип» жер танабын қуырып, даланы дүбірге бөлеп келеді.
Төрт күн деген де біршама уақыт екен. Бір-бірімізге бауыр басып, бір үйдің баласындай жымдасып алғанбыз. Әзіліміз де – жарасымды. Аялдаған жерде ортамыздағы «сары қазақ», белгілі блогер, керуеннің фотографы Максим Рожинді сөйлетіп аламыз. Қазақтың тілін өзімізге үйрететіндей. Мақалдап сөйлеп, мақамдап тербегенде, сөз ұстаған біздің өзіміз жаңылуға шақ қаламыз.
– Мен қайын жұртыма бара жатырмын. Жеңгелерің – Қаратау бөктеріндегі Құлидың қызы,а – деп қояды. Қазақстанды Отаным деп, қазақтың тілін ана тіліндей құрметтеп жүрген азаматтан айналып кетпейсің бе?! Айтпақшы, осы Максим еді ғой, керуен мүшелеріне арнайы тігілген киім үлестіріп жатып, размерін сұраған ұйымдастырушыларға: «Менің размерімді тек қана жеңгелерің біледі» деп риза қылған. Сол Максим бізді күлкіге қарық етіп, фотоаппаратын жарқ еткізіп келе жатыр.
…Көкжиек көзді арбайды. Ұшы-қиыры жоқ. Осындай көз талдырар көкжиектен Қызылорданы тауып беріңізші. Әзір жетпейтінімізді өзіміз де біліп келеміз. Десек те, жүрегімізде Сыр-Анамызға деген аңсар бар. Көңілімізде толқу бар. Екпіндеп-ақ келеміз. Бетбақтың құмына да іліктік. Шағыл құм. Аракідік кездесетін шоқ сексеуіл осындайда ну ормандай әсер етеді емес пе?! Ұшқан құстың өзі сирек кездесетін сары жон, сары адыр, сары белдердің өзіне мәлім сыры бар. Ол біз үшін Қазыбек бабаның кіндік қаны тамған қасиетті Сыр өңіріне деген сағыныштай салмақталып, аңсардай ардақталады.
Көкжиектің шеті көрінбегенмен, асфальттың шеті көрінді. Грейдермен селкілдедік. Қасиетті Арқа мен Сыр өңірін жалғап тұрған жалқы соқпақ осы болған соң, көңіліміз көндігіп кеткен. Оның сыртында, Қазыбек бабаның ізі бар бұл жолда. Бабамыз ұлы көшті атпен жүріп өтті ғой. Оның қасында біз «Джиппен» жөңкілтіп келеміз. Қаздауысты бабаның ізі болып қалған қасиет бар жолды жаман деуге болмайды. Біз мінген өңкей қара тұлпардың соңынан шұбатылған шаңның өзінде қасиет бар. Көкке қасиет болып көтеріліп, қайтадан қасиет болып қонып жатыр.
Жеттік Ақмешітке. Қызылорда халқы Орталық саябақта қарсы алып, тарихи керуеннің келу құрметіне мерекелік концерт ұсынды. Біздің де өнерпаз қыз-жігіттер ән мен күйден Сыр бойындағы туысқандарға сыбаға үлестірді. Ауылдың алты ауызы мен біздің қонақ кәдеміз алмасып, Сыр бойындағы салтанат ымырт үйірілгенше созылды.
Бесінші күніміз де берекелі басталды. Бұл күні делегация өкілдерін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдады. Керуенбасы, облыстың жастар жетекшісі Мирас Құттыбай, мәдениет майталманы Раушан Жылтыбаева, бекзада болмысты меценат Бекзат Алтынбеков және мен бармын әкім қабылдауына кірген топта.
Облыс әкімінің елдік мұраттағы еңселі істерін Қызылорданың бүгінгі ажарынан, Сырдың сол жағалауында қарқын алған құрылыс барысынан аңғарғанбыз. Ол аз десеңіз, көшелі ісімен көш бастап жүрген әкімдердің арасында Көшербаевтың есімі алғашқылардың бірі ретінде аталып жүр ғой.
– Қарағанды облысын басқарып отырған Ерлан Жақанұлына ерекше риза болып отырмын. Қазыбек бабаның жүрген жолымен керуен ұйымдастырып, оған халықаралық мәртебе беру оңай іс емес. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау, оның тарихи маңызын ел арасында терең түсіндірудің дәл осындай формасы бұрын-соңды болған емес. Сондықтан да, Сіздердің бұл сапарларыңыз – ел өміріндегі елеулі оқиға, тарихи сапар. Көршілес екі облыстың рухани ынтымақтастығын нығайтуда қарағандылықтардың бұл жобасында әзірге балама жоқ, – деп сөз сабақтаған Қырымбек Елеуұлы біздерге облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндауды да ұмытпады. Іргесі құтты көрші болғандықтан да, екі облыстың ортақ проблемалары, бірлесіп атқарар ауқымды істердің жоспар-жобасы емен-жарқын әңгіменің өзегіне айналды.
Ортақ проблемалардың бірі һәм бірегейі – әлгінде біз айтып кеткен Жезқазған мен Қызылорда арсындағы күре жол. Бұл мәселе Кеңес дәуірінен бері шешімін таппай келе жатқанын Сіз бен біз жақсы білеміз. Қарағанды, Қызылорда облыстарының әкімдері бұл түйткілдің түйінін тарқатуға құлшына кірісіп, негізгі алғышарттары шешіліп те жатқанын Қырымбек Елеуұлының аузынан естідік. Бұл жолдың екі облыс экономикасы үшін өте маңызды екендігін тілге тиек еткен Қызылорда әкімі:
– Қызылорданың Қарағандыға Құмкөл мұнай құбыры үшін қарызы да бар. Біз бұл жердің жалға алу мерзімін тағы ұзартуға келісім жасадық. Біздердің іскерлік келісіміздің игілігін халық көретін болады, – деді.
Екіжақты ымыра мен әріптестер ынтымағының ел ырзығын еселейтін еңселі жобаларға серпін беретініне нық сенім білдіріп біз шықтық. Қарағандылық делегация өкілдері атынан Мирас Құттыбай Қызылорда облысының әкіміне жылы қабылдауы мен ашық әңгімесі үшін алғысын білдірді.
Керуен мүшелері облыстық өлкетану мұражайына саяхат жасап, түстен кейін облыстық белсенді жастарымен кездесті. Қорқыт ата атындағы университеттің студенттер сарайында өткен кездесу тізгінін Қызылорда облысы жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Еркебұлан Меңлібаев ұстады. Елбасының Қазақстан жастарына деген шексіз қамқорлығы туралы ой қозғап, рухани жаңғыру мақсаттарында жастардың ықпалы зор болуы керек деген мазмұнда өрбіген әңгіме екі облыстың жастар саясаты жөніндегі басқармалары арасында ынтымақтастық меморандумға қол қою рәсімімен түйінделді. Меморандум аясында екі облыс жастарының ынтымағы артып, ырысы еселенетініне сенім білдірілді. Әсіресе, жезқазғандық меценат Бекзат Қомарұлы тікелей өз қаржысына Ұлытау жастарының Сыр өңіріне, Сыр елі жастарының Ұлытауға саяхатын ұйымдастыруға уәде берген сәтіндегі жастар серпілісін көрсеңіз… Қазақстанның қасиетті жерлерін аралау, зерттеп-зерделеу арқылы жастарды отансүйгіштікке баулу деген секілді өзекті проблемаларды күн тәртібінен ығыстыруға болатыны бесенеден белгілі. Осындай ордалы ой, баянды бастаманы қазық еткен жүздесуде «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды обылсындағы меншікті тілшісі, ақын Мирас Асан Қазыбек бабасына арнаған өлеңін оқып, залдағыларды бір сілкіндіріп тастады.
Түстен кейін тұтас түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласына сапарға шықтық. Жолшыбай ежелгі Сығанақ қаласының орнына барып, қойнауына сыр бүккен Сыр өңірі халқымен қимай қоштасты.
Рухани жаңғыру идеясының бар жауапкершілігі – ел жастарының қолында. Сондықтан да, Елбасының жаңғырудың үшінші кезеңіне жүктеген міндеттері мен байсалды бастамалары құр жаңғырық болып қалмауы тиіс. Көк күмбезді Түркістан қаласына келгенше тұңғиық ойдан бір елі ажырай алмадым. Алдымызда – ұлы мақсаттар мен орасан игіліктер тұрғанына көзім жетті. Игіліктерге жету үшін мақсаттарды бағындыру керек! Ол үшін ұраншылдықтан арылу шарт. Сыр елінде салтанат құрған керуен сапары ұраншылдыққа мүлде ұқсамайды! Бабалар ізінде – жауапкершілік те, бақыт та бар… Ұлттық сананы жаңғыртуға сөз басында әңгіме еткен Максимнің жігеріндей жігер керек!
Ерсін МҰСАБЕК
Суреттерді түсірген М.РОЖИН.