Жаңалықтар

Сыдықтың сазын ұмытуға бола ма?..

(Соңы. Басы №92, 93 сандарында)

– Осы 1977 жылдың тақырыптық жоспарына енгізіңіздер. Кімді сызамыз дейді, мен қайдан білейін кімді сызатындарыңызды!? Ол сіздің проблемаңыз! Сматаевтың 20 баспа табақ романы биыл шығатын болсын, – деп бір-ақ кесті. Плотниковтың сегіз жылдан бергі әуре-сарсаңымды бір ғана телефон қоңырауымен шешкеніне разы болдым. Шыңғыс Айтматовтың алғысөзін, журналдың екі санына жарияланған романды алдына жайып көрсеттім. Осы шығарманы оқыған халықтан қаншама қолдау хат келгенін айттым. Оның өзіне бес жылдан асып кеткен. Плотников басын шайқады. Алғысымды айтып, кетіп бара жатқанымда тоқтатып, бір ақылын айтты. «Сізді үш мәселеден қысуы мүмкін, – деді ол. – Біріншіден, 20 баспа табақ емес, 17-18 баспа табақ береміз деуі мүмкін. Сіз оған келіспеңіз. Екіншіден, сізге жаппай тираж бермеуі мүмкін, оған да келіспеңіз. Үшіншіден, сізге қаламақы ставкасын дұрыс қоймауы мүмкін. Осы үшеуінің біреуі алдыңыздан шықса, тура осы бүгінгідей менің өзіме келіңіз».

Не деген жақсы адам, ә! Кабинеттен шықсам, әлгінде Плотников жұмыстан қуған адам сүмірейіп есіктің алдында тұр. Менен кешірім сұрап, ана кісіге кіріп айтыңызшы дейді, баяғы. «Ей, жоқ, – дедім. – Мен қатардағы автормын. Бес жыл бір ауыз жауап бермеген сізді не деп қорғаймын?!».

Содан ертеңіне жұмысқа келсем, есіктің алдында «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев тұр. Кеңселеріміз Жазушылар одағының ғимаратында ғой. Бұрын кісі құрлы көрмейтін директорыңыз алдымнан шығып: «Әй, Софыжан, қалың қалай? Аман-есенсің бе?», – деп ілтифатпен амандасты. «Жүрші, екеу­міз сөйлесейік», – деп кабинетіне алып келді. Араға сәл үнсіздік салып барып, «Софыжан, биылғы жылдың тізімінен ешкімді шығарудың ыңғайын таппай отырмын. Біреуді шығарып, орнына сені кіргізгеннің өзінде кітабың бәрібір қараша, желтоқсан айларында бірақ шығады. Әлі қолжазбаңды оқу керек, әйту керек, бүйту керек. Дайындап, суретшіге беру керек. Уақыт бітіп қалды, білесің ғой. Сен келесі жылға ілігесің, 1978 жылдың тақырыптық жоспарына кіргізіп отырмын, 20 баспа табақ. Қаңтар айында, ары кетсе ақпанда шығарып берем. Екі-үш айға бола жоспарды бұздырып, біреудің обалына қаласың ба? Кімді шығарып тас­таймын қазір? Осыған келісесің бе?», – деді. Өзімнің де ойым бұзылды. Ар жағында екінші кітабым дайын тұр, оның да қолжазбасын өткізіп қойғам. Біреумен ұрысқанда, соғысқанда, не табам? Ақыры келісіп, қол алыстық. Кітабым 1978 жылдың басында шығатын болды. Ал енді бір күні тақырыптық жоспарды қарасам, менің кітабымды 20 баспа табақ емес, 18 баспа табақ деп көрсетіпті. Плотниковтың айтқаны айдай келді. Жұмабаевқа кіріп, бұл қалай десем, «Әй, менің баспа директоры ретінде екі баспа табақ қосуға правом бар. Қосамын, ол үшін қам жеме», – деді. Сеніп қалдым.

Енді бір күні қаламақы ставкасын қойды. Менің гонорарымды ең төменгіден сәл жоғары етіп қойыпты. Себебін сұрағанымда Әбілмәжін тағы да түрлі сылтау айтып, екі жылдан кейін екінші кітабымды шығарып беремін деп дәмелендіріп шығарып салды. Бұнымен ұстасқанда не табам, өзі жалғыз баспа. Енді бір күні келсем, баспа табақтың жаппай тиражы отыз мың дана, яғни маған төрт есе төленуі керек. Басылып шыққан кітаптар екі айға жетпей өтіп кетті. Тағы кірдім директорға. «Әбеке, төрт есе төленуі керек емес пе, бұл қалай?», – деймін ғой. «Әй, біз саған екі есе қойдық қой, неге жылай бересің?», – дейді. Бұған бірдеңе айтып ұқтыра алмасымды сездім де, қолымды бірақ сілтедім.

– Сонда екі есеңіз қанша сол кездегі ақшамен?

– Екі есе дегені жиырма бес мың сом. Ал егер төрт есе болса, 100 мың сом алуым керек. Маған ондай ақша төлеген жоқ. Мен әлгі Плотниковке бармасам, кітап та, ешқандай қаламақы да болмас еді.

– Сыдық ағамыз ел жайында, өзіне өнер қайдан қонғанын айтып отырушы ма еді?

– Айтып отыратын. Сыдықтың анасы Ақборық шешеміз Қаракесек Кәрсөннің ішіндегі Баймұраттан тарайды. Байдың қызы екен. Әкесі Үсен қажылыққа барған кісі. Мұхамеджанның әкесі Оспан да қажы болған. Ол кісі ел ішінде белгілі әнші, өнерлі адам болған дейтін. Ақборық әуелде Мұхамеджанның жеңгесі болған. Ағасы ерте қайтыс болып, Мұхамеджан Ақборыққа әмеңгерлік жолымен қосылған. Ағасынан Дана деген қыз бен бір ұл болған. Ол ұлды ертеректе Балқашта машина қағып, қайтыс болыпты. Ал Мұхамеджан мен Ақборықтың некесінен Сыдық пен Дәулетхан өмірге келген.

Мұхамеджан ақсақал домбыраны жақсы шертетін. Әнді де айтатын. Біздің Арқаны білесің, небір сұлу ән мен ғажап күйдің ордасы ғой. Сыдық соны көріп, сондай ортада жүрген, Арқаның әні мен күйін бойына сіңіріп өскен адам. Жамбыл, Меркі, Жетісу топырағында болып, сол өңірлер мен Арқа саздарынан синтез жасай алған ғажайып музыкант. Бірақ шығармаларының басым көпшілігінде Арқа әуендері сезіліп тұрады. Тәңірберлі Молдабайдың әнін жиі айтушы еді. Нұрғиса Арқаның шертпе күйлері мен Батыстың төкпе күйлерінің арасында синтез тудырса, Сыдық Арқа мен Жетісу әндерінің арасынан ерекше туындылар шығарды.

– Сыдық ағаның шығармашылығы өз уақытында бағасын алды ма?

– Ол кісінің шығармашылығы кезінде жақсы бағаланып еді. Әлбетте, оған оның сол кездегі қызметі мен абырой-беделі де ықпал етпей қойған жоқ. Ол кісі консерваторияда оқып жүрген кезінің өзінде Қазақ радиосының музыкалық редакторы, көркемдік жетекшісі, кейін Қазақстан Композиторлар одағының басқарма төрағасы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры әрі көркемдік жетекшісі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры болды. Сондықтан ол кезде Сыдық Мұхамеджанов шығармалары лайықты бағасын алды, қазақтың беделді, маңдайалды композиторы ретінде белгілі болды. Шынында да, ол қазақтан концертино, үлкен оратория («Ғасырлар үні»), симфония («Шаттық Отаны»), тарихи («Жұмбақ қыз») және комедиялық («Беу, қыздар-ай!») жанрда опера жазған тұңғыш композитор еді. «Ғасырлар үні» ораториясы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Оған жететін оратория қазақта оған дейін де, одан кейін де болған жоқ.

– Сыдық ағаны жастайыңыздан арқа тұтқаныңызды әңгімеңізден аңдап отырмын. Ал ол кісінің өзіне шапағаты тиген тұлғалар болды ма?

– Сыдық ағам Мұқан Төлебаевтың қамқорлығын көп көрді. Төсек тартып ауырып жатқан кезінде де басқа ешкімге сенбей, орнына Сыдықты қалдырды. Талант талантты таниды ғой.

– Сыдық аға Абайдың бірнеше өле­ңіне ән жазғаны белгілі.

– Ол алғашқыда Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңіне музыка жазып, ән қылған. Ол әнді 1940 жылдардың аяғында Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқып жүрген кезінде жазыпты. Осы әнімен-ақ бір-ақ күнде жарқ етіп қазақ музыкасының көгіне шырқады. Сол кездерде жарияланған ән байқауында «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» ән-романсы топ жарып, Жамбыл атындағы бірінші сыйлықты жеңіп алған. Жалпы, Сыдық Мұхамеджанов дегенде осы ән-романс, «Ғасыр­лар үні» ораториясы, «Шаттық Отаны» күй-симфониясы, «Жұмбақ қыз» операсы ойға оралады. Кеңес дәуірінде барлық мерекелік кештер мен концерттер «Шаттық Отанымен» басталып, сол шығармамен аяқталатын. Ал барлық туындыларын тізе берсек, ол кісінің жеке дауыс пен күйге шығарған, түрлі аспаптарға арналған туындылары қаншама! Солардың бәрі де мықты. «Дауыл», «Көне Түркістанда» симфониялары қандай! Заманында Ленинге арнаған «Дауыл» симфониясы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

– Осындай әйгілі, дарынды композитордың аты мен шығармалары қазіргі уақытта неліктен айтылмай кетті?..

– Шыны керек, соңында қалдырған музыкалық мұрасын зерттеуші, іздеуші мамандар жоқ. Тіпті, Алматыдағы бұрынғы Софья Ковалевская көшесіне Сыдық Мұхамеджановтың аты берілейін деп тұрғанда шешім аяқ астынан өзгертіліп, басқа композитордың аты берілді. Қала әкімі В.Храпуновқа барсам, ол: «Менің қолымнан не келеді?», – деп шарасыз кейіп танытты. Жоғарғы жақта жүзге, руға жік-жік болып бөлініп, бірін-бірі аяқтан тарту қазір де бар.

– Сыдық ағамыз Алматыға кезінде Меркі жағынан келіп, сырт көзге ұлы жүзденмін деп жүрген деседі…

– Шынында да ол кісіні өз замандастары бастапқыда Жамбыл облысының тумасы, яғни ұлы жүзден деп ойлаған. Кейін Арғын екені белгілі болғанда қызметінен қудаланып, жұмыссыз да қалды ғой. Филармониядан кейін ешқандай жұмысы жоқ, үйде отырып қалды. Барлық шығармашылық еңбегін сол қырық бес жасына дейін жүзеге асырған адам.

– Композитордың жарыққа шық­қан-шықпаған музыкалық мұрасы мол ғой. Олардың ендігі тағдыры қалай болмақ?

– Оны мен білмеймін. Мұрасына қатысты нәрсенің бәрін үлкен қызы Ләйлә біледі. Сыдық ағамның балалары жиі хабарласып тұрады. Көмек сұрап жатса, қолымнан келгенше жәрдемдесемін. Ағамыз­дың архивіне, қолжазбаларына қатысты дүниелерді бір білсе сол Ләйлә ғана біледі, басқа балаларының хабары жоқ.

– Кезінде композитордың аты да, қызметі де дүркіреп тұрды дедіңіз. Сол кезде отбасылық жағдайы, тұрмысы қалай еді?

– Сыдық ағам дүние жиып, дәулетті көріну дегенге жоқ адам еді. Материалдық тұрғыдан дүниеден өтерінен бірнеше жыл бұрын ғана тарыққаны байқалды. Қайта құру деген шығып, Кеңестер Одағының шаңырағы шайқалған өліара шақ басталғанда қиналып қалды. Әйтпесе, бұрын табысы, гонорары жақсы болатын. Ел құсап ақша жинау, ертеңін ойлау дегенді білмеді. Ондай адамға небір қулар да үйірсек қой. Тапқан-таянғанын шашып, ұрлатып, жоғалтып жүретін, жарықтық. Үйінде мүлік атаулыдан сонау 1960 жылдардағы ескі кереует пен орындықтар тұратын. Жеңгеміз де қонақжай, қолы ашық адам болғанымен, дүние-мүлікке қызықпайтын жан еді. Әйтеуір дастарханның молдығын ғана құнттайтын.

Сыдық ағам жаратылысынан тұйық кісі болды деп айттым ғой. Өмірінің соңғы жылында ешкімге есік ашуды да қойды. Мен баратын болсам, алдын ала қоңырау шалып, қай уақытта келетінімді айтып ескертемін.

– Бұл кісі қазақтың классик жазу­шысы Ғабит Мүсіреповпен жақсы сыйласқан деседі…

– Иә, ол рас. Сыдық ағам Ғабеңе еліктейтін. Ол кісінің жүріс-тұрысын, қимыл-әрекеттерін, сөйлеу мәнерін салғанда ел таң-тамаша қалып, еріксіз күлетін. Сыдықтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсының либреттосын Ғабит Мүсірепов жазды. Оған менің де қатысым бар, либреттоның екі-үш беттік ариясын мен жаздым. Ғабеңнің ақындығы жоқ қой. Ғабең бильярдқа құмар, арабша біледі. Бильярдқа барса, Сыдықты жанынан тастамайды, екеуі көрші тұрды. Содан бірде мынадай оқиға болды. Дүниеге қызым келіп әрі сол күні қаламақы алғам. Қуанышымды ақындар Қуандық Шаңғытбаев, Бекен Әбдіразақов үшеуіміз атап өтіп, біраз қызып алғанбыз. Қуандық аға Сыдықтың бірнеше әнінің өлеңін жазған. Бірақ дәл сол кез екеуінің әлденеге араздасып, араласпай жүрген шағы еді. Сол жағдай есіне түскен Қуандық ақын маған: «Әй, сен бүгін мені ағаңмен татуластыр», – деп қолқа салды. Мен қарсы болғам жоқ, жолдан бір жарты мен бір коньяк алдық та, салып ұрып Сыдық ағамның үйіне бардық. Үйде жеңгей ғана екен. «Ойбуй, ағаң анау Жазушылар одағында, Ғабеңдермен бильярд ойнап жатыр», – деді ол кісі. Сонда барамыз дедік. Жеңгем қойнымыздағы коньякты көріп: «Ғабең коньяк ішпейді ғой, ол кісіге шампан дұрыс», – деп, үйден бір шампан алып шығып берді. Бильярд үстелі Жазушылар одағы ғимаратының үшінші қабатында. Ғабең де, Сыдық та осында екен. Бойда дүмпу бар, ағамның тұрғанына қарамастан бірден Ғабеңе барып: «Ғабе, менде екі ұлдан кейін бір қыз туды. Как по заказу. Соған ат қойып беріңіз», – дедім. Алып келген шампанды шығарып, үстелге қойдым. Ғабең сол жердегі маркёрге бұрылып: «Әй, мынаны аш», – деді. Шампан ашылып, екі стаканға құйылды. Содан кейін Ғабең отырып: «Жанар, Жанар, Жанар», – деп үш рет қайталады. «Ұнай ма?», – деп сұрап қояды менен. «Ойбай, Ғабе, ұнамағанда, – деймін қуанып. – Әрине ұнайды!». «Аман болсын, жақсы болсын, бақытты болсын!», – деді де шампаннан ішті. Сыдық ағам стаканға қолын да созбады. Ғабең оған: «Әй, Сыдық, сен неге ішпейсің? Ініңнің қуанышына бірге қуанбайсың ба?», – деді. Ағам болса мені есіктің сыртына алып шықты да: «Таңертең сағат сегіз жарымда маған келесің, қазір үйге қайт», – деді.
Таңертең айтқан уақытында ағамның үйіне келдім. Келсем, киініп алып есігінің алдында жүр екен. Мені ертіп, үшінші қабатқа көтерілдік те, Ғабеңнің есігін қақты. Ұлы жазушы есікті өзі ашып, «Әй, неғып жүрсіңдер?», – деді. «Кеше мынау ініміз кішкене тәртіп бұзды ғой», – деді ағам. «Кіріңдер», – деді ана кісі. Екеуміз кірдік. Маған қарады да: «Отыр», – деді. Отырдым. Тоңазытқышты ашып, ішінен коньяк алып шықты. Аузын ашып, кішкентай екі кесеге құйды. «Жанардың денсаулығы үшін, келші тағы бір!», – деп қояды. Сыдыққа бұрылып қараған да жоқ. «Сен ғой алып келген, ә, Сыдық, – деді бір уақытта қулана жымиып. – Адам мұндайда қайта қуанушы еді, қуанбайсың ба? Бауырың әке болып, өмірге ұрпағы келгеніне қуанып жүрсе, бірге қуанып, қызығу керек!». Сөйтіп шамалы отырып, сыртқа шыққаннан кейін Сыдық маған: «Әй, мұны ешкімге айтпа, мұны ешкімге айтпа», – дей берді. Жаманатқа қалып жүрме деген туыстық көңілі ғой, мен түсіндім. Ол кезде «Жұлдыз» журналының бас редакторы, менің тікелей бастығым Сырбай Мәуленов еді. Сыдық ағамның ол кісімен де сыйластығы жақсы болатын. «Бар, енді, үйіңе бар. Мен әлгі Сырбаңа айтып қоям, екі-үш күн балалардың жанында бол», – деді ағам.

– Сыдық аға түр-әлпеті, тұрған бойы қандай адам еді?

– Қараторы, бойы аласа, толықтау кісі еді. Бір көзі екінші көзінен сәл қысықтау. Керемет домбырашы болса да, аспапты көп ұстай бермейді. Күйшілігі де алапат! Өзінің үш-төрт күйі болатын. Мен баспаналы болғанда бірталай кісіні шақырып, қоныстой жасадым. Сонда Сыдық ағам мен белгілі қаламгер, жаңаарқалық Ісләм Жарылғапов екеуі қонақтардың артынан қалып, біраз әңгімелесіп, домбыра шертті. Біреуі – ағам, біреуі – жездем. Ісләм аға ол кезде Жазушылар одағы партия комитетінің хатшысы. Менің пәтер алуыма сол кісінің көп септігі тиді. «Әй, Сыдық, сенің домбыра тартқаныңды көптен естіген жоқпын. Домбыра алшы қолыңа», – деп қолқа салған да сол кісі. Сыдық ағам сол кезде өзінің бірнеше күйін орындады.

– Сыдық ағамыз әйгілі күйші Әбікен Хасеновтің көзін көрген болар?

– Көрмек түгіл, екеуі көрші тұрды. Масаншы көшесіндегі үйде бір бөлмелі пәтерде тұрды дедім ғой, Әбікен Хасенов те сол үйде тұрған. Бұл үй өзі әу бастан жазушылар мен композиторларға берілген. Үй дайын болған кезде басқа біреулерге беріледі екен-мыс деген қауесетті естіген Сыдық, Сырбай, Әбікен сияқты біраз адам бірінші қабаттағы пәтерлердің есік-терезесін бұзып, өз беттерімен кіріп алған. Әбікеннің жары шешеміз болып келеді ғой, театрда билетер болып жұмыс жасады. Ол кісі Сыдықты өте жақсы көрді. Әбікен қайтыс болғаннан кейін аға-жеңгем ол кісіні сыйлап, қонаққа жиі шақырып жүрді. Жақсы кісі болатын. Бір жақсы, әдемі қызы бар. Әбікен мен ағамның отбасы ет-жақын туыстардай араласып тұрды. Шынында да жақын ағайын ғой, екеуі де Қаракесек ішінде Таңыбай-Аралбайдан тараған. Бірақ біз бергі атадан бөлініп жатпаймыз ғой, Қаракесек болса болды, жақын туыс. Өзіміз де әлі күнге Таңыбай, Аралбай болып бөлінбей, Қаракесекпіз деп жүреміз. Сыдық ағам Әбікеннің күйлерін көп тыңдайтын, ол кісіден көп нәрсені үйреніп, кейбір иірімдерін өзінің шығармаларында да пайдаланды.

– Сіздің ойыңызша, Сыдық Мұхамеджановтың атын, шығармашылық мұрасын жаңғырту үшін, бүгінгілерге дәріптеп, келешек ұрпаққа жеткізу үшін не істеу керек?

– Ол кісі туралы естелік, насихат материалдарын көбірек жариялау қажет, меніңше. Мен жазсам, ағайыны деп баспайды, оны өзің де білесің. Тіпті ол кісіге зияным тиіп кетуі де мүмкін. Бұл кісіден көп төмен бір композиторлар тамыр-таныстықтың, рушылдық, жершілдіктің арқасында атақты болды. Сыдықтың аты аталмауына барын салғандарды да білем. Соның салдарын көріп отырмыз: жастар Сыдық Мұхамеджановтың бірер әнін эстрадаға салып алып айтып жүр, ал негізгі керемет туындыларын бүгінгі буын білмейді де. Оның ешқандай операсы қойылмайды, симфониясы ойналмайды. Бір кезде болған өртте оның бұрынғы қойылымдарының реквизиттері жанып, жоғалып кетті. Оларды қайта жасатуға қаражат бөлінбейді. Оның қойылымдарында ойнаған артистердің де көпшілігі бақилық болған. Сөйтіп, опера театрында оның «Ақан сері – Ақтоқтысы» да, «Жұмбақ қызы» да, «Беу, қыздар-айы» да тоқтап қалды. Қойылмаған «Ақбаян» деген операсы бар, партитурасы дайын. Бірақ оны қоятын, оркестровкасын жасайтын адам жоқ. Оған едәуір қаражат керек. Қазіргілер дайын операларын қоймай отырғанда, әлі толық дайын емес туындысын қайтеді..? Іздейтін, соңына түсетін адам жоқ. Осы жайтты Мұхтар Құл-Мұхаммедке мәдениет министрі болып тұрған кезінде айтып едім, одан да еш нәтиже шықпады. Өнерсүйер халық іздеп, аңсап отырған дүниелер мұның бәрі…
– «Алтын кездік қап түбінде жатпайды», Сыдық Мұхамеджановтың өлмес мұралары өнерді түсіне, бағалай білетін елдің игілігіне айналар уақыт алыс емес деп ойлаймын. Өзіңіз қадірін білген ағаңыз жайлы естелігіңізге көп рахмет, бұл әңгіме елге біраз ой салар деп сенеміз.

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА
Суреттер автордың жеке архивінен

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button