Жаңалықтар

Сыбайластарға «сыбаға» сақтаулы

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен тұтас ел болып күресу керектігі жайлы үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасы бойынша аймақта жемқорлыққа тәуекелдер картасын іске асыру жолындағы нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында да ашық жариялануда.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Жемқорлық тәуекелдер картасы бар

Сала мамандары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын дәйекті түрде әзірлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыртқы талдау­ды бірдей жүргізген. Түрлі құралдар арқылы алдын алу тетігін енгізе отырып, оң нәтижелерге қол жеткізіпті.
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ұсынысы негізінде техногендік минералдық қалдықтар қоймасын рекультивациялауға ысырап болуы мүмкін 6 миллиард теңгеден астам қаржыны орынсыз жұмсалудан сақтап қалған.
Мәселен, 2018 жылы бұрын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не тиесілі ауданы 381 гектарды құрайтын аталған қатты тұрмыстық қалдықтар қоймасы бюджет қаражаты есебінен мемлекет меншігіне рекультивациялауға берілді. Әзірленген жобалық құжаттамаға сай бұл жұмыстың құны – 6,5 млрд теңге. Заңға жүгінсек, бұл шығындарды корпорация өз мойнына алуы тиіс.
Алайда, департаменттің ұсынысымен жерді мемлекетке қайтарудан бас тартылған. «Қазақмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұл шешім бойынша сотқа жасаған шағымы қолдау таппады. 2025 жылдың наурыз айында корпорацияның талаптарын қабылдамау туралы шешім заңды күшіне енді.
Кәсіпкерлік қызметтегі әкімшілік кедергілердің алдын алу жұмыстары жалғасып жатқан «Бизнеске жол» жобасы да назардан тыс қалмайтыны анық.
Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік кірістер органдары берілген ветеринариялық анықтамалар мен бөлшек сауда бағаларының ұлттық статистикасы негізінде күтілетін кірісті есептеп, қосымша салықтар салу мәселесін де көтерген. Бірақ, заң бойынша ветеринариялық сертификат тек өнімді тасымалдауды реттейтіні және оның коммерциялық сатылғанын растамайтыны ескерілмеген.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерлерге қосымша салық салуға тосқауыл қойылып, салық органының заңсыз әрекеттерінен 900-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Мемлекеттік сатып алу жіті назарда

Мемлекеттік сатып алу мониторингі барысында Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жылу желілерін жөндеуге арналған сметалық құжаттамаға 270 млн теңге негізсіз шығындар енгізгені анықталған.

– Мемлекеттік аудит департаментінің ұсынысымен сметалық құжаттама қайта есептеліп, үнемделген қаражатқа жылу магистралінің жұмыс көлемі бір жарым шақырымға (5 шақырым 800 метрден, 7 шақырым 300 метрге дейін) ұлғайтылыпты. Бұл – 80 жеке үйді, 5 көпқабатты үйді және 2 әлеуметтік нысанды қосымша жылумен қамтамасыз етуге жететін қаржы. Мемлекеттік сатып алулардың барлығы департаменттің жіті назарында, – дейді Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Сергей Перов.

Есепті кезеңде департамент тарапынан мемлекеттік сатып алу порталында жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік органдар сатып алатын тауарлардың бағасының жоғарылатылғаны анықталды. Аталған мемлекеттік органдардың басшыларына (бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне) сатып алынатын тауарлардың бағасын қайта қарау ұсынылды. Бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша үнемдеу сомасы 649 миллион теңгені құраған.
Былтыр құрылған мониторингтік топ сапасыз құрылыстың алдын алуға баса назар аударып, жол жұмыстарының сапасын зерттеп, нәтижесін жұрт назарына ұсынған.
Осылайша, «Қарағанды-Балқаш» тасжолын қалпына келтіру кезінде сапасыз материалдар мен асфальт төсеу әдістеріне жол берілмеді. Жоғарыда аталған олқылықтар кейіннен мердігерлер есебінен түзетіліпті.
Бақылаудың күшеюі 2024 жылдың соңына дейін асфальт төсеу жұмыстарының аяқталуына және төрт жолақты қозғалыстың ашылуына оң ықпал еткенін де атап өткен жөн.

Лауазымды тұлғалар жазасыз қалмайды

Бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы бойынша жұмыс тек профилактикалық іс-шаралармен шектелмей, жедел-іздестіру шаралары да жүргізіліп жатыр.

Осындай шаралардың нәтижесінде департамент мамандары 2025 жылдың 3 айында 8 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтаған.

Мәселен, облыстық басқармалардың бірінің басшысы мен оның қарамағындағы қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталыпты.

– Басқарма басшысы жұмысты аяқтағаны туралы актісіне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, ол және оның қарамағындағы қызметкер жалған жұмыс істейтін жұмысшылардың есепшотына жалпы сомасы 2,5 миллион теңгені құрайтын жалақы, сыйлықақы және іссапар шығындарын негізсіз аудару арқылы бір топ жеке тұлғалардың бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Айыпталушылар сотқа жіберілді, – деп атап өтті Сергей Николаевич.

Департамент мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, әр азаматтың, әр кәсіпкердің өзекті мәселелерін шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін айтыды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button