Бас тақырып

Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеді

Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында облыс аумағындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов хабарлады.

Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқын алғаны белгілі. 2019 жылдың басынан бері өңірде «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылуда. Өңірде фронт-кеңселер, Open Space және «Адалдық дүкендері» қағидаты бойынша кабинеттер ашылуда. Осы орайда Жезқазған әкімдігінде де жаңа форматтағы фронт-кеңсе ашылғанын айта кеткен жөн. Мұнда қала әкімі мен оның орынбасарлары, жер қатынастары, білім, әлеуметтік қорғау бөлімдерінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері қабылдау жүргізетін болады. Келушілер тиісті кеңес алып, қажетті құжаттар мен анықтамаларды ресімдеп, балаларды балабақшаға кезекке қойып, мектепке оқуға жаздыра алады. Фронткеңсе қала әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге айтарлықтай ықпал етеді. Осыған ұқсас фронт-кеңсе облыс орталығында да ашылатын болады. Қазіргі таңда аймақтағы түрлі мемлекеттік органдарда «Open Space» қағидаты бойынша сегіз кабинет пен төрт фронт-кеңсе құрылған екен.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмысты одан әрі пәрменді ету және бұл үшін цифрландыру әдістерін ұтымды пайдалану жайы – тұрақты назарда.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button