Сурет сөйлесе, тарих тіріледі
Фотожурналист Жұмабек Иманәлиев – 75 жаста
Ол кезде газет бетіне шығатын әр сурет – еңбекпен өрілген, уақытпен өлшенген дүние еді. Цифрлы техника түгілі, автоматтандырылған процесс болмаған кезеңде фототілші барлық істі қолмен атқаратын. Пленка тартып, жарықты дәл қою, диафрагмма мен выдержканы есептеу… Мұның бәрі интуиция мен тәжірибенің, талаптың арқасында келетін қабілет еді.
Өңірдің бас басылымы «Орталық Қазақстан» газетінде аттай 35 жыл еңбек еткен фототілші Жұмабек Иманәлиев сол дәуірдің тірі куәгері. Оның объективі уақытты тоқтатып, тарихты қағаз бетіне түсірді. Әр суретінде – өмірді, әр кадрында – шындықты таспалады. Бүгінде сол суреттер сарғайған газет тігінділерінде қаттаулы. Ардагер күні бүгінге дейін өзі ұстаған алғашқы фотоаппараттарын сақтап жүрген көрінеді. Осы жолы кейіпкердің өзіне емес, фотоаппараттарына тоқталуды жөн көрдік. Кеңінен әңгімелестік һәм мерейтой иесінің бұрын газет бетінде жарық көрмеген фотосуреттерін назарларыңызға ұсынамыз.

Кейіпкеріміздің фотоаппаратқа әуестігі 14-15 жасында ашылған екен. Өз сөзінде ол:
– 1963-1964 жылдары бізді ағамның жолдасы Володя Сухин фотоға түсірген еді. Сол уақытта қолындағы фотоаппаратқа қызығып, осының тілін меңгеруге құштар болдым. Оның қолында «Киев-4» және «Смена 8» фотоаппараты болды. Маған өзінің кішкентай ғана «Смена 8»-ін сатты. Осы аппаратпен суретке түсіруді үйрендім. Суретке түсірмес бұрын әуелі арақашықтықты, одан кейін экспозиция уақытын, диафрагмасын қолмен қоясың. Егер бәрін дұрыстасаң, түсірген дүниең сапалы шығады. Бұрынғы фотоаппараттар қазіргідей емес, барлық параметрлерін қолмен істейтінбіз. Содан кейін фотоаппарат пленкасын да дұрыс таңдауың қажет. Суретіңнің қанық әрі сапалы шығуы пленкаға да тікелей байланысты. Ол кезде «Шостка» және «Қазан пленкасы» кеңінен тараған дәуір еді. Сапа жағынан «Шостка» пленкасы жақсы болған соң өзім соны пайдаландым.
Фотоаппаратты қолыма алған соң дүкенге барып қағаз, фотохимиялық ерітінді, фотобекіткіш алдым. Түсірген суреттерімді түнімен қарап, шығаратынмын. Егер бір нәрседен мүлт кетсеңіз, суретіңіз дұрыс шықпайды. Күйіп кетеді. Әу баста түсірген суреттерім дұрыс болмады. Ал, сұрайын десем, көрсетіп, түсіндіріп, білмеген жерімді айтатын ешкім болмады. Володя күнде менің жанымда жүре бермейді. Содан не керек, ақырындап өзім үйрендім, – деді.
1968 жыл. Жас фотографтың 18 жасқа енді толған шағы. Ал, өмір жолында екі таңдау. Біріншісі – оқуға түсіп, білімін жетілдіру. Екіншісі – қара жұмыс істеу. Сонымен не керек, 18 жасында теміржол бойына жұмысқа тұрып, үлкен өмірге қадам басады. Бірақ, аптап ыстық пен суыққа, ауыр жұмысқа бойы үйренбей жұмыстан кетеді. Сол уақытта Володя Сухин Шымкентте фотографтың оқуы барын айтып, білімін жетілдіруге кеңес беріпті. Нәтижесінде, 1969-1970 жылдары фотограф мамандығында дәріс алып, 4-разрядты фотографы болып шыға келген.
– Оқуымды тәмамдаған соң Түлкібас медкомбинатында бір ай жұмыс істедім. Кейін тігін цехында, содан барып ауылға оралдым. Аудандық сыртқы сауда комбинатына фотограф болып орналасып, екі жылға жуық жұмыс істедім. Маған осы жерден шағын орталық ашып берді. Айлық жоспар орындап, соған сай азды-көпті қолақымды алып жүрдім. Содан кейін ол жерден шығып, Жуалы аудандық ауруханасына рентген-лаборант болып жұмысқа тұрдым. Жұмыс істеп жүріп Жамбыл облыстық ауруханасында алты ай рентген-лаборант мамандығын да тәмамдап алдым. 1974 жылы отбасылық жағдайға байланысты Топар ауданына қоныс аудардық. Келген жылы Мичурин аудандық газетіне орналасып, газеттегі өмірім осы жерден басталды. Алғашқы жылдары қатты қиналдым. Фотоаппаратты үйретіп, түсіндіретін ешкім болмады. Содан не керек, дүңгіршектерден «Советское фото» деген журналды және басқа да газеттерді сатып алып, суреттің қыр-сырын сол жерден оқып үйрендім, – деді ағамыз.
Аудандық газет редакторы Валентин Баландин жас фототілшіге қоймадан фото ұлғайтқыш, фотоаппарат және басқа да керек-жарақ құрылғыларын алып берген. Сол кезде кәсібінде ұстаған ең бірінші аппараты – «Киев-4» маркалы фотоаппараты еді. Газет редакторы шағын бөлме беріп, фотолаборатория ашуға мүмкіндік жасапты.

– Ол кезде фотожарқыл шам деген атымен болмаған. Бірақ, маған бұл құрылғыны пайдалану, суретке түсіру аса бір қиынға соқпады. Себебі, өзім жан-жақтан оқып, үйреніп алған едім. Жылдамдық шкаласымен де әжептәуір жұмыс істеп дағдыландым. Қай жерде фотоаппаратты қалай қолданатынын біркісідей меңгеріп қалған шағым. Бірақ, әу баста жарық сезгіштігі 130 бірлікке тең фотопленканы қолданып жүргенмін. Кейін 400-дігі барын біліп, соған көштім. Жаңа пленканың арқасында жұмысым жеңілдеп қалды. Бірақ, аудандық газеттен кетіп бара жатқанымда осы фотоаппаратымды қимадым, – дейді кейіпкеріміз.
Әуелі осы темірдің тілін түсінгеннен кейін ғана кадр «тіріледі». Әрине, бұл сөздің ешқандай қатесі жоқ. Керісінше «фотопленкаң жақсы болса, суреттердің де сапасы артады» дейді өзі.
1977 жылдан бастап облыстың қос газеті «Орталық Қазақстан» мен «Индустральная Караганда» газетіне түсірген дүниелерін жіберіп тұрады. Одан бөлек, Алматыдан шығатын «Лениншіл жас», «Ленинская смена» және күллі одаққа корей тілінде тарайтын «Ленин кичи» газетінде де туындылары жарық көрген. Сол кездегі Целиноград қаласынан шығатын «Фройндшафт» газетіне, «Қазақстан әйелдері» журналына да жолданған. Кейін есімі туындылары арқылы танылған жас фотографты аймақтың басты басылымы «Орталық Қазақстанның» сол кездегі жауапты хатшысы Рымқұл Сүлейменов арнайы шақыртады. Бұл – 1979 жыл еді. Содан 35 жыл табан аудармай зейнет жасына дейін еңбек етіпті.

– «Орталыққа» келгенімде «Зенит» маркалы фотоаппаратын табыстады. Онымен шамалы түсірген соң өзім үйренген маркамның кейінгі нұсқасын, яғни, «Киев-17» аппаратын алды. Осы құрылғымен бертінге дейін жұмыс істедім. Газет бетінде жарияланған барлық суреттер осы құрылғымен түсірілді. Содан кейін барып «Canon» маркалы заманауи фотоаппараты қолыма түсті. Ал, бұл аппаратқа біршама уақыт үйренісе алмай жүрдім. Біз секілді баптауларын қолмен қоймайсың. Батырмалары арқылы реттеп, компьютерге қосады екенсің. Далада, немесе ғимарат ішінде түсіргенде баптауларын дұрыс қоймасаң суретің – жарамсыз. Ал, өзім әбден қолмен қойып үйреніп қалғанмын ғой, батырмаларын пайдалана алмайтынмын. Орыс редакциясының фототілшісі Дмитрий Кузьмичев – өз шәкіртім. Қолымдағы жаңа аппараттың тілін осы Дмитрий үйретті, – дейді сол күндерді еске алып.
Жас фототілші үшін бәрі таңсық. Үлкен кәсіпорын мен зауыттың тыныс-тіршілігін түсіруден әлі бейхабар еді. Сол кезде әріптестері Қағазбек Сәденов, Қайыркен Сұлтанов, Орынбай Аймағанбетов, Амантай Сағындықов сынды ағалары қолғабыс еткен. Ақыл-кеңес берген.
– Ол кісілер зауытқа барады да бәрін қағазға түсіріп алады. Кейін маған келіп, «Міне, осыны түсір. Ал, мына кісіні былай түсіресің. Мына бір өндіріс орнына барып, өз қалауыңмен кадр жинап кел» дейтін. Фоторепортаж түсіруді аудандық газетте жүргенімде ұстазымыз Юрий Панов, досым Артур Қуаналиев үйреткен еді. Бір-екі мәрте көріп, қолымды қалыптастырып алған соң әрі қарай өзім алып кеттім.
– «Орталықта» жүргенімде өзім бір ұжымға, өндіріс орнына барып, репортажды орысша жазып алып келетінмін. Қазақшаға Ержан Имаш, Тілеуқабыл Байтұрсынов аударып, жазып жүретін. Кез келген мекемеге, медицина ұйымына, тіпті, құрылыс обьектілеріне барып өзім басшыларымен кездесіп репортаж түсіре беретінмін. Қолым қалт етсе қай мекемеге немесе өндіріс орнына баратынымды анықтап, керек фотоларымды алдын ала ойлап баратынмын. Сосын мекеме басшылары менің жаныма бригада басшыларын немесе басқа да жауапты мамандарды қосып беретін. Сөйтіп репортаж түсіруші едім. Әрі орысша барлық ақпараттарды жинап, дайын күйінде редакция тілшілеріне табыстаймын. Қазір заман өзгерген. Фотожурналистер өз еркімен өндіріс орындарын аралай алмайды. Негізі, фотожурналисті шыңдайтын – өндіріс, – дейді ардагер фотожурналист.
…Ол кадр қуған жоқ. Ақиқатты іздеді. Фотоаппарат оның қаруы емес, көзі болды. Объектив арқылы қоғамға, елге қарады. Ал, біз сол қараған көзден тарихты көріп отырмыз. Ал, тарих ешқашан өшпейді. Міне, фотожурналист еңбегінің шынайы мәні – осы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»