Суды өзің тасисың
Қалалық «Теміртау» газетінде жұмыс істеп жүрген кезіміз, бірде белгілі журналист Серікгүл Алтайбаева апай «соцқаладағы» ауыз су проблемасы туралы мақала жазбақ боп, фототілші Ақботаға:
– Трамвай паркінің жанындағы бұлақтың маңы үнемі судың кезегінде тұрған жұртшылыққа толы, біздің үйдің қасы болғандықтан менің шалым да суды сол бұлақтан тасиды, кезектің көптігі сонша, күнде бір-бір жарым сағаттан соң ғана келеді, сен сол ұзын-сонар кезекті суретке түсіріп келе ғой, – деп тапсырма береді.
Ертеңінде Ақбота:
– Апай, айтқан жеріңізге барсам, кезекте бар болғаны үш-ақ адам тұр екен, суретке олай да, бұлай да түсірдім, бірақ судың кезегінде тұрған жандарға ұқсамайды, міне, өзіңіз көріңізші, – деп түсірген фотоларын апайға көрсетіп жатыр.
– Апай, сонда сіздің шалыңыз күнде бір-бір жарым сағат қайда кетеді? «Судың кезегінде тұрдым» деп сізді алдап жүрген шығар, үйге барған соң «Біздің қыздар да суға барады екен, онда сен айтқандай ешқандай кезек жоқ, міне, дәлел» деп суретті көрсетіңіз, – дедім мен әңгімеге араласып.
Сонда Серікгүл апай:
– Өйтіп айтсам «Ендеше, сенбесең өзің бар, суды өзің тасисың» дейді ғой маған, – деді шынын айтып.