Суармалы алқап: мәселе де, нәтиже де бар
Агроөнеркәсіп кешенінің салаларын дамытуда суармалы алқаптарды ұлғайту да мәселесі маңызды міндеттер қатарында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға таман суармалы алқаптарды 2,2 миллион гектарға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма жүктеген еді. Ал, 2030 жылы бұл көрсеткіш 3 миллион гектарды еңсеруі тиіс. Сол себепті, жер-жерде аталған бағыттағы жұмыс қарқынмен жүріп жатыр десек, артық айтпаймыз.
Қарағанды облысында да ілгерілеу бар. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аймақтағы суармалы жердің жалпы ауданы 87 мың гектарды құрайды. Ал, оның 64,7 мың гектары – ірілі-ұсақты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің иелігінде. Яғни, 74,4 пайызы.
Алқаптар ұлғайып келеді
Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, жоғарыда аталған 64,7 мың гектардың тек 26,3 мың гектары немесе 40,5 пайызы пайдаланылуда.
– Былтыр шаруашылықтар өз қаражаты есебінен жаңадан 3,4 мың гектарды айналымға енгізді. Оның ішінде, Абай ауданы – 299 гектарды, Бұқар жырау ауданы – 810 гектарды, Нұра ауданы – 1237 гектарды, Осакаров ауданы – 628 гектарды, Шет ауданы 520 гектарды кәдеге жаратып, жалпы суармалы алқапты 26,3 мың гектарға жеткізді, – дейді Сырым Бейсебайұлы.
Суармалы алқаптарда негізінен картоп және көкөніс дақылдары өсіріледі.
Сондай-ақ, айналым схемасына сай дәнді, бұршақты, майлы және мал азықтық дақылдар да егіледі. Нақтылай кетсек, 12,1 мың гектары – картопқа, 1,2 мың гектары – көкөніске, 6,5 мың гектары – дәнді дақылдарға және 6,5 мың гектары азықтық дақылдарға тиесілі. Ал, суаруда жаңбырлату әдісі кеңінен қолданылады.
Әрине, биыл да алқаптарды ұлғайту бағытындағы жұмыс жалғасады. Жеті инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Қосымша 2,3 мың гектар игерілмек. Яғни, Абай ауданында – 382 гектар, Бұқар жырау ауданында – 700 гектар, Нұра ауданында – 368 гектар және Осакаров ауданында 850 гектар суармалы егістік қатарына қосылады.
Диқандарға – демеу
Мемлекеттік қолдау механизмдері диқандардың қолтығынан демеп тұр. Сырым Бейсебайұлы атап өткендей, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының, «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жобасына сәйкес, суару машиналарын сатып алу, суару жүйелерін құру кезінде шыққан шығынның 50 пайызын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау» қағидасының 6-тармағына сай су беру жөнiндегi қызметтердiң құны субсидияланады.
Бұдан бөлек, қосымша, суармалы жерлерді қолданысқа енгізу бойынша инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 4 пайыздық және кепілдікке сатып алынатын мүлікті алу есебінен жеңілдетілген несие беру бойынша жұмыс жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылым қирап қалды
Әйтсе де, Сырым Бейсебайұлы алқаптарды ұлғайтуда проблема барын да атап өтті. Осы тұста қолда бар жердің толық игерілмеу себебінің құлағы қылтияды. Кеңес өкіметі құлаған соң суармалы жерлердегі су құбырлары, ирригациялық желілер қирап қалғаны бәрімізге белгілі.
– Бүгінгі күнге ирригациялық желілерді жаңғырту, суару каналдарын реконструкциялау жұмыстары қолға алынуда. 2021- 2025 жылдар аралығында Азиялық Даму банкі қаражаты есебінен «Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарының суармалы жерлері үшін ирригациялық желілерді жаңғырту» жобасы шеңберінде Қарағанды облысында 27,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру қарастырылған, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жобаға 22 нысан енгізілді. Түзілген техникалық паспорттардың нәтижелері бойынша магистральдық арналар мен құбырлардың ұзындығы 179,5 шақырымды құрайды.
Бұл шаруашылықтар әлеуетінің артуына айтарлықтай ықпал етпек. Ірілі-ұсақты 41 тауар өндіруші қамтылып отыр. Бүгінгі күні 23,45 мың гектар нақтыланып тұр. Тізімге «Қазсушар» ШЖҚ РМК балансындағы 7,8 мың гектар жері бар 6 нысан, аудандық коммуналдық меншіктегі 15,65 мың гектар жері бар 14 объекті енген.
Қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұсынысына орай, соңғы айтқан 14 нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру жоспарлануда.
Шаруашылықта су тапшы
Бұқар жырау ауданындағы «Баймырза-Агро 2018» ЖШС-нің директоры Максим Букаемский су тапшылығын тартып отыр. Серіктестік суды Шоқай суқоймасынан алады. 1215 гектарға дән себеді.
– Шоқай суқоймасының пайдалы көлемі – 3,5 миллион текше метр. Қар аз түскен жылдары толмай қалғанынан және булануынан су жетпей қалады. Сондықтан, біз үшін Шоқай өзенінің жоғарғы ағысындағы, Сарыөзен ауылының тұсындағы суқоймасын қалпына келтіру мәселесі өткір тұр. Суқоймасы бұзылып қалған, – дейді Максим Русланович.
Серіктестік басшысы іргедегі суды жеткізуде де проблема барын айтады. 6,5 шақырымдық Шоқай магистральдық каналының су өткізу мүмкіндігі төмен.
– Каналдың арнасын шірегенде секундына 270 литр су ағып келеді. Бұл – үш жаңбырлатып суаратын машинаның жұмысына ғана жеткілікті. Әрқайсысы 70 гектарды қамтиды. Орнын ауыстырып отырғанда бір маусымда 4-5 картоп алқабын, 2-3 дәнді дақылдар егістігін қамти аламыз. 2019 жылы өз күшімізбен тазартып, жөндегенбіз. Дегенмен, аздық етіп тұр. Серіктестік толық өндірістік қуатына шығуы үшін 400 л/с су қажет, – дейді ол.
Директордың айтуынша, мәселенің түйінін тарқатудың екі жолы бар. Гидротехникалық құрылымды толық қайта жаңғырту қажет немесе жаңадан тоған салу керек. Серіктестік басшылығының қымбат жобаны жүзеге асырамын деп басы қатып жүрген жайы бар.
Жоспар бар, уақыт қажет
Суармалы алқаптарды ұлғайту үшін мол су керегі мәлім.
– Ауыл шаруашылығы дақылдарына қажетті су тұтыну нормасы – су шаруашылығы учаскелері мен табиғи аймақтарға байланысты. Су қажеттілігі гектарына 1950 мен 3350 текше метр аралығын құрайды. Мәселен, жаздық дәнді дақылдың сұранысы – 1950 текше метрді, картоптікі – 2750 текше метрді, көкөністікі – 2900 текше метрді көрсетіп отыр. Қазір облыстағы бес ауданның аумағындағы елуден астам шаруашылық жеткілікті мөлшерде тіршілік нәрін алып отыр. Басым бөлігі – Абай ауданында, 31 диқаншылық ұйым бар. Суармалы жерді суаруға қажетті судың жетіспеушілігі туралы мәселе жоқ. Бұл ретте диқандардың заманауи үнемдеу технологияларын белсенді енгізуі көптеп көмегін тигізуде. Мәселен, былтырдың өзінде ғана 24 шаруашылық 780 млн. теңгеге 40 машина сатып алды. Өз кезегінде бұл инвестиция су шығынын бір жарым есе азайтуға мүмкіндік береді. Тиісінше, аз шығынмен көл-көсір өнім алады, – дейді Сырым Бейсебайұлы.
Әрине, жоғары жақтағылар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Үкімет те, облыс билігі де жоспар құрып, иық тіресе жұмыс жүргізуде. Жергілікті су көздері есебінен суқоймаларды көбейту іс-шаралары қолға алынуда.
Мысалы, Су ресурстары комитеті Осакаров ауданындағы Үлкен Құндызды өзенінде – көлемі 14 миллион текше метрлік Садовое суқоймасын, Қарқаралы ауданындағы Нұра өзенінде – көлемі 80 миллион текше метрлік Ынталы суқоймасын және Қарқаралы ауданының Матақ өзенінде көлемі 100 миллион текше метрлік Матақ суқоймасын салу жобаларын қолға алды. Техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуде. Бұл суқоймалардың құрылысы тәмамдалған жағдайда 8 мың гектардан астам алқапты сумен тұрақты қамтуға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, келесі жылға дейін облыста «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде «Қазсушар» РМК республикалық бюджет қаражатына Бұқар жырау ауданындағы суару каналдарын реконструкциялау жоспарлануда.
Әлбетте, тоқырау жылдары әбден тұралаған шаруашылықты аяғына қаз тұрғызу бір күннің шаруасы емес. Ондаған жылдар, жүйелі жоспар, тынымсыз еңбек және бастысы – қыруар қаржы керек. Біздің қотырымызды біреу келіп қасып бермейтіні де белгілі. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпау – міндет.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.