Су тапшылығы толық жойылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылы облыс тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қала мен ауылдық жерлерді тұтастай сумен жабдықтау мәселесі облыс әкімдігінде өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың жетекшілігімен өткен аппарат жиынында тағы бір мәрте жан-жақты сараланды.
Бүгінде
Ағымдағы жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыс легіне облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
– Маңызды міндетке қол жеткізу мақсатында Үкімет 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру үшін жергілікті құбыр желілерін салуға және реконструкциялауға қаржы бөлген. Бүгінде ауыл жұртшылығы сумен – 93 пайыз, қала халқының – 99 пайызы қамтылды. Шаһарлар аумағындағы су құбыры 2513 шақырымды құрайды. Тозу деңгейі 65% шамасында, – деген дерек келтірді ведомство басшысы.
Президент тапсырмасын орындау аясында барлық қайнар көзден 4,2 млрд. теңге қарастырылды. Бұл көлемдегі қаражат ірі 8 жобаны іске асыруға бағытталмақ. Яғни, 50 шақырымдық құбыр желілерін оңдау амалдары көзделді. Республикалық бюджеттен осы жылға қосымша 3,4 млрд. теңгеге өтінім жолданған. Сұраныс мақұлданған жағдайда тағы 75 шақырымдық су желілерін тарту межесі тұр. Облыста 342 елдімекен бар. Орталықтандырылған су жүйесімен 224 ауыл қамтылды. Шалғай жерлерді сумен қамту үшін 32 жобаны іске асыру қажет. Оған 4,8 млрд. теңге бөлінген. Бұл арада тағы 60 шақырым су желісін тартуға мақсат қойылды. Республика бюджетінен 3,6 млрд. теңгеге өтінім жолданған. Бұл сома 16 ауылды сумен қамту үшін қажет.
Шаһарда
Ал, қала әкімі Мейрам Кожухов кеншілер астанасында ауыз сумен қамтылу қажет 4 бөлік бар екендігін еске салды. Олар, Тихоновка, Сұрыптаудағы Рабочий, Сахалин елдімекендері және жаңа қаладағы ауызша «Нефтебаза» деп аталған аумақ. Аталған жерлерге су құбырын өткізу үшін бірқатар жоба қолға алынған көрінеді.
– Кейбіргі жобаны демеушілер көмегімен іске асырып жатырмыз. Расы керек, міндетті толық және сапалы орындау үшін ескі құбырларды оңдау жүргізіп жатқанымызды да жасырмаймыз. Аталған жоталы жобалардың барлығын дерлік жыл соңына таман аяқтаймыз деген нық сенім бар. Біз тек су құбырларын ғана емес, кәріз жүйесіне де қатар мән бергенді құп көріп отырмыз, – деді Мейрам Мұратұлы.
Жаңа абоненттерді су жүйесіне қосу үшін Теміртау әкімдігі де бірқатар ілкімді істерді қолға алған. Мұнда әзірге суға қолы жетпегендердің ұзын саны – 2872 адам. Құрыш қалада жалпы ұзындығы 46 шақырымдық құбыр реконструкциялау тапсырмасы тұр. Осылайша, жыл соңында су көзіне 1244 абонент қосылмақ.
– Қазіргі таңда барлық жоба шешімдері іс жүзінде орындалу үстінде. Қалған жобалар легін сараптама жұмыстары жүргізілген соң республикалық бюджетті нақтылау кезінде ұсынбақ ниетіміз бар. Бұл орайда конкурстық үдеріс уақыт талап ететіндігін бәріміз жете түсінеміз. Сондықтан, осының барлығын ескере келе, 2025 жылы тапсырма толығымен аяқталады, – деп сендірді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Шалғайда
Қарқаралы ауданында сумен жабдықтау үлесі 82,9%-ды құрады. Бұл –облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Әсіресе, Жарлы кенті бойынша жобалық-сметалық құжаттама толық аяқталмаған. Биыл 7 блок модульдік кешенін орнату жоспарланған еді. Сумен қамтамасыз етуге арналған блоктық модульдік кешен атаулысы өндірісті облысты қоса алғанда, ауыз суды, ағынды суды тазартуды немесе өнеркәсіптік нысандарды сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін тиімді шешім. Аталған кешеннің артықшылығына келсек, жылдам орнату және іске қосу, сумен жабдықтау қажеттілігінің өзгеруіне байланысты модульдерді қосу немесе ауыстыру мүмкіндігі, жалпы жүйенің жоғары сапасын қамтамасыз етуге соны мүмкіндік ұсынады. Қолданысқа да өте икемді. Түрлі жағдай мен пайдалану талабына қолма-қол бейімделеді.
Аудан әкімі Әділжан Арғыновтың мәлімдеуінше, тиісті келісімшарттар жасалған. Жұмысты аяқтау мерзімі – шілденің аяғы. Мыйлыбұлақ және Мыржық ауылдарына блок модуль орнатылмақ. Жыл қорытындысы бойынша 9 блок модуль кешені орнатылып, 45 елдімекен сумен қамтылмақ. Сонымен, қалған 13 елдімекенді модульдік стансасымен қамту көзделген.
Өз кезегінде Ермағанбет Қабдулаұлы халықты тұтастай сумен қамтамасыз ету ерекше бақылауда екендігін қаперге салды.
– Мойнымыздағы жауапкершілік жүгі зор екендігін білесіздер. Қажетті жоспар-жобаларға өздеріңізбен бірлесіп, қол қойдық. Естеріңізден шығармаңыздар. Меже – 100%! Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, қала және аудан әкімдері алдымен барлық жоба атаулысының сапалы іске асырылуын бақылауға алу қажет. Мерзімінен кешіктірілмегені маңызды. Кешеуілдеп жатқан жобаларды жеделдетпесек, өзімізге сын. Бұл арада аяқталған жобаны тұтынатын мекемелерге мықтап тапсыру үдерісі де терең мәнге ие. Себебі, кейіннен ол құрылымның бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Тізгінтартар
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымы тек алдағы он жылдың ішінде ғана жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отырғандығын, 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екендігін ескерткен еді. Ел Президенті қажетті инфрақұрылымды заманауи үлгіде жасақтап қана қоймай, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек екендігіне де мән берген-тін.
Қош, су тапшылығын жою «сим-сим ашыл!» деген жалғыз ауыз сөзбен реттеле қоймасы бесенеден белгілі. Жол жүлгесін қуалай аққан мөлдір су біртұтас елдің көзін қарықтырып, мейірін қандырса, оның өзі түстік өмірдей тірлік түрлендірері һақ. Мөлдір бұлаққа таңдай жібіткен жан он шақырымға он барып келмей, үйінің бір бұрышынан су себезгілеп тұрса, бір ғанибет. Оның да ауылы алыс емес!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»