Бас тақырып

Үстеме баға үдемейді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қалыптас­қан аса тұрақсыз халықаралық жағдайда елдің азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету зор маңызға ие екендігін атап өтті. «Азық түлік тапшылығы мен бақылаусыз қымбаттауының алдын алу үшін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселесін пысықтау қажет» деген мәндегі Үкіметке тиісті тапсырма берді.

Әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үдерісі аймақта өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және кәсіпкерлік субъектілеріне арнаулы қарыздар беру, сондай-ақ, меморандумдар жасасу жолымен іске асырылады. Ал, бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға 2 674,5 млн. теңге бюджет қаражаты бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов пен облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская хабарлады.

Сурет: zakon.kz сайтынан

Бағаны тұрақтандыру тетіктері

– Қазынадан бөлінген қаражат нарықтағы бағаны реттейтін тетіктерді іске асыру жөніндегі мамандандырылған ұйым болып табылатын «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жолданады. Бүгінде «Сарыарқадағы» қаражат қалдығы 1 149 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде тұрақтандыру қорын қалыптас­тыруға – 369 млн. теңге, айналым тәртібімен қарыз беруге – 780 млн. теңге. Келісімдер аясында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталар болсақ, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен Қызылорда облысының «Най-Мир» ЖШС, «Қызылорда Құрылыс ҰК» ЖШС сынды өндірушілері арасында жалпы көлемі 337 тонналық күріш жеткізуге форвардтық шарттар жасалды, – деп мәлімдеді Сырым Бейсебайұлы.

Қазіргі уақытта ӘКК қоймаларында 648,2 тонна бакалея өнімі, яғни, 75 мың литр күнбағыс майы, 127,9 тонна ұнтақталған күріш, 68 тонна қарақұмық жармасы және 377,3 тонна түйіршіктелген қант сақталады.

Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және облыс кәсіпкерлерін қолдау мақсатында «Сарыарқа» ӘКК» АҚ кәсіпкерлік субъектілеріне «айналым тәртібі» бойынша қарыздар беріледі. Қарыздар беру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минис­трінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйр­ығымен бекітілген әлеу­меттік маңызы бар азық түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары, сондай-ақ, Қарағанды облысы әкімдігінің 18.07.2023 №48/02 қаулысымен бекітілген Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары негізінде жүзеге асырылады. Осы тетік шеңберінде 11 мың тонна азық түлік тауарларын өндіру және өткізу үшін 1 154,3 млн. теңге сомасына 7 кәсіпкерлік субъектісі қаржыландырылды.

– Жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін 690 тонна картопқа, 274 тонна сәбізге, 520 тонна пиязға және 222 тонна қырыққабатқа «Поливное» ФҚ, «Кобенов» ЖК, «Искаков» ЖК-не қарыз шарттары жасалды. Қазірдің өзінде 1 650 тонналық жеміс-көкөніс өнімдері сақтаулы, – деп сендірді спикер.

Сондай-ақ, әлеуметтік нан, ұн және макарон өнімдері жеткізіліп сатылады. Ұн тартатын кәсіп­орындар наубайханаларға Азық түлік корпорациясы астығынан өндірілген І сұрыпты арзандатылған ұнды сатады. Ал, жергілікті сауда желісінде осы ұннан пісірілген нан 90-110 теңгеден сатылады.

Меморандум мәмілелері

Тауық етінің бағасын тұрақтандыру үшін арнаулы келісім шеңберінде «Ақнар ҚФ» ЖШС-нің келісіне 1 080 теңге бағасымен өнімді жеткізу жүзеге асырылады, ол сауда нүктелерінде сауда үстемесін ескере отырып, келісіне 1 188 теңгеден аспайтын бағамен сатылады.

Жергілікті құс фабрикасы «Құрма» ЖШС І санатты тауық жұмыртқасын айналым жүйесі бойынша жеткізуді жүзеге асырады. Сауда желілеріне апта сайын құс фабрикасы әр ондығы 460 теңгелік 94 мың дана арзандатылған жұмыртқа жеткізіп, бөлшек саудада ең төменгі сауда үстемесімен 480 теңгеге сатылады. Бұл ретте, кәсіпкерліктің екі субъектісі «айналым жүйесі» шеңберінде өнімді облыс өңірлеріне тасымалдайды. Мәселен, кәсіпкер Н.Көбенов Приозерск қаласының сауда нүктелеріне белгіленген төмендетілген бағамен жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізсе, Ақтоғай ауданында жеке кәсіпкер Ысқақова төмендетілген бағамен әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының 17 атауын сатады.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында облыстың қалалары мен аудандарында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Онда өнім орташа нарықтық бағадан 15-20% төмен бағамен сатылады. Есептеп отырсақ, жыл басынан бері өңірлерде барлығы 40 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда 51 млн. теңге сомасына 100,2 тонна өнім сатылған.

Баға – бақылауда

Кәсіпкерлік басқармасы облыста өндірілмейтін әлеуметтік маңызы бар өнімнің бар-жоғын әрі бағамын да жіті бақылайды. Бұл 19 өнімнің 5 қатары: қант, қарақұмық жармасы, ұнтақталған күріш, өсімдік майы, тұз. Бұл өнімдер облысқа шетелден, негізінен Ресей мен Беларусьтен, Қазақстанның басқа облыстарынан да тасымалданады. Нақтылар болсақ, қант Алматы мен Жамбыл облыстарының зауыттарынан, күнбағыс майы Шығыс Қазақстан, қарақұмық Павлодар облысынан және күріш Қызылорда облысынан жеткізіледі.

– Бүгінде бұл өнімдер облыстың көтерме қоймаларына уақытылы келіп түсуде, қолда бар көлем облыс халқының айлық қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұл ретте қажетті түсім көлемі күн сайын теміржол желісі арқылы да, автокөлікпен де жүргізіледі. Мысалы, өткен айда облыс қоймаларына 912 тонна азық түлік, ал бакалея өнімі 7 552 тонна көлемінде түсті. Азық түлік өнімдері коммерциялық қоймаларға ай сайын келеді. Басқа өңірлерден әкелінетін әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының бағасына келетін болсақ, бұл мәселе де тұрақты бақылауда, – деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында көтерме және бөлшек бағаларға тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Тауардың уақытылы түсуі де бақыланады. Әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдері үшін заңда белгіленген сауда үстемесі 15%-дан аспауы маңызды. Облыста бағаның негізсіз өсу фактілері бойынша уақытылы ден қою үшін жедел желісі іске қосылған. Сондай-ақ, әр қала мен ауданда Сенім телефоны жұмыс істейді. Жалпы, бағаны тұрақтандыру мәселесі жергілікті деңгейде де, республикалық деңгейде де оңтайлы шешіліп келеді. Өз тарапынан Үкімет баға саясатына қатысты Жол картасын, жүйелі және жедел шараларды әзірледі. Оны орындауға барлық мүдделі органдар, бірінші кезекте Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және ауыл шаруашылығы министрлігі жұмылдырылды.

Түйін

Бажайлап қарасақ, азық түлік өнімдеріне бағаның негізсіз өсуі бірінші кезектегі қажеттілігі байқалмайды. Заң шеңберінде рұқсат етілген бөлшек сауда объектілерінің үстеме бағасын 15% көлемінде сақтайды. Бұдан басқа, қала мен аудан әкімдіктері сауда қызметі субъектілерімен әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдеріне 5-10% ең төменгі сауда үстемесі туралы 2 832 меморандум жасасты. 400-ден астам әлеуметтік бұрыштар мен сөрелер құрылды, онда бұл өнімдер ең төменгі бағамен ұсынылған. 20-дан астам әлеуметтік павильондар жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан бері 50-ден астам жаңа сауда нысандары іске қосылды. Сауда үстемесін бақылауды іске асырудың тиімділігі үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия құрылды.

Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша 2023 жылы Комиссияның 101 отырысын өткізді. 20 көтерме жеткізушіде тексеру жүргізілді, оның 15-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссияның 6 отырысы өткізілді.

Қорытындылай келе, аймақтағы баға саясаты бұқара халықты әлеуметтік қорғау саласындағы Үкімет қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өткен жөн. Азық түлік тауарларының бағасын бақылаудың жүйелі тәсілінің, мониторингтік тетіктерді енгізудің және бағаның негізсіз өсуі жағдайында жедел шаралар қабылдаудың арқасында нарықтағы негізгі тауарлардың тұрақтылығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етіліп келеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button