Білім

«Ұстаздық еткен жалықпас…»

Абай хәкімнің бұл сөздері өмірінің 35 жылын ұстаздық қызметке арнаған Сарқыт Шаймұқанқызы Шаймердиноваға қарата айтылған сияқты. Есімінің өзі айтып тұрғандай, ол асылдың сынығы, жақсының сарқыты.

Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесі Шаймұқан 1968 жылдың сәуір айында небәрі 56 жасында сонда алған жарақатынан қайтыс болғанда, ол іште қалған бала еді. Оған дейін 13 құрсақ (төртеуі жастай шетінеген) көтерген анасы Дариға отағасы өлімінен бір айдан соң дүниеге келген сәбиіне осы атты лайық көріпті. Шынымен де, осы бір қызы қашан демі біткенше, Қымызқұдық шағын комплектілі мектебін басқарған әкесінің ісін жалғастырып, әпкелері Нұрсұлу, Айсұлу, ағасы Сәтбайға ұқсап, олардың жолын қуды. Марқұм әкесінің оқу-ағарту саласындағы еңбегі ескеріліп, суреті аудандық, облыстық мұражайларда ілулі тұр.

Сонымен, Шаймердиновтер шаңырағындағы 10 баланың төртеуі мұғалім мамандығын таңдаған. Соның ішінде Сарқыт Саран педагогикалық училищесіне түсіп, 1987 жылы оны бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Одан кейін 2 жыл туған ауылы Қарақұдықтағы (бұрынғы «Көктал» кеңшарының орталығы) Амангелді орта мектебінде өз пәнінен сабақ берген ол үміткерлік азамат Нұрбай Жәнібековке тұрмысқа шығады.

Міне, содан бергі 33 жылында осы ауылдағы (бұрынғы Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың орталығы) Үміткер жалпы білім беретін орта мектебінен табан аударған жоқ. Әуелде оқушыларды сурет салу мен сызуға баулыса, 2005 жылы ҚарМУ-дің дене тәрбиесі факультетін сырттай оқып бітіріп, бүгінде осы пән бойынша мектеп жанындағы шағын орталықта мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді шынықтырып, оларды спортқа бейімдеумен айналысады. Оның үстіне, 2002 жылдан бастап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып істейтін Сарқыт Шаймұқанқызы ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен, білікті басшылығымен шәкірттері мен әріптестерінің, ауылдастарының құрметіне бөленген. Ол мектепте өтетін барлық іс-шараларға ұйытқы болып, басы-қасында жүреді. Мәдени-спорттық шаралар, пән апталықтары, мерекелік күндердің қызықты да мазмұнды өтуіне атсалысады. Сурет салу, ән-күй, спорттан мектепішілік жарыстарды жиі ұйымдастырады. «Салауатты өмір салты» тақырыбына баяндамалар жасап, денсаулық күндерін, тәрбие сағаттарын жоспарлап, өткізеді. Нәтижесінде, мектепте спортпен шұғылданатын оқушылар саны артып, олар шахмат, дойбы, волейбол, футбол, баскетбол, қазақ күресі секцияларына белсене қатысуда. Әсіресе, жас балуандары аудандық, облыстық бәсекелерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Мектеп өмірінің осы және басқа жаңалықтары жөнінде Сарқыттың өзі аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетіне мақала жазып, жолдап отырады.

Пән сабақтарын ұлттық дәстүрлерімізбен ұштастыра өткізетін тәжірибелі 1-санатты педагог кәсіби біліктілігі мен шеберлігін арттырумен де үнемі айналысады. Мәселен, 2020 жылы Астана қаласында мектеп басшыларының 9 айлық курсында оқып, сертификатын алған.

Жаратылысы қарапайым Сарқыт ұстаздың әзірге көп атақ-марапаты жоқ. Бірақ аудандық, облыстық білім беру бөлімдері мен кәсіподақ комитеттерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік.

Сарқыт қызметінде ғана емес, күнделікті өмірде де ел-жұртқа сыйлы жан, асыл жар, ардақты ана. Белағаш орман шаруашылығында істейтін жұбайы Нұрбай екеуі алтындай 4 бала тәрбиелеп өсіріп, 5 немеренің ата-әжесі атанған. Балаларының үлкені Әділет, Арайлым, Шахназар жоғары білімді маман болса, ең кенжелері Мерей Қарағанды техникалық университетінің 3-курсында дизайнер мамандығында оқиды. Кезінде Сарқыттың өзі де әке жолын қуса, енді Мерейі өзінің ізімен келеді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болар…

Ержан ИМАШ,

Бұқар жырау ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button