«Ұстаздыққа жүрек қалауымен келдім»
Ұстаздар күні қарсаңында осы бір қастерлі мамандық иелерімен сұхбаттасып, оларды ұлықтау, дәріптеу – маңызды. Себебі, сыныпта отырып-ақ ұлт болашағын баптап, білім нәрімен сусындатқан аяулы жандар кез келген құрметке лайықты. Кәсіби мереке қарсаңында бала кезінен ұстаз болуды армандап, сол арманын іске асыра білген Жангелді Кенжебай есімді жас ұстазбен сұхбат құрдық. Жас болса да бірталай жетістікке жетіп үлгерген.
– Мұғалімдік мамандыққа келуіңізге не түрткі болды? Бала кезгі арманыңыз ба, әлде, ата-анаңыздың қалауы ма?
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді данышпан Абай. Ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген адам ғана нағыз ұстаз бола алады. Жалпы, менің мұғалім болуымның басты себебі – оқушы кезімнен қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қызығушылығым болды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің түлегі болғанымды мақтан тұтамын. Мектеп қабырғасында ұстазым болған Күміс Шмакова ерекше есте қалды. Өлең жаттатып, әдебиетке қызықтыра білген Жанагүл Нұрмұхановнаға да айтар алғысым шексіз. Туған ағам да ұстаз. Ол тарих пәнінен сабақ береді. Жалпы айтқанда, бұл мамандыққа жүрек қалауымен келдім. Жақсы ұстаздардан тәлім алып, жақсы адамдармен, ортамен аралас-құралас бола жүріп, мұғалім боламын деп бел будым.
Еңбек жолымды 2022 жылы №12 жалпы білім беретін мектептен бастадым. Қазіргі таңда Абай атындағы мектеп-гимназиясында сабақ беремін. Жыл өткен сайын тәжірибе жинап келемін. Жақсы ұстаз болу үшін мол тәжірибе керек екені даусыз.
– Естуімше, біршама оқушыларыңыз білім бәйгелерінде айтарлықтай жеңістерге жетіпті. Жетістіктеріңіз жөнінде айта кетіңізші?
– Жалпы, Абай атындағы мектеп-гимназиясында оқушыға деген талап жоғары. Оқушылар өте білімді. Оларға сабақ беріп жүрген мұғалімдердің де кәсібилік деңгейі тиісінше. Талантты балалар өте көп. Тек соларға дұрыс бағыт-бағдар көрсете білсеңіз болғаны. Өздері-ақ тау қопарады. Мен өз оқушыларымның біліміне, қабілетіне сенемін. Олар маған сенеді. Екеуара сенім болған жерде ғана жетістік пен жеңіс болады деп ойлаймын. Мұғалімдік жолымның алғашқы жылдарынан бастап шәкірттерім республикалық білім додаларында топ жарды. Бұл жетістіктер менің ынта, талабымды қуаттай түсті. Мәселен, Астанада өткен шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» ІХ республикалық өнер байқауында шешендік өнер номинациясы бойынша Еркежан Қаныш есімді оқушым 2-орын иеленді. Бұл жеңіс менің ғана емес, бүтін мектептің жеңісі еді. Сол сәттерде балаша қуанғаным әлі есімде. Өзі баптаған шәкірті топ жарса, мұғалім үшін сол таудай бақыт екенін сезіндім. Әр мамандықтың өз бейнеті мен зейнеті, қуанышы, шаттығы бар емес пе?! Араға бір жыл салып Ақтау қаласында өткен Х республикалық «Ақберен» оқуларынан 3-орын иеленді. V Республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауында 10 сынып оқушысы Дүйсен Абылай 1-орын иеленсе, Сия Айбота 3-орын иеленіп, биік тұғырдан көрінді. Бұл тек республикалық сайыстардың жүлдесі. Облыстық сайыстарда топ жарып жүрген оқушыларымыз қаншама. Өзім де мектеп қабырғасында оқып жүргенде білім додаларынан қалмайтын едім. Жеңістің дәмі қандай болатынын білемін. Сол жеңістің бал дәмін оқушыларым жиі сезінсе деп тілеймін. Білім олимпиадаларына еліміздің әр облысынан кіл мықтылар жиналады. Мыңның арасынан қара үзіп шығу әсте оңай емес. Міне, сондай оқушыларға сабақ беріп жүргенімді мақтан тұтамын.
– «Заманына қарай адамы» деген сөз бар. Бүгінгінің оқушысында смартфон бар. Жаһанның ақпараты, білімі алақандай құрылғыда. Соған орай, жас буынның ойлауы, дүниетанымы бөлек. Сіздіңше, осы күннің мұғалімі қандай болуы керек? Интеллектісі ерте дамыған оқушы өзін тыңдата алатындай мұғалімдерден нені талап етеді?
– Мұғалім – шәкіртіне жол нұсқаушы. Жол нұсқаушысы білімсіз болса, оқушысы құрметтемейтіні анық. Ұстаздың білімі, түйгені мол болуы тиіс. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген нақыл бар. Ұстаз тек пәндік білім ғана беріп қоймай, шәкіртінің өмірлік көзқарасын шама-шарқысы келгенше қалыптастыруға тырысады, әлбетте. Әлемде ашылып жатқан түрлі жаңалықтар қызықтырады оларды. Біздің кез келген тақырыпта сөйлесе алуымыз маңызды. Осыны түсіне отырып, мен әр сабаққа тыңғылықты дайындаламын. Мәселен, әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтарды біліп баруға тырысамын. Сыныбымдағы оқушыларды кітапқа басылған өткен тарих қана емес, келешектің де әңгімесі қызықтырады. Әсіресе, оқушылар экранизацияланған көркем туындыларды көреді. Сабақ үстінде анимациялық фильмдер мен интеллектуал аудиторияға лайықты көркем фильмдер талданып жатады. Мұның бәрі мені сөзсіз қуантады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өрелі тақырыптарды қозғай алатын шәкірттерімнен зор үміт күтемін.
– Жангелді мырза, сұхбаттасқаныңызға алғысым шексіз! Кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын!
Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.