Ұстай алмасақ, қасірет…
«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөз бар. Бүгінде сол қасиетіміз қасіретімізге айналып бара жатқанға ұқсайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзі – айтқанымызға дәлел. Осылайша мәселе Ұлттық Құрылтайдың мінберінде көтерілді, негізсіз емес. Облыстық дін істері басқармасы мамандарының ресми дерегіне сүйенсек, аймақта діни ахуал тұрақты. Бұл былтыр өңірімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері және динамикалық өзгерістердің салыстырмалы талдауында анықталған.

Бұл күнде облыстық дін істері басқармасы аймақтағы діни ахуалды тұрақты қалпында сақтау үшін бірнеше бағытта жұмыс атқаруда. Басты бағыттың бірі – ақпараттық түсіндіру жұмысы. Себебі, деструктивті және радикалды діни ұйымдар жастарды өз қатарына қосу үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады. Сондықтан да, әлеуметтік желілерге жүйелі түрде мониторинг жасайды. Ал, теріс ағымдардың торына түскендерді қоғамға қайтару үшін оңалту жұмыстары жүргізіледі. Діни бірлестіктер мен ғибадат үйлері де басқарма мамандарының бақылауында.
Облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Сұлтан Рымқұлов діни бірлестіктер мен филиалдардан тұратын конфессиялардың, ғибадат үйлерінің нақты санын айтты.
– Облыс аумағында ресми тіркелген 285 діни бірлестік пен филиалдардан тұратын 15 конфессия бар. Сонымен қатар, 234 ғибадат ғимараты және 17 ғибадат бөлмесі жұмыс істейді. Конфессияаралық келісімді нығайту және дін саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнаманы сақтау мәселелері жөніндегі діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас облыстық діни бірлестіктер клубы арқылы жүзеге асырылады. Құрамына 14 конфессияның өкілдері кіреді, – деді Сұлтан Рымқұлов.
Діни бірлестіктер клубының мүшелері мемлекеттік мерекелерді атап өтуге, түрлі форматтағы іс-шаралар кешенін, диалогтық кездесулерді ұйымдастыруға, сонымен қатар, қайырымдылық акциялары мен мәдени шараларға белсене атсалысады екен.
Әдістемелік ұсыныстарға сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бірнеше бағытта. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, Қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және «Тәуекел топтары» деп аталатын арнайы белгіленген ортада жалпы алдын алу жұмысын ұйымдастыру.
Мемлекеттік дін саласындағы саясатты түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, сонымен қатар, деструктивті діни идеологияға қосылуға бейім жастар арасында құқықтық және діни сауаттылықты арттыру мақсатында облыс бойынша 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысының назарына жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, әлеуметтік осал топтағы азаматтар, маргиналды топ өкілдері, жазасын өтеп жатқан және пробация қызметінде тұрған азаматтар, сондай-ақ, олардың жақын туыстары, басқа этнос өкілдері, еңбек мигранттары, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар және басқа да нысаналы топтар алынады.
Мамандардың дерегінше, «Интернет желісінде терроризм мен діни экстремизмді насихаттауға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды күшейту жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде «Контр» ақпараттық жүйесіне 295 түрлі форматтағы материалдар жүктелген.
Аналитикалық интернет картасы ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес 2025 жылдың басында жасалған мониторинг нәтижесінде заңсыз контенттерге қызығушылық танытқан пайдаланушылар саны 24 012 адамға жеткен (Вконтакте – 6497, Instagram – 17515). Жауапты мамандар олардың барлығымен тиісті жұмыстарды атқарған.
Жыл басынан бері радикалды уағызшылар тарапынан әлеуметтік желілерге жүктелген 245 материал бұғатталыпты.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»