Ұстахана
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті Қазақстан өнеркәсібі үшін құнды кадрлар дайындайтын қарашаңырақ екендігі баршаға аян. Осы қарашаңырақтың білікті мамандар мен сапалы кадрлар оқытып, даярлағанына бүгінгі таңда, міне, 65 жыл толып отыр. Университет қабырғасында білім алған түлектер өз саласының білікті мамандары ретінде еліміздің қарқынды дамуына ауқымды үлес қосуда. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзі білім алған ҚарМТУ-дың мемлекетіміздің индустриялық-инновациялық даму жолында ерекше орын алатынын бірнеше мәрте айтты.
Университет соңғы жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі рейтингісі бойынша алдыңғы қатардан көрінген, 60 жылдық тарихы бар «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасы жемісті жұмыс жасап келеді.
Халық шаруашылығының барлық саласында, мемлекеттік қадағалау мен еңбекті қорғау, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, колледж, жоғары оқу орны үшін қажетті жоғары білікті мамандар даярлауды мақсат тұтқан кафедраның ілгері қадам басып, биік белестерді бағындыруына Николай Гращенковтың қосқан үлесі зор. Кафедраның даму болашағы, тек, оқу-әдістемелік жұмыспен ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де байланысты екенін түсінді. Осының айғағындай, талантты, еңбекке қабілетті ғалымның маңайында пікірлестері – шәкірттері мен әріптестері тоғысты. Профессор Н.Гращенков 45 жылдық ғылыми жұмысы ішінде елуден астам ғылым кандидаты мен докторын дайындады. Олардың көбі бүгінгі күні жоғары оқу орнында, кәсіпорындарда, Қазақстан мен Ресей министрліктерінде басқарушы орындарда. Тау-кен ісінің еңбек қауіпсіздігі саласында өзінің мектебін қалыптастырды. Бұл – ғалымның және маманның зор еңбек қабілеттілігі мен мақсаттылығының куәсі.
«Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» демекші, Н.Гращенков бастаған көшті әрі қарай жалғаған білікті ғалымдардың бірі – Ә.Әкімбеков. 1995 жылдан бастап «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасының меңгерушісі болған Ә.Әкімбеков өзі басшылық жасаған жылдары ұжымды биік мақсаттарға жұмылдырып, зерделі шәкірт дайындауда университет тарихына есімін алтын әріппен жазып кеткен тұлға. Әзімбек Қыздарбекұлы КСРО және Қазақстан Республикасының тау-кен өндірісі кәсіпорындарының техника және технология қауіпсіздігі мәселелеріне, оның ішінде желдету, өрт-жарылыс қауіпсіздігі, көмірдің кенеттен лақтырысын болжау бойынша жан-жақты зерттеп, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және алдын алу мәселелерін шешу бойынша үлкен ғылыми еңбек сіңірді. Ә.Әкімбековтің ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық, 12 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол ашық баспада жарық көрген 150-ге тарта ғылыми-зерттеу жұмыстарының, 5 кітаптың (оның ішінде монографиялар мен оқулықтар), 7 өнертабыс ғылыми еңбектерінің авторы.
Профессор Ә.Әкімбеков университетімізде «Өндірістік және өрт қауіпсіздігі» бағытында ҚР кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес ашып, өзі төрағалық етті. Кеңестің нәтижелі жұмысының арқасында республикамыздың көптеген ғалымдары ғылыми жұмыстарының қорытындыларын осы диссертациялық кеңесте қорғады. Сол себепті кафедра профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми атағы болу көрсеткіші бойынша университетте алдыңғы қатарда тұр.
Бүгінгі таңдағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор М.Ибатов «КА және ЕҚ» кафедрасында докторлық диссертациясын қорғады. Көреген ұстаздардың алдын көрген М.Ибатов ректорлық қызметке отырған күннен бастап университеттің даму бағытын айқындап көрсетті. Ғылым мен оқу процесіне аса назар аударылып, ҚарМТУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы беделді орнын берік сақтап тұр.
«КА және ЕҚ» кафедрасының оқытушылары кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шет елдерде және Қазақстан бойынша тағылымдамадан өтіп тұрады. Кафедра оқытушыларының 2017 жылы рейтингісі жоғары журналдар мен TR және Scopus базасында 9 мақала жарыққа шықты. ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізген 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру туралы конкурстың нәтижесі бойынша «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасы қызметкерлерінің жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды. Жобаның ғылыми жетекшісі – «КА және ЕҚ» кафедрасының доценті С.Кудрявцев. Өткен жылдың наурыз айында Шымкент қаласында өткен IX Республикалық пәндік Олимпиадада студенттеріміз бірінші орынды иеленген болатын. Соның нәтижесінде, биыл X республикалық пәндік олимпиада біздің университет қабырғасында өткізіледі. Аталған іс-шараның ҚарМТУ мен облысымыздың имиджіне тигізер пайдасы зор. Ғылым кеңістігіне қадам басқан жас ғалымдардың қызығушылығын арттырып, өз саласында жаңалықтар ашуына серпін берері сөзсіз.
Жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде «КА және ЕҚ» кафедрасының оқытушылары ҚР БҒМ-нің екі жыл қатарынан «ЖОО-ның Үздік оқытушысы» атағына ие болды. «КА және ЕҚ» кафедрасы «Қоршаған ортаны қорғау және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» — 5В073100 мамандығының «Еңбек қауіпсіздігі және төтенше жағдайлар», «Қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігі» траекториялары бойынша мамандар даярлайды.
Үш тілде білім беруді жүзеге асыру мақсатында «Еңбекті қорғау», «Өнеркәсіптік санитария» пәндері көптілді топтарда ағылшын тілінде өткізіледі. Кафедрада түрлі бағыттар бойынша 5 ғылыми үйірме жұмыс жасайды. Осы оқу жылының күзгі семестрінде 3 студент сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Гедеминас атындағы Вильнюс техникалық университетінде және Ұлттық зерттеу Томск политехникалық университетінде оқып келді. Сонымен қатар, студенттерге патриоттық тәрбие беру мақсатында «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбында кураторлық сағаттар өткізіліп, кафедрамызда қоғамда, мемлекетімізде болып жатқан жаңалықтар мен тың бастамаларға аса назар аударылады. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, Омар Темірбековтің тау-кен факультетінің студенттеріне дәріс оқуы осыған дәлел. Дәріс ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талдауға арналды. Кафедра келешекте білім алушылардың ішкі академиялық ұтқырлығын дамыта беруді, жаңа білім беру технологияларын енгізуді, оқытушылардың ағылшын тілін кәсіби деңгейде игеруін ұйымдастыруды, электронды оқыту жүйесін қолдануды, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды енгізуді, ғылыми-техникалық университеттермен серіктестікті жалғастыруды, «Невада-Семей: болашаққа көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өткізуді, «Мәңгілік Ел» рухани құндылықтарын күшейту мақсатында студенттер мен магистранттарды қоғамға пайдалы қызметтерге тартуды жоспарлап отыр.
Асқақ армандар алдында биік мақсаттарды қоя білетін кафедра студенттер үшін заманауи сұранысқа ие мамандықтарды ұсынады. Ел экономикасы дамуының бірден-бір жолы білімді жастардың қолында болса, «КА және ЕҚ» кафедрасының түлектері жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілігімен, еңбексүйгіштігімен, қалыптасқан коммуникативтік дағдыларымен ерекшеленеді. Кафедрамен ынтымақтастықта жұмыс істейтін еліміздегі түрлі өнеркәсіптер мен компаниялар арадағы серіктестікті аса жоғары бағалайды. Себебі, мұнда сапалы білімнен бөлек, шәкірттің бойына адал еңбек ету, мамандыққа, Отанға, туған жерге деген махаббат сезімдерін ұялатуды басты мақсат етеді. Алпыс жылда алып шыңдарды бағындырған кафедраның болашаққа деген бағыты мен бағдары айқын.
Н.ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚарМТУ-дың КА және
ЕҚ кафедрасының меңгерушісі.
СУРЕТТЕ: Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы (2016 ж.).