«Stadler Қазақстан» зауытында жаңа үлгідегі жолаушылар вагондары жасалуда
Астанада орналасқан «Штадлер Қазақстан» ЖШС зауытында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға арналған жолаушылар вагондарының жүйелі өндірісі іске қосылды, – деп хабарлайды ortalyq.kz «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінсілтеме жасап.

2030 жылға дейін жүзеге асатын жоба шеңберінде 557 бірлік техника жасау жоспарланған. Олардың қатарында купе, плацкарт, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға арналған арнайы вагондар және генераторлы вагондарды шығару қарастырылған.
Ұлттық тасымалдаушы басшылығы өндіріс орнында болып, зауыттың жұмыс үдерісімен толық танысты. Олар дайын вагон корпустарын көріп, барлық цехтардың жұмысын бақылады.
Қазіргі таңда 400-ден астам қызметкер жұмыс істейтін зауытта толық технологиялық цикл жолға қойылған. Атап айтқанда:
• Вагон корпустарын дәнекерлеу және бояу
• Электрлік компоненттерді құрастыру
• Тележкаларды жасау және орнату
• Вагонның ішкі жабдықтарын орнату
• Қызметке шығар алдында стастикалық және динамикалық сынақтар жүргізу.
Соңғы екі жылда кәсіпорын ауқымды жаңартудан өтіп, заманауи өндіріс технологиялары енгізілді, сондай-ақ жергілікті мамандар даярланып, өндірістің деңгейі айтарлықтай артты.
Stadler шығарған купелік вагондар 40 жолаушыға арналған жайлы жатын орындармен қамтамасыз етіледі. Олар заманауи климаттық бақылау жүйесімен, бейнебақылаумен, электрлік жылыту құрылғыларымен және автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталады.
Жолаушылардың жайлылығы үшін әрбір купеде электр розеткалары мен ұялы телефондарды жол бойы қуаттауға арналған USB-порттар орнатылады.
Жаңа пойыздардың ерекшеліктерінің бірі — сыртқы келбетінің мемлекеттік тудың көк, сары және ақ түстерінде жасалуы. Бұл шешім Қазақстанның ұлттық болмысын және рәміздік мәнін айшықтай түседі.
Жаңа вагондар Қазақстанның климаттық ерекшеліктері мен елді мекендер арасындағы ұзақ қашықтықтарды ескере отырып, арнайы әзірленеді.
Келісімшартқа сәйкес, биылдың өзінде алғашқы 51 вагон «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға беріледі. Бұған қоса, зауыт осы вагондарға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді міндетіне алып, олардың тұрақты жұмысын және ұзақмерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.