Қарағанды қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотты сыйламағаны үшін Т. деген азаматтың ісін қарады.
Сот қараған оқиға 8 қаңтар күні Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ғимаратында болған. Осы сотта қаралған азаматтық іс бойыншы сот шешімі жарияланған кезде Т. судьяның ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл жағдай сот залында жүргізілген аудио-бейне жазбалармен дәлелденіп, оған қоса, айыпталушы Т. да өз кінәсін мойындап отыр. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңның 1-бабы 3-тармағына сәйкес, сотты немесе судьяны сыйламаған адам заң бойынша жауапкершілікке тартылады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабына сәйкес, сотты (судьяны) сыйламағаны үшін айыпты тұлғаға ескерту жасалады немесе жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, болмаса, ол бес тәулікке қамалады.
Алайда сот шектен шыққан азаматты қамаған да жоқ, айыппұл да салмады. Оның бұрын мұндай жауапкершілікке тартылмағанын, жас баласының барын, өз кінәсін мойындап, кешірім сұрағанын ескеріп, тек ескерту жасаумен шектелді.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ