Сот жүйесі әлемдік өлшемдерге сай
Сот жүйесінің тарихы – сонау әдет-ғұрып құқығынан бастау алса, бүгінде Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі әлемдік өлшемдерге сәйкес. Азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық Заңға қол қойғаны белгілі.
Ал, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған Қазақстан үшін «…ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Осы Конституциямен баянды етілген құқықтар мен бостандықтарға нұқсан келтіруге жол бермейтін бірден-бір құқық жүйесі – сот. Жалпы, демократиялы елдегі сот жүйесінің тынысын білмекке облыстық соттың төрағасы Ерден Әріповпен сұхбат құрған едік. Бірнеше реформаны өткерген Қазақстанның сот жүйесі төңірегіндегі төрағаның ой-пікірі – сұхбаттың өзегі. Бүгінде облыста 200-ден астам судья сотта төрелік етеді…
– Ерден Рауанұлы, Президент сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте судьялар корпусын сот реформаларының шешуші факторы ретінде атағаны аян. Әңгіменің әлқиссасын ендеше бірден бүгінгі судьялар корпусының сапасынан бастасақ. Мемлекет басшысы талап еткен сапа бүгінде қандай?
– Жалпы, Ата Заңда судья болып кімнің тағайындалуы керектігі нақты көрсетілген. Яғни, жасы отыздан асқан, жоғары заңгерлік білімі және заң саласында тиісті кәсіби еңбек өтілі бар азамат судьялыққа құжаттарын өткізе алады. Олар бірнеше саты сынақ тапсырады. Сынақ психологиялық тесттерден, емтихандардан тұрады. Соның бәрінен сүрінбесе, Жоғарғы Сот Кеңесінің қорытындысын алса, оны судья етіп, Мемлекет басшысы Жарлығымен тағайындайды.
Ал, енді «Судьялар бүгінгі күн талабына сай келе ме?» деген сұраққа келсек, жалпы алғанда, толықтай сай деуге хақымыз бар. Жоғарыда атап өткендей, бірнеше сатылық сынақ барысында оның кәсіби тәжірибесі, білімі сарапқа салынады. Ендеше, сапасыз деу – жаңсақ пікірге ұрындырады.
Дегенмен, сот әділдігі кезінде кәсіби деңгейліктің кемшін түсуі мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз. Ондай жағдайда сот жүйесінде кәсібилікті көтерудің бірқатар тәжірибесі және бар. Бұдан бөлек, сот жүйесіндегі тәлімгерлікке ешкім тыйым салған жоқ. Сондықтан, жаңа тағайындалған судьяларға кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі судьялар қатарынан тәлімгерлер тағайындалады. Одан кейін Жоғары Сот жанындағы Сот академиясы тағы бар. Онда біліктілікті жетілдіру курстарынан өтеді. Осылайша, судьяның тәжірибесін, білімін көтеруге мүмкіндік мол.
«Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның талаптарына сай судья болып тағайындалғаннан соң 1 жылдан кейін оның қалыптасқандығын анықтау мақсатында білім мен кәсібилігі тағы таразыға тартылады. Оны Жоғары Сот жанындағы судьялардың кәсіби біліктілігін тексеретін комиссия анықтайды. Одан соң әрбір бес жыл сайын аталған комиссияда судья кәсібилігін дәлелдеуге міндетті. Иә, кейде бес, он және он бес жыл өтілі бола тұра, кәсібилік сыр беруі мүмкін. Онда ол судья жүктемесі жеңіл соттарға ауыстырылуы мүмкін. Өз маманының кәсібилігін бұлайша қатаң тексеру басқа бірде-бір ұйымда жоқ. Тек біздің сот жүйесінде қатаң жолға қойылған.
– Реформалар процестердің ашықтығын, сот жүктемесін жеңілдетуді көздеді. Сот жүйесінің ашықтығы бүгінде толық қамтамасыз етілген бе?
– Қоғамда сот жүйесінің ашықтығына көп сын-пікірлер айтылатынын білеміз. Бірақ, осы арада мән беретін тағы бір мәселе бар. Кейде халықтың өзі құқықтарын дұрыс қолданбайды. Көптеген құқықтық жағдайларға мән бермейді. Айталық, жоғарыда айтып өткен судьялыққа тағайындауда біздің жүйеде жариялылық, ашықтық ежелден бар. Ол ашық түрде талқыланады. Әрбір судьялыққа үміткерге халық пікірін білдіру мүмкіндігі бар. Ол Жоғары Сот Кеңесінің сайтында қамтамасыз етілген. Меніңше, бұл да – жариялылық. Бұл енді тікелей судьялардың тағайындалуына қатысты.
Жалпы, сот істерін қарастыруда ашықтық заңда бекітілген. Егер қоғамның кез келген мүшесі нақты бір сот ісі бойынша сот процесіне қатысуға ықтиярлылық танытса, оған ешбір шектеу жоқ. Әрине, кейде отбасы құндылықтары мен мемлекеттік құпияға қатысты мәселелерде кейбір сот істері жабық өтеді. Оны төрелік етуші судья өзінің қалауымен ашық сот деп жариялай алмайды. Оның үстіне кей зорлық-зомбылыққа қатысты істерде жабық өтуі тиістігі заңда көрсетілген.
– Соттағы адами факторларды жою үшін Президент жаңа заманауи технологияларды сот ісінде қолдану туралы айтты. Бізде қолданыста бар ма?
– Қоғам өзгеріске түскенде, оның әр саласы да одан қалыс қала алмайды. Сот жүйесі де дәл солай. Ондай жағдайда сот жүйесі де бір орында тоқтап тұрмасы анық. Мысалы, 10-15 жыл бұрын мүлде қоғамда кездеспеген қарым-қатынастар пайда болды. Сол секілді сот жүйесі де ілгерілеп келеді.
2007 жылы ең алғаш Қарағанды облысы, Балқаш қалалық сотында онлайн тәртіпте сот процесі өтті. Ол ең алғашқы рет еліміз бойынша сот ісін онлайн өткізу еді. Бұған сол уақытта Мемлекет басшысы да қатысқан. Сол уақытында онлайн процесс жүйедегі жаңалық атанды. Енді кейінде күнделікті жұмыс тәртібіне толықтай дендеп енді. Бүгінде қарасаңыз, онлайн режимде сот істерін қарастыру жолға қойылған.
Жасанды интеллектіге келсек, мұның да ауылы алыс емес. Әйткенмен, оны бірден қолданысқа еніп кетеді деп кесіп айту қиын. Ол да рет-ретімен бола жатар. Қазір бұл мәселе – тек біздің Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде талқыда. Мамыр айында Жоғары Сот Төрағасы бастаған біздің елдің делегациясы Қытай Халық Республикасында болып, тәжірибе алмасып қайтты. Не десек те, оның да сот ісінде қолданылар күні жақындап қалған сияқты. Егер ондай интеллекттер бұқараның көңілінен шығып, қолдау тапса, оны неге сот ісіне де қолданбасқа?
– Сот орындарының бірыңғай жүйесі «е-Сот» қолданысқа енгізілді. Осы жүйе жөнінде кеңірек әңгімелеп берсеңіз…
– Бұл жүйе өзінің өміршеңдігін көрсетті. Халық үшін өте тиімді жүйе. Өйткені табан тоздырып жүрместен талап арыздан бастап, кез келген сот ісіне қатысты құжаттарды сотқа электронды түрде өткізуге болады. Сонымен қатар, сот үкімдері, шешімдері және қаулыларын ешқайда бармастан осы жүйені қолдану арқылы алуға мүмкіндік берілді.
Тағы бір артықшылығы – сотқа келіп түскен талап-арызды, қылмыстық істі адамның қатысуынсыз жүйенің бөлуінде. Бұрын сотқа түскен талап-арыздар, сот істерін соттың төрағасы бөліп келген еді. Оның бұқара арасында күмән туғызғаны да жасырын емес. Енді ол күмән-күдікке жол жоқ. Себебі, бәрі автоматты түрде жүйе арқылы бөлінеді. Ашықтыққа зәредей күдік келтірмейтін жүйе.
Ертеректе сот отырысында хаттама жазбаша рәсімделген. Қазір 100 пайыз барлық сот отырысы басынан бастап, соңына дейін аудио-бейне жазбаларымен реттеледі. Әрине, кейде техникалық кедергілер туындауы мүмкін. Онда сот отырысының хатшысы жазбаша хаттама толтырады. Бүгінгі таңда барлық сот осы жүйеге көшкен.
– Сіздің ойыңызша, өз алдына жеке-дара юрисдикциядағы кассациялық соттарды құру аясында қалыптасып жатқан сот реформасы отандық сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне, азаматтар мен заңды тұлғаларға да оң әсерін тигізе ме?
– Кассациялық сот жоқ деуге болмайды. Қолданыстағы заң бойынша Қазақстан Республикасы Жоғары Соты – кассациялық соты ретіндегі сот сатысы. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе – бейтарап кассациялық сот құру. Бұл мәселе тап осы кезде Мемлекет басшысының ұсынысымен Парламентте талқыланып жатыр. Қолдау табады деген үміттеміз.
Бұл арада тек қана судьялардың пікірі ғана емес, заңгерлердің, түрлі озық елдердің сарапшыларының пікірлері ескерілді. Бұқара сот істерін қарастыруда кассациялық сотты сұрап отыр. Сол себепті мемлекет тарапынан оған қадам жасалып жатыр.
– Ғұмырбаяныңызға қарасақ, бүкіл саналы ғұмырыңыз сот саласымен қатар өрілген екен. Демек, оның толып-толысуы, жетілдірілуі Сіздің көз алдыңызда. Қазіргі уақытта сот жүйесіндегі реформаның, сот төрелігін жетілдіре түскен қайсысы тиімді деп қадап айтар едіңіз?
– «Заманына қарай заңы» деген бар. Әрине, орын алған реформалардың бәрі тиімді, көптің көңілінен шықты деп, кесіп айтуға әсте келмейді. Қоғам дамыған сайын кейде кеш қалып, кейде дөп түсетін тұстарымыз бар. Десек те, біздің соттың да өзге дамыған мемлекеттермен терезесін тең етер жаңалықтары жетерлік. Мәселен, электронды сотқа келсек, бұл турасында басқа да дамыған мемлекеттерден қарыс қадам да қалыс қалғанымыз жоқ. Жоғары Сотта қызметте жүргенде түрлі халықаралық форумдарға да қатыстық. Сонда ондай ерекшеліктеріміз, артықшылықтарымыз аталмай қалмайды. Ілгерілеу де, я кемшіліктер де кезектесіп тұрады. Сол себепті әр реформаның өзіндік пайдасы бар.
– Кейінгі уақытта резонанстық істердің онлайн трансляциясы жүріп жатыр. Мысалы, Бишімбаевқа, Қарағандыдағы жедел жәрдем жүргізушісін ұруға қатысты қылмыстық істер. Онлайн трансляцияның артықшылықтарын бұдан бұрын айтып өттіңіз. Кемшілігі неде дер едіңіз?
– Сот ісінде нақты адамның тағдыры шешіледі. Сол тұрғыдан келгенде, сот процесіне қатысушыларға қатысты пікірлер туындауы мүмкін. Сол аз-кем ойлантады. Мұны да енді бұл күннің жаңалығы деп қабылдаған жөн. Егер қатысушылардың өздері келісім берсе, оған қарсылық жоқ. Дегенмен, менің жеке пікірім: сот процесін басынан аяғына дейін толық көрсеткенді мен құп көрмеймін. Одан үзінділер көрсетуге болатын шығар. Алайда, басы бүтін трансляциялауды жөн санамаймын. Себебі онда жеке тұлғаның өзіне, жеке басына қатысты мәліметтер жария етілуі мүмкін. Азаматтардың құқықтық мәдениеті, құқықтық білімі төмен. Содан келіп, кереғар пікірлер туындауы мүмкін. Бұл – өзімнің жеке ойым.
– «Тура биде туған жоқ. Туғанды биде иман жоқ» деген жұрттың жұрнағымыз. Сот төрелігіне селкеу түспейтін тура биліктеріңізден ел үмітті. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.