Сот таразысы – әділдік айнасы
2021 жылдың 6 айында облыс соттарына 1 128 қылмыстық іс келіп түсті. 2020 жылға қарағанда 8 бірлікке көп. Оның 916-ы адам сотына қатысты. (735 іс 856 адам) 782 іс үкім шығарумен ғана шектелсе, 887 істе (801) адам сотталды. Былтырғы көсеткіштен 6,4%-ға ұлғайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің тікелей эфирінде «Қарағанды облысы соттарының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары» атты онлайн брифингінде кеңінен тарқатылды.
Арнайы отырысқа облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы – Шахатбек Әбдіров, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов және облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Туғанбаев қатысып, биылғы жылдың есебін ұсынды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің күшіне енуіне байланысты еліміздің 17 өңірінде және Семей, Жезқазған, Екібастұз, Қаскелең сияқты ірі қалаларында жаңадан 21 мамандандырылған әкімшілік сот ашылып, өз жұмыстарын бастап кетті.
– 2021 жылдың 6 айында түскен өтініштердің саны өткен жылмен салыстырғанда 14% – ға артты (22 834 өтініш, өткен жылы – 19 696 өтініш). Әрине, көбеюге себеп сан қилы. Өткен кезеңде пандемия мен карантинге байланысты төтенше жағдай режимінен кейін халықтың сот белсенділігінің артуы, сондай-ақ, осы уақыт ішінде шешілмеген бизнес және несие мәселелері. Бірақ кейбір сандар қоғамдағы бар проблемаларды көрсетеді. Мәселен, 6 666 талап қою немесе 29% (22 834-тен) неке-отбасы құқықтық қатынастарынан (некені бұзу, алимент) туындайтын дауларға келеді, 6 970 талап қою немесе 31% шарттық міндеттемелерге байланысты дауларға жатады. Бұл отбасылық қатынастардың нашарлауын және халық пен нарық субъектілерінің төлем қабілетсіздігі қаупінің артуын білдіреді, – деді алғаш сөз алған Шахатбек Әбдіров.
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетовтің баяндауынша, сотталғандар саны 86 бірлікке немесе 9,6 пайызға өскен. Бас бостандығына айырылғандар (324 адам) 36,5 % құрап тұр. Аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау практикасы – 100 %. Ауыр қылмыстар 39, 1 пайыз. (2020 жылдан 33 пайызға артқан.)
Сонымен қатар, қылмыстық істердің жалпылай өсуі де назарда.
Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 3-тен 16-ға дейін (13 іске немесе 81,3%) Халықтың денсаулығы мен имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 97-ден 149-ға дейін (52 іске немесе 35%). Бұл тұрғыда сотталғандардың 86 бірлікке немесе 9,6% өскен.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың үлес салмағы 36,5% (324 адам) құрады.
Әрине, «Қоғамымызда жаңа кодексті қабылдау, яғни әкімшілік әділет институтын енгізудің қандай қажеттілігі бар, оның мақсат-міндеттері қандай, әкімшілік сот ісін жүргізудің қандай ерекшеліктері бар?» деген сұрақтар туындауы сөзсіз.
– Осы уақытқа дейін елімізде сот билігінің атқарылуы қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот істерін жүргізу тәртібімен жүзеге асырылып келді.
Статистикаға жүгінсек, бүгінгі күнде қоғам мен биліктің арасындағы жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың 85 пайызы биліктің пайдасына шешіледі екен. Бұған себеп, әрине мемлекеттік немесе әкімшілік органдарының мүмкіндігінде. Мысалы, бұл органдарда көптеген заңгерлер, сарапшылар, тағы да басқадай арнайы білімі бар мамандар қызмет атқарады. Дау туындай қалған жағдайда осы мамандардың білімі, тәжірибесі, күш-жігері билік мүддесіне қызмет етеді. Ал, қарапайым адамда ондай мүмкіндіктер бар ма? Әрине, жоқ! Сондықтан, бұл дауларда билік органдарының көбіне жеңіп шығуы таңқаларлық жағдай емес.
Бұл жағдайдан қалай шығуға болады?
Оған жауап – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сот ісін жүргізудің жаңа түрі – әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі арқылы қарап шешу, яғни билік органдарымен дауда әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет институтын іске қосу, – деп түйді Мұрат Туғанбаев.
Сот мәлімделген талаптармен шектелмейді. Талапкер әу бастан әлсіз тарап болып саналады. Енді сот оған арыздағы талаптарын дұрыс көрсетуге, тіпті, оның түрін өзгертуге дейін көмектесе алады.
Сот тараптарға көмек ретінде жекелеген құқықтық мәселелер бойынша алдын ала өзінің пікірін айтуға құқылы.
Сот өз шешімдерінің орындауын қадағалайды және қамтамасыз етеді.
Бұл институт бизнес-қоғамдастық үшін де өте маңызды. Себебі, ол кәсіпкерлерді мемлекеттік немесе әкімшілік органдардың заңсыз іс-қимылдарынан қорғайды, әрі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Демек, әкімшілік әділет институты халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың тиімді құралына айналуы тиіс.
Ал, облыстағы соттардың жұмысына келсек, осы уақытқа дейін оларға жалпы 222 әкімшілік талап қойылды. Оның 172-і тікелей Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы әкімшілік соттарға келіп түскен.
Бұл көрсеткіште біз республикада үшінші орында тұрмыз.
Сотқа келіп түскен істер жаңа әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралып жатыр. Әрине, нәтижесіз де емеспіз. Мысалы, Жезқазқан қаласындағы әкімшілік сотта көп балалы ана – «Күміс алқа» иегерінің әкімшілік талабын қарау барысында, осы кісінің Нұр-Сұлтан қаласына немерелерін бағуға уақытша барғанын желеу етіп, құзырлы мемлекеттік органның оны тұрғын үй кезегінен заң талабын бұзып, алып тастағаны белгілі болды. Сот шешімімен көпбалалы ананың бұзылған құқығы қорғалып, үй алу кезегіне қайта тұрғызылған.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ