Солдат
Очерк
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап.
Ақтамберді жырау.
Бейбіт заман. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Қырықтықтамыз. Совхоздың қойы көп. Біз қой жығамыз. Әкелеріміздің дені соғыстан келген. Көбі жарадар. Бірі аяқтан, бірі саусақтан, бірі қолдан, бірі денсаулықтан айырылған. Шешелеріміз қой қырқады. Әкелеріміз шарықпен қайшыларды қайрайды. Ауылдың батысында Шарықты деген тау бар. Қайрақты содан алады. Балалар қой жығып, арасында шарықты айналдырып тұрады. Болат қайшы қайраққа тиген бетте ұп-ұсақ жұлдыздар ұшқын атады. Керемет сурет. Қайрақты айналдыра бергің келеді. Ауылға аңсарың ауатын, қайтып оралмайтын балалық шақ.
Қырқым бітеді. Қырқылған қой кубкаға, креолинге түседі. Жайлауына желдеп кетеді. Енді жүн қаптау жұмысы басталады. Үкімет елге шай мен қант бермесе де, қапты аямайды. Үлкендер қаптың аузын ұстап тұрады. Жүн салынады. Қапқа сиятын біздерді ішіне тігімізден салып жібереді. «Секіріңдер» дейді. Ой, бір секіреміз келіп. Ең бір қиыны – ұзын, үлкен қанар бар. Үлкендер «өлген неміс» дейді. Ол қанарға екі бала түседі. Тұяқ екеуміз кіреміз. Үлкендер орындыққа шығып, қанарды ұстап тұрады. Біз жүнді таптап, ал келіп секіреміз. Жабағы жүн тапталған бетте төбемізден тағы жүн жауады. «Немісті» таптап, секіре береміз. Қойдың жабағы жүнінен қызулы дүниені әлі көргем жоқ. Ақ тер, көк тер болып шығасың. Тер моншақтап ағады. Эстонияда таза фин саунасын көргем. Біздің қазақтың қанардағы жабағы жүнінің қызуының қасында жіп есе алмайды. Сол үлкендерге әлі қол қойып, қол қусырам. Қыстан суықтап шыққан, жел-құзы бар балаларды осылай бір жағы жұмысқа жегіп, екінші жағынан емдеп жібереді екен ғой. Оқудан, қырқымнан бас босайды. Бірақ, шешеміз қанша сабындап жуындырса да, жарықтық қойдың шуашының иісі кетпейді. Әрине, оқу жылы басталғанша иіс-қоңыс кетеді.
Кейін хат танып, ат жалын тартып мініп, оқып-тоқи бастағанда білдім. Бір Қазақстанның біз нығыздап, қапқа салып жүрген қойлардың жүнінен бүкіл СССР-дің миллиондаған солдаты шинель киген екен. Пимасы, тоны тағы бар.
Біз жүн таптап жүргенде үлкендер: «Ей, құлындарым, біз көрген соғысты, қанды қырғынды, қып-қызыл өртті, адам қаны судай аққан сойқанды сендер көрмеуге, Алладан тілейміз», деп отыратын.
♦ ♦ ♦
«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген сөз қалыпты ежелден. Бәлкім ер Түріктен жеткен шығар. Ол жағын болжау қиын. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегіндегі негізгі ұстын, меніңше, әлем тарихынан, өз тарихымыздан тағылым алмасаң, талқаның шығады дегенді меңзейді.
Соғыс неден бұрқ ете қалады? Әріге тарихтан тарамыс тартсаң, А.Македонский әкесі Филлипті өлтірген Парсы патшасы Дарийден өш алу үшін бәрін жайпап, біздің бабаларымыз – Сақтардан сағы сынып, Үндістанға шейін жетіп, өзі де о дүниеге кеткен. Абай атамыз жазатын Ескендір Зұлқарнайын.
Соғыс толастамаған. Рим империясының жойқын жорықтары, біздің атамыз – Бейбарыс бастаған мамлюктердің крестшілермен соғысы. Тізе берсең, көп-ақ. Ұлы бабамыз сайыпқыран Шыңғыс қағанның Қытай мен Хорезмді тізерлеткен соғыстары неден басталған? Намыстан. Шыңғыс бабамыздың елшілерін қырып салған Хорезмнің астамсыған патшасы мен елін осы біздің аталарымыз тас-талқанын шығарған. Сүбідей мен Жебе Кавказды түріп өтіп, Қалқада Руссияның жасақтарын жайпап өткен.
Бату хан бабамыздың Адриат теңізіне аттарын жалдатқаны, немере інісі Байдардың Легница түбінде он-ақ мың сарбазбен алпыс мың крестшілерді қырып-жойып, ағасына тоғыз қап құлақ кесіп әкеліп бергені Еуропа тарихында жазулы тұр. М.Мағауинді оқыңыз. Ағамыз тарихи фактілерге келгенде алдына жан салмайды. Өз аузынан естігенмін. Шығармаларын оқығанда тағы көзім жеткен. Мұхтар ағамыз сол Легница жеріне арнайы сапарлапты.
Ал, енді Германия мен СССР-дің соғысы неден басталғанын әлі біле алмадым. Әркім өзінше болжайды. Бірі Гитлерден көреді, бірі Сталиннен көреді. Мәселе онда емес. Соғыстың аты – соғыс. Сардар бастады, сарбаз атқа қонды. Әкелеріміз – солдат. Окоп, траншея, блиндаж, винтовка, автомат, пулемет, Т-34 танкі. Аспанда соғыс, жер үстінде соғыс. Екі жақ та қырылып жатыр. Жан алып, жан берген шақ. Бәрі – адамзат ұрпағы. Не жеңілесің, не жеңесің, не жер жастанасың. Немістер Мәскеуді ала алмай, Сталинградта қоршауға түсіп, Курск иінінде оңбай жеңілген. Маршал Г.Жуков естелігінде ашық айтыпты шындықты. «Осынша ойсыратсақ та немістер аяғына шейін айқасты» деп жазыпты. Олардың да рухы, біздің солдаттардың да рухы мықты болған. Бүгін біреу даттайтын, біреу мақтайтын И.Сталин немістердің рухын бір күнде сындырған. 1944 жылы. Қалай?
Жеңіс Маршалдары – Г.Жуков, К.Рокоссовский, И.Конев. Шыңғыс қағанның Сүбідей, Жебе, Мұқали сияқты сардарлары. Белоруссияда К.Рокоссовский «Багратион» операциясын ойдағыдай өткізіп, жау әскері қоршауға түсіп, ойсырай жеңіледі. Әскери тарихшылардың есебі бойынша немістердің 381 мың солдаты жер жастанып, 158 480 жауынгері тұтқынға түскен.
Англия мен АҚШ екінші майдан ашуға асықпайды. Сталин жүз мыңға жуық неміс тұтқындарын Мәскеу көшесімен малша айдап өтуге Берияға бұйрық береді. Айтылды – бітті. Г.Жуковтың естелігі бойынша 57 600 неміс тұтқыны жеңімпаз елдің астанасын жүрелеп өткені тарихта жазулы. Кинохроника Гитлерге, Рузвельтке, Черчильге жіберіліпті. Үшінші рейхтың рухы – табанда. АҚШ пен Ұлыбритания ұзамай екінші майданды ашыпты.
♦ ♦ ♦
Бұл очерк бір суреттен туған. Қазақ солдаты жеңімпаз болғысы келген вермахтың кеудемсоқ сарбаздарын алдына салып, қойша айдап келеді. Баста – пилотка, қолда – винтовка, кеудеде – «Даңқ» ордені. Қараңыз – Қазақ рухы асқақтап тұр ғой!
P.S. Өкініштісі – жеңімпаз қазақ солдатының кім екені белгісіз. Біріміздің әкеміз, біріміздің атамыз шығар.
Мағауия СЕМБАЙ.