Жаңалықтар

Сол Нұрхан…

Қарағандыда біреу білген, біреу білмеген Серік Ысқақ деген ақын болды. Өлеңдерін «Простор» журналынан көріп қалып таң қалғам. Қазақ баласы солай өлең жазады дегенге сене алмағам…

Жалпы, Серіктердің осалы жоқ қой!
Әр аймақтың өз Серігі бар!
Шығыста – Байхонов!
Бізде – Ақсұңқарұлы!
Қарағандыда Ақсұңқарұлынан басқа тағы бір Серік бар дегенге сене алсамшы…
Осип Мандельштамның сайранынан…
Ол Осип ақынның барлық өлеңін жатқа оқушы еді. Қалды оның қарасөздерін де жатқа оқитын.
Сол Серікпен қатар жүру, оқыған өлеңдерін тыңдау бақыты маған 1973 жылы Қарағанды университетіне оқуға түскен жылымда бұйырды.
Қарағандыны іштей қоңылтақсып жүретінмін-ді. Жарқ еткен жұлдыздары жоқ деп. Сөйтсем бар екен…
Сара Смағұлова, Жұмағали Қоғабай, Базар Мамыр, Ерік Әбіш, Нұрғали Ибрайым­ов, Тортай Сәдуақасов, Әли Тойжігіт, Қасқырбай Тортаев…
Кейінгісі сұрапыл ақын еді. Қостанайлық болатын. Бір бөлмеде жаттық.
Кредосы бөлекше еді.
Айқайлап келіп өмірге,
Үн-түнсіз кету ұят-ақ…
Мұндай жолдарды ақындардың ақын­­дары ғана төгілдіре алса керек-ті. Өкініштісі, өмірден ерте кетті.
Сол Қасқырбай бауырым мені жаратпай кетті. Орысшылсың деп. «Шалдың баласы» деп мен де оны өзімше оңдырмай жатушы едім.
Негізі, ол Шәкәрімнің сайранынан еді…
Сол кезде елдің бәрі ақ өлеңге үйірсек еді. Ұйқастарың жоқ деп сынап жатушы еді біздерді.
Оған біздер де былқ етпейміз. Уитмен мен Фросты жатқа оқушы едік.
Ал Уитмен мен Фросты ақын емес деу­ге ешкімнің дәті бармайтын. Оның үстіне «орысшылдығымыз» да баршылық болатын. Олжаспен бірге Булаттың, Роберттің, Андрейдің, Евгенийдің өлеңдерінен жаңылмайтынбыз.
Сонан Ерден Қажыбекпен таныстым. Оның да өлең оқысы бөлек еді. Олжас ағасынан оқығанда бәрін ұмытып, жанып түсетін.
Бірақ мен бәрінен де Серік Ысқақ ақынды жоғары қоюшы едім!
Да, я влюблен, влюблен,
В сердце боль и грусть,
Снится что это сон,
А завтра проснусь…
Қандай керемет жолдар!
Келер жылымда біздің топқа Шымкенттен ауысып бір сорай жігіт келді. Кейін байқасам, оны сорай ғып көрсетіп тұрған мойыны екен. Ол мойынға кемі екі-үш жаға керек сияқты көрінуші еді.
Сол сорайымыздың да есте сақтау қабілеті керемет еді. Бір өлеңді бастап, тыныс алсаң, әр жағын өзі жалғай берер еді. Оның басты кереметі прозаны өлеңдетіп оқитын. Ол да түк емес. Ол орысша оқыған өлеңінің міндетті түрде аудармасын да оқушы еді!
Оның өлеңді проза сынды оқитыны да елді тәнті ететін!
Ол – Нұрхан Хамзеұлы еді!

Сурет автордан

***
Мен оған бір көргеннен-ақ жабысып қалдым.
Оның фамилиясы керемет еді!
Мыңбаев!
Менің түсінбейтінім мұндай фамилия­мен Нұрханның Қарағандыда не істеп жүргендігі…
Менің түсінігімде мұндай фамилия­мен Мәскеудің өзін де өзіне қаратуына болады.
Иә, Кәрім Мыңбаевтың немересі.
Кәрімнің інісі Хамзенің баласы.
Хамзекеңді көрдік. Сұңғыла адам еді. Көріп қана қоймай әңгімесіне де құлақ салдық. Біреуін түсіндік, біреуін түсінбедік…
Ал Хамзекең бақытты еді. Баласының Қарағанды университетінде оқып жүргеніне…
Мұндай оқу жоқ деп отырар еді жарықтық…
Мұндай мұғалімдер жоқ деп отырар еді кейқуат…
Әрине, оның бәрін кейін түсіндік…
Академик Кеңесбаев қарыз алып тұратын Фатима Кенжебаева қандай еді?! Апамыз ол кезде аспирант екен…
Айтбай Нәрешев ағамыз қандай еді?! Жатқан бір мектеп еді ғой. Мұғаліміміздің «ЕСЕП-тің» алғашқы толқынынан екендігін де кейін білдік. Оны да Нұрханнан естіп едік.
Нұрханға сенеміз. Өйткені оның фамилиясы Мыңбаев қой…
Нұрханды танымайтын мұғалім жоқ. Университет ректоры Евней Арыстанұлы ағаның өзі оны атап шақырып алып, қау­қылдасып жататын.
Соған кәдімгідей қызығып қараушы едік…
Қызғанып қалатынымыз да бар еді…
Ол ақын болып өлең жазбаса да, болмысы ақын еді. Соған орай жұрт оны ақын деп ойлап қалушы еді.
Қай жерде қандай өлең оқуды білуші еді.
Бір жылдары «Балаусаның» сыңары болды. «Балаусамыз» – кәдімгі әдеби үйірмеміз. Оның мүшелері филолог студенттер болып келетін.
Филологтардан басқа да өлең жазушы тарихшыларымыз, физиктеріміз, экономистеріміз болды. Олардың арасында Ғазиз Әлин бауырымыздың орны бөлек еді. Кезінде оның өлеңдерін қазақтың Кербұғысы – Оралхан ағаның өзі жақтырып еді…
Жасыратын ештеңесі жоқ, оларды жарата бермеуші едік. Ұйқастан жұрдай деп…
Олар да біздерді «қатырып» жататын. Кітаби ақындар деп…
Сол бауырлар біздің «Балаусамызға» балама ретінде өз «Балаусаларын» құрды. Не ғажабы бар екенін кім білген, оның жиындары қазіргі Кеншілердің мәдениет сарайында өтуші еді. Ал ол тұста оған екінің бірі бас сұға алмайтын. Өйткені Қарағандының үлкенді-кішілі жиындары сол сарайда өтуші еді.
Олар да біздерге қысастық жасайтын. Жай жүрмейміз ғой, ұрттап-жалап жүреміз… Содан кіргізбейді…
Бір күні Нұрхан екеуіміз сондай жиынның үстінен түсейік.
Бізді ішке кіргізбеді. Бұл жолы Нұрханның фамилиясы да көмектеспеді.
Алайда Нұрхан Нұрхан ғой…
Бастап жіберді трибуна-поэттігін…
– Мне порка нужна
как китайцу рис…
Жұрт жым болды. Бұл – Маяковский еді. Бұл үшін ол тұста срок алуға да болушы еді…
Мен шошиын дедім. Жұрт ішке кіргеннің орнына сыртта тұр. Біраздан кейін қарамыз кәдімгідей қоюланды.
Бұл Нұрханның күні еді.
Оқысын келіп Уолт Уитменді!
Ағылшынша…
Орысша…
Қазақша…
Уолтты үш тілде тыңдау деген жатқан бақыт қой!
Үш тілде оқу ше?
Нұрхан болса, жұртты көруден қалған.
Жіберіп жатыр бірінен кейін бірін…
Ұзатпай қызыл жағалылар да көрінген. Қашуымыз керек еді. Алайда мен көргенді ол көрмей тұр ғой!
Кенет Осиптің өлеңдері кетсін. Бәрі түсінікті еді. Бұл – Серік Ысқақ болатын!
Бізді әурелей ме деген қызыл жағалыларымыз тұрған орындарында қалды…

 

***
Ол мені көп білетіндігімен баурап алды. Білмейтін бәлесі жоқ. Қазақтың жұрт білмейтін жабық тақырыпты тарихын осы Нұрханның аузынан естідім. Сенбеске амалым қалмайтын. Өйткені оның әкесі – Хамзе Мыңбаев ғой!
Хамзекеңнің араласпаған адамы жоқ.
Баукеңмен де араласқан. Байкен Әшімов ағамызбен де араласқан. Тәшенов­пен де байланыста болыпты. Осы Хамзе әкеміздің жетелеуімен Нұрхан бауыр қазақтың талай жақсы-жайсаңдарына сәлем салған, баталарын алған.
Біздің арамызда бірінші болып, шаңырақ көтерген Нұрхан болды. Нұраның Мыңбай ауылындағы үйіне бір апта бұрын барып, жатып алайық. Ол емес, өзіміз үйленіп жатқандаймыз.
Бұзау ішкен заман еді ғой.
Сол тойдан бір апта жатып оралдық-ау…
Тағы бір апта тарқаса алмай жүрдік…
Анығы біздер сол тойдан өзгеріп оралдық…
Кетерімізде Хамзе әкеміз батасын берді:
– Сендер ауылдан келген баламсыңдар. Әке-шешелерің сендерден зор үміт күтіп отыр. Завуч болады деп, директор болады деп. Ал қазақ баласына керегі – Мұғалім. Айтбай ағаларыңнан асқан мұғалім болыңдар!..
Түсінген адамға бұл керемет бата еді.
Көбіміз мектеп есігін ашпадық. Өз ағымымызбен, өз ығытымызбен кеттік.
Ақын болдық, жазушы болдық, журналист болдық, директор болдық, әкім болдық…
Бірақ біздер табиғатымыздан мұғалім екенбіз.
Сол табиғатымыздан кете алмадық.

 

***
Нұрханның істемеген қызметі жоқ.
Қызмет талғамайды. Керек пе – уборщица болып та істей береді.
Облыстық басылымдарда істеді, Нұра аудандық «Нуринский хлеборобта» редактор болды.
Нұрхан қалай жазуды білді. Штык еді. Астамсынған талай аққұлақ «ағаларының» аяғын аспаннан келтірді. Нұрхан Мыңбаев дегенде бірінші хатшыларыңыз кәдімгідей жасып тұратын.
Кейінде «Егеменде» істеді. Оның редакторы кәдімгі Шерағаң – Шерхан Мұртаза болатын!
Қазақтың ғұлама ғалымы Кәрім Мыңбаевтың тоқсан жылдығы келе жатқан.
Содан әрі ойланып, бері ойланып бабамыз жөнінде портреттік жазбамды жазайын.
Шерағаңа ұнаса керек. Бірден бір әрпін қисайтпай басты.
Кейін кездестік те:
– Қай шәкіртімсің?, – деп сұрасын.
– Нұрханның шәкіртімін, – дейін.
– Нұрханымның сендей шәкірті болса, менің де құр жүрмегенім ғой, – деп әбден ризашылығын білдірсін.

 

***
Мен Нұрағаңды білгелі жарты ғасыр болыпты. Дүние өзгеріп жатыр. Өзгермеген Нұрхан ғана.
Сол Нұрхан…
Академик атағы бар.
Еуразияда дәріс оқыды.
Мыңдаған шәкірт өрбітті…
Ол да табиғатынан кете алмады!
Ол – мұғалім еді!

Төрехан МАЙБАС,
жазушы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button