Соқыр батыр кім?
Қарағандының іргесінде бақилыққа сапар шеккен мұсылман қауымның мүрделері мәңгілікке тыныс тапқан марқұмдар қаласы жатыр. Бүгінде «Соқырдың басы» деп аталып кеткен бұл қасиетті мекеннің биік жеріне ең алғашқы болып шамамен 1775 жылы дүние салған батыр Жалаңтөс ҚҰЛЫҚҰЛЫ жерленген.
Елін жаудан қорғаған баһадүр батырының қасиетті рухынан пана іздеген пенделерге топырақ сол жерден бұйырып, мазар төңірегі қаптаған қабірлермен жалғасып, киелі қорымға айналған. Күн сайын ағылған халық қорымның кіре-берісіне қадам басқан бетте батырды рухынан бастап барлық марқұмдарға дұға бағыштайтыны баршаға аян. Алайда, жақындарымыздың бақилық қонысына айналған киелі қорымның батырдың азан шақырған атымен емес, ел аузындағы лақап атымен аталып келе жатқандығы алаңдатады. Кезінде ел мен жердің байырғы көне атауларының қиянаттың күшімен өзге жұртқа таңылып, бөтеннің қанжығасына байланып кеткені өз алдына. Ел тарихында жанарынан айырылған тұлғаларымыз аз болмаған. Десе де олардың есіміне бақталасқан бәсеке мен даудамайда ғана мұқату үшін «соқыр» деген атауды жапсырғаны болмаса, әдеттегі қолданыста бұрмаланбай өз аттарымен атағандығы белгілі. Ендеше, мұқым мұсылман қауымының алақан жайып, тағзым ететін киелі орын атауын кемсіткендей, ер есімін елемегендей болмасақ қайтеді?
Жалаңтөс батырдың кім болғандығын жете танып білмегендіктен де мешіттердегі жаназа намазынан кейінгі «Соқырдың басына барамыз», бас қосулардағы «Соқырдың басында жатыр», ауыз екі әңгімедегі «Соқырдың басына жерленген», «Соқырдың басында емес пе?» деген т.б. атаулар естір құлаққа өте ауыр, жағымсыз тиетіндігін ескеріп, ақыл таразысына салып, бұл киелі мекен «Соқырдың басы» емес, «Жалаңтөс батыр қорымы» деп аталып, мыңдаған туған-туыс, жерлестеріміздің мүрдесін бауырына басқан өлілер қаласының иесіндей болып төрінде жатқан Жалаңтөс батыр бабамыз «Қарағанды облысы аумағында орналасқан жергілікті маңызы бар киелі жерлердің» тізіміне енгізілсе, сол жерден топырақ бұйырған марқұмдарға Алланың нұры жауып, батыр-бабаның шапағаты тиюін тілейтін болармыз. Бұл сауапты ұсынысқа қайтыс болған жандардың жаназасын шығаратын имамдардан бастап, зират басына барып дұға жасайтын баршаларыңыздың қолдау білдіретіндіктеріңізге кәміл сенімдіміз. Жалаңтөс батыр Құлықұлының ата мекені бұрынғы Тоқырауын болысы, қазіргі Ақтоғай ауданының Қызылтас деген жері. Халық арасына кең тараған лақап аты – Соқыр батыр. Қазіргі тарихшылар мен зерттеушілер қазақта батырлығымен танылған төрт Жалаңтөстің есімін атап, жазып жүр. Солардың ішінде жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста ерекше ерлік жасап, аты аңызға айналған екі Жалаңтөстің есімі жиі айтылады, бірі – Кіші жүздің Алшын руынан шыққан, Салқам Жәңгірдің заманында өмір сүрген, Самарқанды 12 жыл билеген Сейтқұлұлы Жалаңтөс баһадүр, екіншісі – Орта жүздің Қаракесек – Сарым руынан шыққан Құлықұлы Жалаңтөс батыр. Жалаңтөс Құлықұлы жөнінде дәйекті деректер жазған Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Масғұт Халиолла, ҚР Журналистер одағының мүшесі, жалаңтөстанушы Ақылбек Шайхы, профессорлар Мәуен Хамзин, Тілеукен Еңсебаев пен Мақсат Алпысбес, ақын Жеңіс Қашқынов, мемлекеттік қызмет ардагері Қалкен Мәкенбаев, Қазақстанның Құрметті металлургі Төлеуғазы Абдуақасов, жазушы, арабтанушы Мұхамедқали қажы Баймұханов, тарихшы-этнограф Темірғали Аршабектер өздерінің зерттеу еңбектерінде Жалаңтөс батырдың қазақ жерін азат ету жолындағы ірі шайқастарға қатысқанын атап көрсеткен.
Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйеніп, Жалаңтөстің нағашысы Бөгенбай батырды пір тұтып, оның басшылығымен жасалған ірі жорықтарда қазақ қолына үлкен жеңіс әпергенін хатқа түсірген. Жалаңтөс батырдың қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты-Білеуті, Қарасүйір, Аңырақай, Сарыбел, Түркістан, Ташкент, Қарқаралы, Баянауыл, Құланды, Аягөз, Ұлытау маңындағы шайқастардың ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткендігі зерттеушілердің деректерінде келтірілген. Жалаңтөстің бір көзінен айырылып, «Соқыр батыр» атануы қалмақтардың Қарағанды маңында орналасқан қамалын бұзып, осы өңірді қалмақтардан толық азат ету кезінде болған. Қалмақтың ең керемет деген батыры Жалаңтөс батырға қарсы шығады. Екеуі бір түс алысып, ақыры суы бар жалғыз талдың қасына келгенде қалмақтың батырын мертіктіріп жығып кетеді. Жауды жеңіп, әрі қарай қуып тастап, қайта оралып, жалғыз тал өскен судың басына таяғанда батырдың көзіне кенеттен садақтың жебесі келіп қадалады. Жанындағылардың бәрі жиналып абыржып, не істерін білмей тұрғанда, батыр:
«Мына оқты жұлып алыңдар!» – деп айқай салады.
Бірде-бір адамның батылы бармайды. Осыны көрген батыр жебені өзі қос қолдап тұрып суырып алады. Батыр көздің орнын таңып байлап, судың басына келсе жанындағы жігіттер мертіккен қалмақ батырын қасындағы қарындасымен бірге ат құйрығына байлап өлтіреміз деп батырдан рұқсат алуды күтіп тұр екен. Мертіккен қалмақ батырының қарындасы:
«Сауға! Сауға! Сауға!» – деп батырдың алдына келіп:
«Әкем тұқымсыз қалады ғой, мынау жалғыз ағам еді, адам болу-болмауы екіталай, жарақатыңыздың құнына мен жарасам ала кетіп, ағамды өлтіре көрмеңіздер», – дейді.
Содан сабырға келіп, мертіккен қалмақ батырын сол араға тастап, қызды алып елге қайтады. Батырдың бір ақылды жолдасы бар екен, сол досы жолда келе жатып: «Сіз осы қызды үшінші әйел етіп алыңыз» деп ой салады. Сөйтіп, оның атын Ақсұлу деп өзгертіп, үшінші әйелі етіп алады. Қалмақтар Соқыр Жалаңтөс батырға бір көздің құны үшін Ақсұлу анамен қоса, екі құла айғыр береді. Бұл тұлпарлар сол кезде «Құлықтың қос құла айғыры» атанып, аламан бәйгелерде көзге түсіп, жүлде әкелген екен. «Бұқар жырау ауданының тарихы» атты монографиялық еңбектің 201-202 беттерінде:
«Жалаңтөс батыр бастаған шайқас – Сарыарқаның құтты өңірі Қарағанды маңында, Нұра мен Соқыр арасында орын алған. Қанды арпалыс кезінде батырдың көзіне жебе қадалғанда да айқас тоқтамаған… Жау садағы тиіп, азат етілген жердің өзен суы Соқыр деп айтылады» делінген. Соқыр Жалаңтөс батыр Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Жәнібек, Малайсары сияқты атақты батырлар бастаған «Аңырақай шайқасына» қатысқан. 1922 жылы Әлихан Бөкейхан елге келгенде жанында үш күн жатып әңгімелескен Сарым Шабанбай бидің ұрпағы, Сәдуақас Әбілдиннің араб әліпбиімен жазылған қолжазбасында «…1729 жылы тағы қатты қырғын соғыс болады. Қалмақтардың күл-талқанын шығарады. Осы соғыс болған жердің атын «Аңырақай» деп атапты. Бұл соғыста батырларды бастаған Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жалаңтөс батыр, Жәнібек батыр», – деп жазылған.
Жалаңтөс батырдың өз баласы Алтаймен бірге қатысқан «Сарыбел шайқасы» жөнінде Халықаралық түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ал «Бұланты шайқасына» Жалаңтөстің Қанжығалы Бөгенбаймен бірге қатысқандығын ақын Жеңіс Қашқынов баспазөз бетінде жариялаған. Профессор Т.Еңсебаев «ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарында жоңғарлар Ертіс өзені жағындағы Баянауыл далаларын басып аламыз деп әрекет жасаған. Қазақтар жауға тойтарыс беру үшін шұғыл қосын ұйымдастырды. Арғындардың әскерін Олжабай батыр басқарады, жеке әскери топтардың басында Олжабайдың жиені Жасыбай батыр, Едіге, Жәуке, Алпыс, Жаңабек, Көшет, Дулат, Жалаңтөс батырлар тұрады» деп жазыпты. Жоңғарлармен соғыстан Баянауылда «Жалаңтөс асуы», «Жасыбай асуы» және «Көшет асуы» деген жер атаулары жазбаларда сақталып қалған. Дихан-Баба Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» романында «Жалаңтөс асуы» деген жер аты кездеседі. Ақтоғай ауданындағы Жалаңтөстің Қызылтасы деген таудың аңғарларында «Жалаңтөс батырдың үш қорығы» деген жерлер бар. Жоңғарлармен соғысқандығы туралы деректердің бәрінде Жалаңтөс батыр болып жазылғандығына сүйеніп, зиратты «Соқыр» деген лақап атымен емес, «Жалаңтөс батыр қорымы» деп атауға шақырамын. Бұл батыр рухын қолдайтын баршамыз үшін үлкен парыз.
Тұңғышбай МҰҚАН, өлкетанушы.