Соңғы ауылдың соңғы аялдамасы жоқ
Өткен жылы Октябрь ауданына қарасты «Шахтер» ықшам ауданынан соғыс және еңбек ардагерлеріне, жас отбасыларға мүгедектерге деп №14, №114, №115, №120 жөндеуден өткен үйлердің кілтін жүз шақты отбасына салтанатты түрде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өз қолымен тапсырып, бізді үлкен қуанышқа бөлеп тастап еді. Баспаналы болғанымыз үшін рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
Бірақ, осы шағын ғана аядай ауылымыз ауданның шетіне орналасқандықтан жалпыға бірдей көрсетілетін қызмет түрлерінен шетқақпай болып отырған жайымызды бір жөнге келтірер деген оймен қалалық әкімдікке, автопарк әкімшілігіне өтініш жасаған едік. Бұл жайт «5 арнадан» көрсетіліп еді. Алайда, ешқандай көмек болмады. Осы жайды қайтадан еріксіз көтеріп отырмыз.
Біріншіден, бізге бөлінген №3 автопарктің №8 автобусы «Көгілдір тоғандардан» өтіп, бізге жетпей тоқтайды. Яғни, орта жолдан қайтып кетеді. Жаз айларында «Көгілдір тоғандардағы» мектепке немерелерімізді апарып, алып қайтып, дүкендерге, дәріханаларға соғып, қажетті дәрі-дәрмек, тамақ өнімдерін алып, жаяу-жалпылап қиындықтан шығып жүрдік. «Көгілдір тоғандардан» «Шахтерскийге» дейін шұбап жүретіндер – арқасында бір қап кітабы бар мектепке баратын балалар, зейнеткер ата-әжелер, аяғы ауыр келіншектер, бір қолында тамақ салған пакеті, бір қолында баласы бар жас аналар, мүгедектер. Қазір қыс болды. Былтырғы жағдай қайталанатын сияқты. Жолды қар басып қалады, тазаланбайды. Омбылап, домалап немерелерімізді мектепке жеткізіп, сабақтың бітуін тосып, тағы да солай өліп-талып үйге жетеміз-ау. Осылай болған. Осылай бола ма деп алаңдаймыз. Автопарк әкімшілігі шеткі ауылға аялдаманың керегі жоқ деп есептейтін сияқты. Сондықтан, автобус аялдамасын бұрынғы қалпына келтірсе деген тілегіміз бар. Бұрынғысы үйлерге таяу болатын.
Екіншіден, өзіміздің ауданнан тіршілігімізге қажетті тағам өнімдерін алып тұратын дүкен ашса дейміз. Қолжетімді қызмет түрлерін біз де пайдаланғымыз келеді.
№14, №114, №115, №120 үйлер тұрғындары атынан
Б.Смағұлов,
Т.Нұрманов,
Ұ.Мұқашев.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.