Бас тақырып

Смартфон синдромына тосқауыл бар ма?

Жаңа мыңжылдық жаңа технологияларды өрістетті. Нәтижесінде қоғамның барлық саласы жаңа серпінмен алға басты. Алайда, қазір көріп отырғанымыздай, нәтиже бұл ғана емес екен. Оның кері әсерін балаларымыздың денсаулығында түрлі кінәраттар анықталғанда байқадық.


Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі смартфондар мен планшеттердің денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізетінін тағы бір ескертті. Министрлік мәлімдегендей, түрлі гаджеттер пайдаланған жас балалардың ми қатпарларының дамуы мен сөйлеу дағдылары тежеледі, айналасындағы құбылыстарды қабылдауы, зейіні төмендейді. Гипербелсенділік те пайда болуы мүмкін. Ал, жасөспірімдерде ми жұмысы баяулауы байқалады. Соның салдарынан жады нашарлайды. Сондай-ақ, гаджеттерге тәуелділік пайда болу себебінен жастар арасында ашу- шаңдық, депрессия жағдайлары жиі кездеседі. Психологиялық зардабынан бөлек, гаджеттер ағзаның қалыпты дамуына да кедергі келтіреді. Шынымен де бала ағзасы түрлі электронды техниканың қатеріне қауқарсыз. Еліміздің дәрігерлері, әлемдік деңгейдегі мамандар осыны айтып дабыл қағуда. Құлақ түретін үлкендер болса.
Үлкендерден «жұққан» әдет
Жан-жағын енді танып келе жатқан нәресте смартфонның, ұялы телефонның не екенін қайдан біл- сін? Ата-анасынан көрмесе. Қазір барлығының қолынан ұялы телефон түспейді. Оқуда, жұмыста, ас ішіп отырғанда, тіпті, дәретханаға да бірге алып кіреді. Ағзаның бөлінбейтін бөлшегі дерсіз. Соны көрген бала қайталамағанда қайтсін… Құлақ тыныштығы үшін жұбатамыз деп беріп, бұл жағдайдың тәуелділікке айналып кеткенін өздері де байқамай қалады.
– Бала көрген-білгенінің барлығын өзіне сіңіріп алады. Смартфон əсіресе 3 жасқа дейінгі балаларға өте зиян.
Тіптен, баласын емізіп отырған ана оны елемей, смартфонмен шұғылданса, бала өсе келе депрессия немесе агрессиялық жағдайға жиі түсетін болады. Бала миының қарқынды дамуы 3 жасқа дейін жүзеге асады. Сондықтан, əрбір ата-ана өз баласын емірене сүйіп, тілдесіп, бірге ойнап, кітап оқып дамыта білсе, ол бала тез жетіліп, дамудың биік белестеріне жететін болады, – деді ҚР ерте жастағы балаларға патронажды қызмет жаңа үлгісін енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушысы Айман Қалибаева.
Ауруды өзіміз жамап жатырмыз
Басты қатер – ұялы телефондардан бөлінетін радиация сәулелерінде. Ол балалардың ойлау қабілетін шектеп, дамуын тежейді екен. Одан кейін ағзаға тигізетін әсері айтылады. Мәселен, оңтүстік кореялық ғалымдар зерттеу жүргізіп, смартфондарды үздіксіз пайдалану балалар көзінің қыли болуына әсер ететінін анықтаған. Мамандар 7-16 жас аралығындағы жеткіншектерді іріктеп, оларға күн сайын 4-тен 8 сағатқа дейін смартфон пайдалануға мүмкіндік береді. Балаларға гаджетті 20-30 см қашықтықта ұстау міндетті болады. Тәжірибе көрсеткендей, сынаққа қатысушылардың көбінің көзі қылилана бастаған. Балалар смартфонды екі ай пайдаланбаған кезде ғана көздері жазылыпты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы 30 жылда миопиямен (алыстан көре алмау) ауыратындардың саны 4,5 есеге артқанын алға тартты. Мұндай мәліметпен біздің де мамандар келіседі.
Облыс орталығындағы «MDVision» көз клиникасының балалар офтальмологы Елена Касапиди көз аурулары жасарып бара жатқандығын айтады.
– Бұрын көз аурулары үлкен кісілерге тән дейтінбіз. Қазір балалар қатары көп. Балабақша, мектеп жасындағы балалардың арасында көзілдірік киетіндер де артты. Көпшілігінде ұялы те- лефондарды ұзақ пайдалану себеп болады. Сондықтан да, ондай балалардың ата-аналарына баланың теледидар, ұялы телефондар мен смартфон көру уақытын 15 минуттан асырмауын ескертеміз. Көру қабілеті түзелуі үшін көру режимін сақтау керек, – дейді дәрігер.
Офтальмолог компьютер- ге қарағанда планшет пен ұялы телефонның көзге көбірек зиян кел- тіретінін айтып өтті.
– Компьютердің мониторы үлкен. Одан мәтін оқу кезінде көзге көп күш түсірмейміз. Ал, смартфон мен планшет, ұялы телефондағы мәтін кішкентай болғандықтан, оны көзімізге қатты жақындатып ұстаймыз. Осыдан көз бұлшық еттеріне салмақ түседі, – деді Е.Касапиди.
Телефонға телміргеннен көз ғана емес, басқа да ағзалар зардап шегеді. Омыртқа қисаяды, есту қабілеті төмендейді. Қимыл-қозғалыстың болмауынан артық салмақ та қосылуы әбден мүмкін. Ұйқы бұзылып, салдарынан адамның жүйке жүйесіне салмақ түседі. Ашуға бой алдырғыш адамдардың қаптап кетуінің бір себебі осы емес пе екен дейсің?
Психологиялық әлжуаз буын өсіп келеді
Гаджетке жіпсіз байланған жастар шынайы өмір мен виртуалды өмірдің ара қатынасын білмейді. Ондай балалар адамдармен қарым-қатынас жасай алмай, қоғамға сіңісіп кетуі қиынға соғатын көрінеді. Мұның бәрін психологтар ұялы телефондардың салдары дейді.
– Телефонын тартып алсаңыз, тіпті, жас балалардың өзі де ашуланып, ұрсысып шыға келеді. Осыдан-ақ олардың санасында тәуелділік барын аңғаруға болады. Балалардың психикасы өте әлсіз. Сондықтан, олар сыртқы әсерлерге тез еліктегіш келеді, – дейді психолог Сымбат Иляшова. Тыйып айтсаң тепсініп шыға келетін балалар осылай қалыптасып ке- леді. Психиканың әлсіздігі салдары- нан әлеуметтік желіде шыққан «көк кит ойыны» жасөспірімдердің өмірін ойрандаған жоқ па? Онсыз да қит етсе, өз-өзіне қол салатын, үйінен қашып кететіндердің қатары көбейді. Мұның барлығы отбасындағы байланыстың жоқтығын көрсетеді. Себебі, қазір әке-шешесінен бастап бір-бір смартфонда «жеке әлем» болып отыратынын қанша жерден мойындағымыз келмесе де, шындық – осы. Аутизм белгілерінің кеш анықталуы ата-аналардың тиісті назар аудармауынан.
Шектеу мәселені шеше ме?
Смартфондарды өмірімізден біржола сызып тастау мүмкін емесі айдан анық. Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Бізше мұның бір шешімі – тиісті деңгейдегі қадағалау мен шектеу сияқты.
Әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларды ойлап табушылар өз отбасыларында гаджеттерді пайдалануға қатаң тыйым салады екен. Шектеу баладан бастап ересектерге де қатысты болғаны абзал. Елімізде 2016 жылы енгізілген мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс орнында смартфон, планшет пайдалануға салынған тыйым білім ошақтарында да болғаны жөн.
– Мектептерде мұндай шектеу енгізу қажет. Кейде оқушылардың ұялы телефонды сабақ үстінде қолданып отырғанын байқаймыз. Бұл сабақты меңгеруіне, білім сапасының төмендеуіне алып келеді. Оның үстіне, соңғы нұсқадағы телефонға ие болу бәсекесі туындап, оқушылар арасында келіспеушіліктер пайда болуы мүмкін, – дейді №65 мектептің мұғалімі Алма Тұяқова.
Талап болса, бала да көндігеді. Қала маңындағы Үштөбе ауылының тұрғыны Индира Белғазы балаларына телефонмен қолдауға шектеу қою олардың денсаулығына әжептеуір сеп екенін айтты.
– Телефон ұстауға әрі кетсе жарты сағат қана рұқсат береміз. Әуелде ренжіген болатын. Бірақ, бізде айтқанымыздан қайтпадық. Қазір әбден үйренді, шамалы көреді де қояды, – дейді ата-ана. Көптеген ата-аналар балаларын жылатпайын деп телефон ұстата салады. Алайда, сол «жақсылығының» нәтижесі сан соқтыратынын ескере бермейді. Телефон, гаджеттер балалардың ғұмырын қысқартуы мүмкін екені – ғалымдардың зерттеп-екшеп жасаған тұжырымы. Сондықтан, балаңыздың ғұмырының қысқаруына өзіңіз себепкер болмаңыз.
Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button