Әскеріміз әлжуаз болмасы үшін…
Көктем – табиғат түлеп, елдік жауапкершілік жаңғыратын кезең. Әсіресе, әскери міндетке шақыру науқаны басталған шақта қоғам назарында «Бүгінгі жасөспірім Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге қаншалықты ынталы?» деген бір ғана сауал тұрады. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Көктемгі мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру» тақырыбындағы брифинг осы сұраққа нақты жауап беріп, кеншілер өлкесіндегі жүйелі жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап берді. Жиында Қарағанды облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Жанас Құнанбаев көктемгі шақыру науқанының барысын жан-жақты баяндап, оның құқықтық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық қырларын тарқатты.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №12/02 Жарлығы – биылғы көктемгі әскерге шақырудың құқықтық негізі. Осы құжатқа сәйкес, 1 наурыздан бастап, аймақтарда шақыру комиссиялары өз жұмысын бастап та кетті. Жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруімен жүргізіліп жатқан бұл науқанның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін айту керек. Жарлықта нақты көрсетілгендей, кейінге қалдыруға немесе босатуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Қарулы Күштер, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметі қатарында әскери борышын өтейді.
Облыста биыл көктемде 1140 азамат әскер қатарына шақырылмақ. Бұл – облыс әрі тұтас елдің қорғаныс қабілеті үшін маңызды көрсеткіш. Оның ішінде, 670 азамат Қорғаныс министрлігіне, 350 азамат Ұлттық ұланға, 90 адам Шекара қызметіне, 20 азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал, 10 адам Мемлекеттік күзет қызметіне жолданады. Сандық көрсеткіштердің өзі әскерге шақыру жұмысының нақты жоспарға негізделгенін аңғартады. Әрбір құрылымға бөлінген квота – қауіпсіздік жүйесінің теңгерімділігін сақтаудың айқын көрінісі.
Әскерге шақыру үдерісінде ашықтық пен әділдік басты қағидатқа айналған. Бүгінде шақырылушыларды хабардар ету жүйесі де жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Дәстүрлі шақыру қағаздарымен қатар, SMS-хабарлама және «электрондық үкімет» порталы арқылы ақпарат беру тәжірибесі енгізілген. Бұл – уақыт талабына сай шешім. Әр азамат өзіне қатысты ақпаратқа жедел қол жеткізіп, қажетті рәсімдерден кешікпей өтуге мүмкіндік алады. Ал, медициналық комиссия – іріктеудің ең маңызды кезеңі. Мұнда жастардың денсаулығы жан-жақты тексеріліп, әскери қызметке жарамдылығы анықталады. Заң талаптары да айқын.
– «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 35-бабына сәйкес, кейінге қалдыру тек нақты негіздер бойынша беріледі. Отбасылық жағдай, білім алу немесе денсаулыққа қатысты себептер – басты өлшемдер. Алайда, бұл мүмкіндіктер шексіз емес. Әсіресе, білім алу бойынша жеңілдік әр деңгей үшін бір рет қана ұсынылады. Бұл – жүйенің әділдігін қамтамасыз ететін маңызды тетік, – деп түсіндірді Жанас Құнанбаев.
Бүгінгі әскер – әр азаматқа мүмкіндік алаңы. Мемлекет сарбаздарға толық әлеуметтік пакет ұсынады. Ең бастысы, әскери қызметтен кейін жастар жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсуге мүмкіндік қарастырылған немесе жұмысшы мамандық алып, еңбек нарығына еркін араласуға мүмкіндік алады.
Соңғы жылдары әскерге шақыру жүйесіне енгізілген жаңашылдықтардың бірі – психологиялық іріктеу. «Psy-Risk» әдістемесі арқылы жастардың психоэмоционалды жағдайы алдын ала бағаланып, тәуекел факторлары анықталады. Бұл – әскери бөлімдердегі қауіпсіздікті арттыра отырып, сарбаздардың өзара қарым-қатынасын да нығайта түсетін маңызды қадам. Яғни, бүгінгі әскер физикалық әрі психологиялық тұрғыдан да дайындықты талап етеді.
Сонымен қатар, десанттық-шабуылдау әскерлеріне іріктеу талаптары да нақты. Бойы 170 сантиметрден төмен емес азаматтар ғана бұл бөлімдерге қабылданады. Мұның әскери дайындықтың сапасын арттыруға бағытталған кәсіби талаптың бірі екенін атап өту керек.
Әскерге шақырудан жалтарудың салдары да жеңіл емес. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл – тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етудің қажетті шарты. Өйткені, әскери міндет – әр азаматтың конституциялық парызы.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



