Руханият

Әскери бөлімге батыр есімі берілді

Қарағандыдағы 52859 әскери бөліміне Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың есімі берілді. Мартбек Мамыраев – жауынгерлік ерлігімен ғана емес, ерен еңбегімен де ұрпаққа үлгі бола білген тұлға. Қарағанды көмір өнеркәсібінің дамуына да үлкен үлес қосқанын атап өткен жөн.

Сурет ұйымдастырушылардан

– Біздің әскери бөлімге батыр есімін беру – аймақтың барлық әскери қызметшілері мен тұрғындары үшін айтулы оқиға болды, – деп атап өтті 52859 әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы Рустам Осипов.

Алдымен, әскери қызметшілер шеру алаңында альпинистік жабдықты қолдана отырып мығым дайындығын көрсетті. Сонымен қатар, арнайы техника көрмесін ұйымдастырып, жиылған жұрттың назарына ұсынды. Көпшіліктің құрметіне Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері өнер көрсетті.

Ал, Мартбек Мамыраевтың қызы Клара әкесі туралы естеліктерімен бөлісті.

– Әкем – өте патриот жан, еңбекқор, кітап оқығанды ұнататын. Өмір бойы бізге үлгі болды. Әкем туралы естеліктерімді ұрпақтарыммен бөлісуге тырысамын. Еңсесін тік ұстап, батырға лайық өмір сүрді. Адал еңбек етті. Оның есімі әскери бөлімге берілгеніне ризамыз, – деді ол.

Бұдан бөлек, даңқты атасын Анель Мамыраева да мақтан тұтатынын айтады. Ол атасы сияқты батыр әрі еңбекқор болғысы келетінін де жасырмады.

Мартбек Мамыраев – 1908 жылы 7 наурызда Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Оның еңбек жолы Қарағанды көмір өндірісімен тығыз байланысты.

Ұлт перзенті 1942 жылы өз еркімен майданға аттанған. 1943 жылы қыркүйекте Днепр өзені бойындағы шайқас кезінде 12-атқыштар дивизиясының 32-атқыштар полкінің пулеметін басқара отырып, жауынгерлік ерлік жасайды. Ол – Армия бөлімшелерінің өтуін қамтамасыз етумен қатар, фашистердің бірнеше шабуылына тойтарыс берген қайсар батыр. Ауыр жараланып, елге оралған соң еліне қалтқысыз қызмет етті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button