Әскерге шақырылған азамат несиесін 13 айдан кейін төлей алады

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтың несиесі болса, қарызын 13 айдан кейін төлей алады, деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігі бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері Руслан Тапашевтің айтуынша, қазір мерзімді әскери қызметке шақырылатын және мерзімді әскери міндетін атқарып жүрген азаматтардың несиесін кейінге қалдыру мәселесі жиі талқыланып жатыр.

– «Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр 5 желтоқсанда меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, іс-қимыл алгоритмі бекітілді және қазір бұл бағытта толыққанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді әскери қызметке шақырылған немесе оны өткеруші азаматтарға әскери бөлім ұсынған анықтама арқылы екінші деңгейлі банктер алдындағы олардың несиесі кейінге қалдырылады. Бұл уақыт 13 ай деп көрсетілген. Өйткені, әскери міндетті өтеу мерзімі – 12 ай. Ал қосымша 1 ай әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасуы үшін беріледі», – деді аға офицер Руслан Тапашев.

«Қазақпараттың» жазуынша, азамат әскери бөлімге барғаннан кейін бөлім командиріне өтініш беріп, анықтама алады. Сол құжат сенімхат бойынша әскери қызметті өткеруші адамның туыстарына беріледі. Туыстары анықтаманы қарыз алған екінші деңгейлі банктерге ұсынады және сол сәттен бастап несиені төлеу кейінге қалдырылады.

Айта кетейік, Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев: «Бізге 18 жастағы жігіттер борышын өтеуге келеді. Солардың ішінде, өкінішке қарай, мойнында 9 миллион теңге тұрмыстық және басқа да несиесі бар сарбаздар болды», – деген еді.