Жаңалықтар

Синофобия синдромы

Әлеуметтік желіні үрей жайлап барады. «Қара қытай әлемдік экспанцияны бастады. Соғыссыз. Экономикалық тәуелділікке салып, санының көптігімен-ақ әлемді басып алмақ». Осы сипаттағы ақпарат онсыз да елеңдеп отырған елдің есін шығаруда. Күн сайын қытай еліне қатысты сантүрлі жаңалық жарық көреді. Ақиқаты мен жалғаны қайсы? Дөп басып айту қиын.

Ғасыр басында халық дәстүрлі БАҚ беттерінен кәсіби журналистер дайындаған мақаланы ғана оқитын. Ал, қазір ше? Сандық технологияның дамуы ақпараттың қолжетімділігі мен жылдамдығын арттырды. Адамдар жаңалықты өзара тарату мүмкіндігіне ие болды. Әлеуметтік желіде жарияланған материал шынайылығына немесе маңыздылығына қарап емес, қанша рет оқылғанына және бөліскен адам санына байланысты алдыңғы қатарға шығады. Өзгелерге «сенімді» ақпарат ретінде ұсынылады. Яғни, модерациядан өтіп, тексерілген ақпарат тасада қалып қояды да, дау-дамайы мен айқай-шуы басым материалдар көш басынан көрінеді. Оның соңы халықтың адасуына және әлеуметтік араздықтың туындауына себеп болады

Қазақстанда өзекті тақырыпқа айналған синофобияның жайы да осыған келеді. Қытай – империялық амбициясы өсіп келе жатқан мемлекет. Қай жағынан алып қарасаңыз да, бізден көш ілгері тұр. Халқының саны басым, экономикасы мығым, идеологиясы берік, әскери әлеуеті артық. Мұндай елмен қарым-қатынас орнатқанда барынша сақ болуға тырысу керек. Әйтпесе, аждаһаның аранына түсіп кетудің қаупі басым. Бірақ сақтану – қорқу емес. Дәл қазір таралып жатқан ақпараттардың легі, халықты сақтандырудан бұрын қорқытып, үркітуге бағытталған тәрізді.

Мәселен, мамыр айының соңғы күндерінде WhatsApp мессенджері арқылы «мазарларды шетелдіктер қазып тастапты» деген ақпарат тарады. Арқалық тұрғындарының «жанайқайын» жеткізген аудиожазбаны айналдырған бірер сағаттың көлемінде қазақстандықтардың тоқсан пайызы тыңдап, алаңдаушылық білдірді. Кейін ақпараттың жалған екені анықталды, айыпты ұсталды.

Синофобияға қатысты тағы бір жалған ақпарат менингококк инфекциясы таралған тұста қылаң берді. Әлеуметтік желіде ауру қоздырғышын қытайлықтардың алып келіп, қазақ даласына сепкені айтылды. Олардың жымысқы әрекетін такси жүргізушісі кездейсоқ көріп қалыпты-мыс.

Бұл болжамның ақылға сыйымсыз екенін мамандар сол кездің өзінде-ақ айтқан. Инфекция Қазақстанда бұрыннан бар. Жыл сайын қаншама адам осы дерттен көз жұмады. Биыл ауа райы қолайсыз болғандықтан, сырқатқа шалдыққандардың саны бұрынғысынан көп болды. Әрі әлеуметтің назарын аударған тақырып болғандықтан әріптестеріміз инфекцияға қатысты кез келген деректі беріп қалуға тырысып бақты. Рейтинг қуған заман ғой. Десек те, бұқара халық білікті мамандардың сөзіне емес жалған ақпаратты жалаулатқандарға сеніп қалды.

Тағы бір “фэйк” ақпарат. «Қытайлар қой мен шошқаны будандастырып, түгі қалың төл алған. Енді қой етін жеуге болмайды. Ол арам хайуанмен жақындасып, харамдалды». Дәл осы жазбаны сіз де көрген боларсыз? Сенбеңіз. Шошқаның бұл түрін Қытайлар емес, 1833 жылы венгриялық Йозеф деген ғалым ойлап тапқан. Жабайы шошқа мен үй шошқасы шағылысуынан “Mangalitza” шошқасы пайда болған. Бұл хайуанға қойдың қатысы жоқ.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Не бір жиіркенішті нәрсе болса, қытайға телиді. Осылайша, «Қытай – жаман» деген ұғым қалыптасады. Бұл – қауіп. Өйткені қорыққан адам қорғана алмайды.

Саясаттанушы Дос Көшім «Азаттық радиосына» берген сұхбатында Қазақстанда синофобияның жыл артқан сайын өршіп келе жатқанын айтады.

«Бұл 2016 жылғы жер мәселесінде көзге түсті. Себебі, көбісі “жерді сатпаймыз” дегеннің орнына “жерді Қытайға сатпаймыз” деді. Соңғы уақытта Қытаймен Қазақстан арасындағы виза алу қатаңдатылды. Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алып, қайта барғандар ұсталып жатқанын да білеміз. Соңғы бір жыл ішінде көршімізбен арамыз алшақтай түсті», – дейді саясаттанушы.

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізу мәселесі де қоғамда қызу талқылануда. Тіпті, Қазақстанға кіруге кезекке тұрған сансыз Қытайдың видеосы да таралды. Қалың көпшілік «визасыз режим – Қазақстан териториясына қытайлардың еркін кіруіне жол ашады» деп пайымдап отыр. Шынымен солай бола ма? Визасыз режим қара қытайдың қаптауына жол салып бере ме?

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев “Открытый диалог” бағдарламасына берген сұхбатында елімізде Қытай азаматтарына визасыз тәртіп енгізу мәселесінің көтерілмегенін және талқыланбағанын мәлімдеген болатын.

“Транзит жолаушыларына – Қытай мен Үндістан азаматтарына қатысты 72 сағаттық визасыз тәртіп енгізілді. Қазақстанның ауқымы кең, сондықтан, жүк пен жолаушылар транзитін естен шығармауымыз қажет. Мәселен, Қытай азаматтары Еуропаға, Ресейге Қазақстан арқылы ұшса, бұл бізге тиімді. Бірақ, Қазақстан арқылы теміржол көлігі қызметін пайдаланатын транзит жолаушыларына да, ұшып-қону интервалы ұзақ әуерейстеріне де бір тәулік аздық етеді, сондықтан транзит жолаушыларының елде болу уақытын үш тәулікке дейін ұзарттық”, – деді Дәурен Абаев.

Яғни, шетелдіктер Қазақстанда қалаған уақытына дейін қала алмайды. Небәрі 72 сағат қана визасыз жүруге рұқсат. Межелі уақыт біткен соң Қазақстан териториясынан шығып кетуі тиіс. Ресми дереккөз ұсынған шынайы ақпарат осы. Алайда, халық әуелде тараған қауесетке сеніп жүр.

Министр Абаевтың пайымдауынша, синофобияның өрістеуіне өткен тарихымыздың тікелей ықпалы бар. Яғни, сан ғасыр бодандық кешкен қазақ азаттықтан айырылып қалғысы келмейді. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін жайдың бәріне күмәнмен қарайды. Бұл факторды “фейк” жасаушылар жүйелі түрде қолданып келеді. Өйткені, Қытайға байланысты кез келген “қорқынышты әңгіменің” барлығын қазақстандық қолданушылар бірден іліп әкетіп, өзгелерге өсіріп жеткізеді.

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Бір минутта миллиондаған ақпарат таралады. Олардың арасында тексерілмеген, жалған мәліметтердің қарасы қалың. Өйткені, ақпарат тарату ісі кәсіби мамандардың уысынан шығып, жалпыға қолжетімді іске айналды. Ресми органдардың қандайда бір мәселеге қатысты пікір білдіруде шабан қимылдауы өтірікшілер өрісінің кеңеюіне ықпал етіп отыр. Қандай да бір даулы тақырып қалың көпшіліктің талқысына тасталған сәтте оған қарсы жауап берілуі тиіс. Ал, біз шабан аттың күйін кешіп келеміз.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button