Тұлға

ШЫРАҚШЫ

ӨМІРБАЯН ДЕРЕКТЕРІ:

Ібірахым (Жақан) Ісләмұлы 1947 жылы 18 қаңтарда Жаңаарқа ауданы, Атасу кентінде туған. Қарағанды медицина институтының түлегі (1970ж.). Өлкетанушы, аудармашы. Қиыр Шығыста әскери дәрігер (1970-1972ж.ж.), Жаңаарқа аудандық және тораптық ауруханаларында дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары (1972-1992ж.ж.), міндетті медициналық сақтандыру мекемесінің Жаңаарқа филиалының директоры (1995-1997ж.ж.), Жаңаарқа, Абай аудандары әкімінің орынбасары (1992-2011ж.ж.) болып істеген. Танымдық-тағылымдық тұрғыдағы 20-дан астам жинақ-кітаптардың авторы. Облыстық «Тіл жанашыры» байқауының бас жеңімпазы (2015ж.). ҚР Мәдениет қайраткері.

     Бүгінде жоқ іздеген заман. Бәріміз де жоқшымыз. Сол жолда адасып жүргендер қаншама?! Соларды түзу жолға салатындар бар ма? Әрине, бар дейміз. Жолдан адасқандар Темірқазық арқылы сапарларын түзеген. Руханияттағы қасаңдығымызды жоқшыларымыз байытуда. Шырағдан болып сайраққа салатын сондай жандар әлі үзіле қойған жоқ. Қатарластары бекзат болмысына қарай Жақа, інілері ізгілік ілтипатпен Жақан аға деп қадірлейтін Ібірахым Ісләмұлы сондай жан. Тұғырлы тұлға ретінде мойындалған ағамыз бүгінде елаға жасы – жетпіске толып отыр.

    Жақаңның есепсіз еңбегі жұртшылыққа жақсы таныс, етене жақын. Себебі, өркенді өмір жолы мен халық алдындағы жауапкершілік қасиеті қиындығы көп кезеңімен сыналып, шыңдалды, қарым-қабілеті мен еңбекқорлығы барынша жарқырап көрінді. Егемендіктің елең-алаңында Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары ретінде әлеуметтік саланы сауықтыруда, ұлттық рухты ұлықтауда ұлан-асыр істердің басы-қасында жүрді. Көптеген жергілікті елді мекендердің, мектептер, ғимараттар мен көшелердің өлке тарихында өзіндік орны бар ардақты атау, есімдермен жаңғыруы, ұмытылуға шақ қалған тұлғалардың қайтадан танылуы, елдігіміздің белгісі сынды ескерткіштердің еңселенуі, ұлттық салт-дәстүр тағылымының жаңғыртылуы сынды іс-шаралар аймаққа алдымен Жаңаарқадан таралды.

    Жақаңның сүйікті машығы – өлкетанушылық өресі мен өрісін ерекше атап өткен жөн. Дәрігер бола тұрып осы бағыттағы ізденістерін бір де тоқтатып көрген емес, өмірінің мән-маңызына айналған. Қай тақырыпта қалам тербесе де індетіп, шынайы шындығын барынша ашуға күш салады. Бұл өлкеміз тарихының тамаша бір өрнегі болып табылатын зерттеулерінде анық байқалады.

   Алаштың Ақселеуі (Сейдімбек):«Бұл мәселелер бойынша нақты деректерді Ібірахымнан аласың. Біз жалпылама жайттардың соңына түсіп, індетсек, ол нақты айғақтарды тер төгіп жүріп жинаған нағыз бейнетқор» дегені, академик Ғабдолла ағаның (Құлқыбаев): «Ібірахым – өңіріміздің тарихын білгірлікпен зерттеп жүрген ғаламат зерделі азамат» деп түйгендері әлі күнге жақсы жадымызда.

    Жақан ағаны елден ерекшелеп тұратын тағы бір қыры – оның терең білімпаздығы. Оған мысал ретінде белгілі қаламгер Айқын Несіпбайдың мына бір пікірін келтіре кетсек пе дейміз: «Кейде жан-жақты талдау қажетсінетін мақала дайындау үстінде әлдебір деректер таптырмай сарсылатынымыз бар. Бастап қойған нәрсені бітіріп тастауға шыдамсызданасың. Сондайда мазалай беруге қиналсаң да, амалсыз Жақаң көмегін сұранбай тұра алмайсың. Ерте болсын, кеш болсын білмегеніңді ойға сарт еткізеді. Мәселен, Солтүстік Америка үндістері жөнінде жазуда дакот пен түркі тілінің төркіндестігін кімдер зерттеуі сұралғанда неміс ғалымы Отто Рериг екенін қолма-қол айтумен бірге қандай пайымдарға жүгіну керектігін пысықтап берді».

    Оның қаламынан «Алтай шежіресі» (1997), Жаңаарқа» энциклопедиясы (2009), «Алтай шежіресі (генеалогия мәселелері)» атты 1020 беттік академиялық жинақ (2014), «ҚарЛаг тұтқынындағы діни қызметшілер. Священнослужители – узники КарЛага» (екі тілде, өз аудармасы, 2013) кітаптары туған. Кейінгі кітап дүние жүзінің 28 ірі қалаларының кітапханаларынан орын алыпты. ҚР Парламентінің депутаты Н.Дулатбеков Токио және Будапешт қалаларында болған сапарларында аталған кітаптың тұсаукесерін өткізді. Сондай-ақ «Жаңаарқа тарихы» (1999), «Атыңнан айналдым, Жаңаарқам» (1999), «Өспен: ел мен жер шежіресі» (2006), «Ақтау бекінісі» (2007), «Қасиетті мекен Қарағаш» (2009), «Жыр арқауы – Жаңаарқа» (2009), «Майдангерлерге тағзым» (екі тілде, 2010), «Ақтауым – атамекенім» (2010), «Жер жаннаты – Жаңаарқа» (2011), «Қарлаг» (екі тілде, 2011), «Атамекен – Ақтүбек» (2011), «Жаңаарқа ауданының топонимикасы» (2011), «Ортауым – алтын бесігім» (2013), «Қырандар ұшқан Қызылтау» (2014), «Мерейлі мекен Мойынты» (2014), «Толағай – тектілер тұғыры» (2015), «Роль репрессированных в развитии Карагандинского угольного бассейна» (орыс тілінде, 2013) кітаптарының қосалқы авторы.

   Аталмыш еңбектерде академиялық ғылыми жинақтарға тән жүйелілік бар. І.Ісләмұлы бір ғана өңірдің тарихы арқылы қазақ тарихы мен тағдырына ортақ Уақыт пен Кеңістік сияқты тарихи-философиялық ұғымдар аясындағы бүкіл қоғамдық-әлеуметтік, рухани, саяси жағдаяттарға мейлінше терең үңіле алған. Аталмыш өңірдің жәдігерлері, тарихи-мәдени ескерткіштер, олардың ұлттық сана, ой өре деңгейімен қосамжарлана дамуы, халық тарихы, оның өзге өңір тұрғындарымен ғұмыр кешудегі өзіндік тұтас ерекшелік сипаттары, өткен ғұмырдағы кесек оқиға, құбылыстар, ұлт тарихы сынға түскен сәт, тарихи-әлеуметтік ахуалдың асқынған тұсында танымал тұлғалардың тарих сахнасына шығуы, олардың іс-әрекеті, сұңғылалығы, уақыт талабы мен қоғам дамуында алатын орны, қысқасы, шерлі тарихтың күнгейі мен терістігі тұтас қамтылған. Танымдық жазбалар, көшелі қариялар берген деректер, өткен тарихқа деген зерделі көзқарастың әбден екшеліп, ғылыми қисынға негізделуі Ібірахым ағаның биік зияткерлік деңгейін аңғартады.

    Ібірахым ағаны өлкетанушы деп шартты түрде ғана атау лайық. Кез келген ауыл, елді мекен, өңір, аймақ тарихы – ел тарихының бір бөлшегі. Қазақтың тарихы. Ұлттың жүріп өткен жолы. Тұтас ұлттың, халықтың тарихы – кешегі посткеңестік кеңістіктегі елдер тарихымен ғана емес, әлем елдері тарихымен кіндіктес әрі еншілес.

   Нақты ғылымдар саласы бойынша білімі төмен жандар болуы мүмкін, ал тарих саласында білім кемістігі болса, ол міндетті түрде ұлт санасын улайтын күшке айналады. Ібірахым Ісләмұлы өз еңбектерінде осы жайтқа ерекше мән береді.

    2006-2011 жылдары Қарағанды облысы Абай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылы зейнеткерлікке шыққан соң, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайына қызметке ауысты. Бүгіндері сол мұражайда директордың орынбасары. Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану мұражайын, Шет ауданы Өспен ауылындағы өлкетану мұражайын ұйымдастырды. Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайын және Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығын қалыптастыруға белсене атсалысты. 2014 жылы 6 шілде күні Астанада ашылған Ұлттық мұражайдың кеңесшісі болды. Қарағанды облыстық ономастика комиссиясының мүшесі.

   Бүгінде кешегі қым-қуыт қауырт істерден қол босап, әрі Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайындағы ахуал «іздегенге – сұраған» дегендей жағдай туғызып, ізденістерін індете түсуде. Ғасырдың қара таңбасы іспетті Қарлагтың анықталмаған ақтаңдақтары әлі жеткілікті көрінеді. Балаларынан бұрын ұсталып, бұрын атылған Сәкен Сейфуллиннің, Жанайдар Сәдуақасовтың әкелері Сейфолла мен Сәдуақас ақсақалдар жөніндегі тың деректер, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің жергілікті сипаты бұл барыстағы зерттеу жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға түсіруге міндеттейді.

    «Мінез – адамның сауыты» деп Абай айтпақшы, байыпты болмысы мен қарапайым қалпына сай зият білімдарлығы, биік парасат-пайымы, рухани кемелдігі жарасқан бұл жанмен сыйлас болу әркімді марқайтады.

    Ағамыз жоқтың да, бардың да шырақшысы. Не іздеу керектігін біледі. Сонысын ел есіне салып тұрады. Ал, бардың қадіріне жетсе ағамыз жетті деп білеміз. Сондықтан да оның өмірі мұрағаттар мен мұражайларда өтіп жатыр.

    Абзал ағаны мерейтойымен құттықтап, отбасына, ұрпақтарына береке-бірлік, өзіне шығармашылық табыс тілей келе, тәңірім барша жақсылығын нәсіп етсе екен дегіміз келеді.

Төрехан МАЙБАС,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жомарт ОСПАН,

өлкетанушы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button