Руханият

Шындықты шымшып айтқан

Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай 90 кездесу жобасының кезекті қонағы сатира сардары, «Arqa aqshamy» аймақтық газетінің бас редакторы, қаламгер әріптесіміз Әдебиет Белгібайұлы болды. Мұхтар Əуезов атындағы кітап­хананың №14 филиалында өткен жып-жылы кездесуде қаламгердің бойындағы ерекше қасиеттері, шығармашылығы, жалпы сатира жанрының «шықпа, жаным, шықпа!» күй кешіп тұрғаны жөнінде сөз қозғалды.

Сурет автордан

Кездесуге Қарағанды медицина колледжінің студенттері, кітапхана ұжымы мен «Қазақтың сары тентегі» атанған ақын Қуаныш Мақсұтов, ақын Серғазы Қабылдаұлы, өлкетанушы, журналист Аңғар Смағұлов, ұлағатты ұстаз Ғазиза Ғабдоллақызы, қолөнер шебері Қылышбек Құрмантегі қатысты.

Сатирик өзінің шығармашылыққа келген жолын әсермен әңгімелеп берді. Әзіл-оспақ жанрында алғаш қалам тербеп жүргенде «Қисық шеге» деген шағын сатиралық әңгімелер жинағының жарық көріп, кейін шығармалары «Мырс-Мырс» кітабымен қайта оқырмандарға жол тартқандығы жөнінде әңгімеледі.

– Қарашаңырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тоқсан жылдығы қарсаңында сатиралық әңгімелерім баспадан кітап болып жарық көрді. Кітаптың таныстырылымын жасадық. Ұстазым Көпен Әмірбек өзі келіп, батасын берді. Содан көп ұзамай өмірден өтті. Ұстазым көп тәрбиеледі. «Айқын» газетінде бірге жүріп, «Ара» апталығын шығардық. «Мырс-Мырс» кітабыма енген шығармаларым сол кезде жазылған. Қазір «Түнделік» айдарымен шағын сатира жазып жатырмын, – дейді кеш қонағы.

Кездесуге келген меймандар қаламгердің болмысы бала секілді екенін, жүріс-тұрысының өзі сатира жауынгері екенін аңғартатынын айтты. Сатира саңлағы Көпен Әмірбектен: «Әдебиеттің шеберлігіне шек қоймаймын. Адыр-бұдырлы ағаштың ажарын ашып, темірден түйін түйгендей ұлы сатираның ұстасына айналсын деп тілеймін», деп бата алған сатирик-жазушыға қоғамның қордаланған мәселелерін ащы мысқылмен жеткізе беруі үшін қаламына қуат тіледі.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button