Шылымның шырмауынан шыққыңыз келсе…
«Шылым шегуден қалай арыламыз?». Осы күнде біразын мазалайтын сұрақ бұл. Мамандар осы жаман әдеттен арылудың жолы – білікті психологқа жүгіну дейді. Бірақ, психологқа жазылу, оның кестеге негізделген процедураларынан өтуге әркімнің құлқы жоқ немесе уақыты жоқ. Облыстық емханаларда жаман әдеттен арылуға көмектесетін арнайы кабинеттер ашылды. Арнайы жасақталған кабинеттерде дәрігер мен психологтан кеңес алады. Осы арқылы кәсіби көмек барынша қолжетімді болып отыр.
Кабинеттерге жайғасқан мамандар жаман әдетпен күресудің тың әдістерін пайдаланамыз деп отыр. Сонымен қатар, әр пациенттің тәуелділік деңгейіне баға беру арқылы көмек көрсетеміз дейді.
– Психологтар осы жаман әдеттен бас тартқысы келетіндерге кеңес береді. Біз темекі шегуден туындаған созылмалы аурулармен ауыратындармен жұмыс істейміз. Бұл әдет адамның жалпы жағдайына әсер етеді. Тәуелділікті жеңу үшін ең алдымен, адамның ерік-жігері қажет. Сондай-ақ, әрбір емхана аумақтық бекітілген мектептермен жұмыс істейді. Оқушыларға темекі шегудің зияны туралы айтамыз. Темекіні бала кезінен бастаса, әлбетте, арылу қиын. Енді ғана жетіліп келе жатқан ағзаға у таратуға әсте болмайды. Бала тәрбиелеп отырған ата-аналар осыны түсінсе екен, – дейді психолог Жанат Алпысбаева.
«Пассивті темекі шегу» – басқа адамдардың темекісінен шыққан түтінді жұту дегенді білдіреді. Бұл да денсаулыққа өте зиян екен. Шылым иісін пассивті қабылдау – тыныс алу жүйесінің, жүрек-қан тамырлары ауруларының, сондай-ақ, қатерлі ісіктің дамуына әкеп соғуы мүмкін. Темекі түтіні, әсіресе, балалар мен жүкті әйелдерге залалын тигізеді. Дәрігерлер көптеген адамдар электронды темекінің зиянына мән бермейтінін айтады.
– Құрылғының ішінде бу шығаратын зат қызады. Әлгі бу канцерогендік әсерге ие. Оның құрамына әртүрлі зиянды заттар кіреді. Химиялық заттарға толған бу қанға сіңеді. Уақыт өте келе, олар жиналып, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықтырады. Репродуктивті денсаулыққа әсер етеді, аллергия тудырады, мидың жұмысын тежейді, есте сақтау қабілетіне, концентрациясына теріс әсер етеді, – дейді №4 емхананың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Адина Әбілдинова.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz