Шыңғыс ханның жиырма үшінші ұрпағы
Әлекең Мәскеудегi орман шаруашылығы институтында оқып жүргенiнде толтырған анкетасындағы тегi туралы жазбада «Сұлтан» деген сөз бар екен. Әлиханның осы титулы оның Шыңғысханның ұлы Жошыдан тараған әулеттiң өкiлi екенiн растайды.
Негiзi, Әлекең бастауыш мектеп бiтiргеннен кейiн алғаш рет Қарқаралыдағы кәсiптiк училищеде оқыған. Бұл кәсiптiк училищеден етiкшi мамандығын алып шыққан. Жалпы, ол Қарқаралыда 7-8 жылдай бiлiм алды. Кiтапта алған куәлiгi туралы дерек келтiрiлген. «Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедов осы мамандық бойынша етiкшi болып жұмыс iстей алады» деп жазылған куәлiкте. Бiрақ, ол мұны мiсе тұтпай, 1886 жылы Омбыға ат басын тiреп, Омбы техникалық училищесiн бiтiредi.
Ол кезде «Сұлтан» деген сөз адамның ақсүйектiк мәртебесiн бiлдiретiн. Патша үкiметi мұны қаламаса да, мойындауға мәжбүр болды. Өйткенi, «Сұлтан» деген сөз «князь», «барон» сияқты тектiлiк ұғымдарымен сәйкес келедi. Тiптi, бароннан жоғары. Себебi, бұл – ханның тұқымы. Шыңғыс хан орыстар тұрмақ, дүниежүзi мойындап отырған тарихи тұлға. Шыңғыс ханның тiкелей ұрпағының тегiне патшалық үкiмет «Сұлтан» деп қосуына тура келдi.
Шыңғыс ханның кейiнгi ұрпақтарын есептеп қарасақ, Әлихан Шыңғыс ханның 23-ші ұрпағы екен. Сәбит Мұқановтың бiр пьесасы бар. Сәбең сол пьесасында Әлекеңдi сықақтап, «Ол патша билiгiнен өзiнiң хандық титулын қайтып беруiн сұрап жүр» деп жазады. Ойлап қарасаңыз, қазақтың өзiне тән төрелерге «төре» мәртебесiн, билерге «би» мәртебесiн берсе, одан халық ұтыла ма? Бiр кездегi мемлекеттiк құрылымда мұның әрқайсысының орны бар едi. Бiз билердiң сотынан айрылдық. Патша өкiметi бодандыққа алғаннан кейiн бiздiң барлық мемлекеттiк хандық институтымызды бiртiндеп жойды. Мәселен, Абайдың әкесi Құнанбай аға сұлтан болатын. Бұл дегенiңiз, қазiргi облысты басқару құрылымына сәйкес келедi. Осы аға сұлтандықты да жойып, оны болыстыққа дейiн, артынан ауылнай, старшинаға дейiн төмендеттi.
Сондай-ақ, техникалық училищенi бiтiрген кездегi Әлиханның жазған арызын Омбы мұрағатынан таптым. Арызда Әлекең: «Менiң фамилиям Нұрмұхамедов емес, Бөкейханов» деп жазыпты. Училище директорының уезд бастығына жазған хаты бар екен. «Сұлтан Нұрмұхамедов өзiнiң фамилиясын Нұрмұхамедов емес, Бөкейханов деп айтып отыр. Мен оның фамилиясын солай деп өзгертуiме бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Оған ояз басшысының қалай жауап бергенiн бiлмеймiн. Бiрақ, Петербордың орман институтына түскен алғашқы кезiнде оның фамилиясы «Нұрмұхамедов — Бөкейханов» болып жазылып жүрдi. Ол кезде «Букей-Ханов» болып жазылып келген. Сондықтан көптеген тарихи құжаттарда Әлекеңнiң фамилиясы көбiнесе «Букей-Ханов» немесе «Буккейханов» болып жазылады.
Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,
Әлихантанушы ғалым, филология
ғылымдарының кандидаты.
(«Алматы Ақшамы»,