Шығармашылық байланыс арналары
Сәкен Сейфуллин – ұлттық поэзияны мазмұндық, көркемдік және шеберлік жағынан дамытуға зор үлес қосқан суреткер. Әрине, Сәкен прозалық шығарамалар да жазды. Драмалық туындыларымен де танылды. Алайда, Сәкен поэзияда жарқырай көрінді, шеберлігі де осы жанрда байқалды. Ешбір ақын томаға тұйық күй кешіп, жеке дара дамымайтыны анық. Қай ақын болмасын, ол өзіне дейінгі, болмаса, өзімен тұстас ақындармен тығыз шығармашылық қатынаста, өзара байланыста болып, шеберлігін ұштамақ. Тіпті, оның ұлт әдебиетіне қосар үлес салмағы да осы байланыстар барысында анықталып, шығармаларын салыстыра талдау кезінде олардың рухани үндестігі мен қай әдеби ағымның өкілі екені де анықталмақ. Сол себепті біз де Сәкеннің ақындық ізденістерінің бірі ретінде оның басқа ағым-бағыт өкілдерімен шығармашылық байланысын, өзара қарым-қатынасқа түсуін атай аламыз.
Ғалым Т.Кәкішев «Өнерге жетіліп, ілгері басу, басқалармен тең болу, елдің отаршылдықтан көріп отырған қорлықтарын айту ағартушы – демократтардың бәріне тән еді», – дейді. «Өткен күндер» жинағы дәлел, Сәкеннің алғашқы өлеңдері негізінен, ағартушылық бағытта жазылған, бұл тұста ол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармаларымен бағыттас-бағдарлас. Оның «Інішегіме», «Оқымаған қазақ», «Жетімге», «Қазақ сабағы», т.б. өлеңдерінің мазмұны, негізгі идеясы ағартушы – демократ ақындар шығармаларымен өзектес.
Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!
Жарқыратып, ақ нұрменен көңілді аш.
Балалыққа жас миыңды алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас.
Бұл шығармашылық байланыс, оның әсер, ықпалы ақындардың өзара рухани үндестік табуларына кең жол ашты.
Жалпы, шығармашылық байланыс арналары көп қырлы болып келеді. Сарындас әдеби ағымдар да бір-біріне ықпал етеді, әсерін тигізеді. Бұл әдебиеттің даму заңдылығы. Әрі әдебиеттің өркендеуіне, поэтикалық формалардың жетіліп, дамуына, сөз өнері иелерінің тіл, стиль төңірегіндегі ізденістерін шыңдай түседі. Бұл Сәкеннің көп өлеңдеріне ортақ сипат. «Сұлу терек», «Міне, көл», «Орман», «Қара жер» өлеңдерінде туған даланың көрінісін, байлығын көріп, шаттанған адамның сезім күйі суреттеледі. Сәкен жастық, махаббат сезімдерін бейнелеуге де табиғат көріністерін молынан пайдаланады. Ақынның «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Жазғы түнде» өлеңдері осы сипатта жазылған. Оларда сұлу өлкенің көрінісі жастар көңіл күйімен байланыстырылады. Табиғат аясындағы сезімнің сұлулығы мен тұрақтылығы, оны ардақтау, қадірлеу идеясы Сәкеннің көптеген өлеңдеріне тән. Ол табиғатты әрқашан оны мекендеген адамның көңіл күйімен байланыстыра жырлады. Лирикалық кейіпкердің еліне, халқына деген сүйіспеншілік сезімі табиғатқа деген іңкәрлік арқылы ашылады. «Қамаудан», «Сағындым» өлеңдері бұған нақты айғақ. «Далада», »Қырда» атты өлеңдерінде ол қоғамдағы өзгерістерді дала желі арқылы таратып, табиғаттың қуанышқа бөленген шат күйіне назар салады.
Есіп кеп майда желдер таудан асып,
Құшақтап, аймалады амандасып,
Естіген, көрген-білген сырын маған,
Айтысты- қуанысып, сыбырласып,
Күлімдеп гүл шашақтар басын иді,
Құшақтап майда ескек жел беттен сүйді,
Қуаныш сырын айтқан ғашығымдай,
Ескектің көкірегіме лебі тиді.
Ұлы даладағы қуаныш жел бейнесі арқылы өлеңде елес береді. Даланы кезген жел қуанышты хабарды таратып, халықтың тіршілігіне қозғау салып бара жатқандай әсер етеді. Өлеңде жел хабары мен көктемнің сәнді көркі де үйлесімді жырланады. Ақынның адамның жан дүниесіндегі қуанышты тұрақты түрде бейнелеп жеткізетін ұғымы – жел. Өлеңінің бүкіл өн бойын көктей өтіп үнемі қайталанып отыратын жел де символикалық бейне. Бұл ретте Мағжан еріксіз еске түседі. Демек, Сәкен мен Мағжанның өлеңдеріндегі символдық өрнектердің сырын олардың шығармашылық тұлғасының ерекше сырынан, ойлану-ойлау дағдысынан, көркем сана типінен іздеуге тура келеді.
ХХ басында Ресей қоғамындағы саяси – әлеуметтік жағдай, осыған орай туындаған ұлттық проблемалар империяның құрамындағы қазақ, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, т.б. түрік халықтарының этникалық, тілдік және рухани жағынан жақындаса түсуіне ықпал етті. Мұның бәрі түрік халықтарының саяси – идеялық тұрғыдан өсіп жетілуін жылдамдатты және ұлттық рухының оянуы мен нығаюына әсерін тигізді. Түрікшілдік концепциясын насихаттауда сол тұста жарық көрген әдеби-публицистикалық және көркем туындылар айрықша орын иеленді. Әсіресе, баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларда түрік халықтарының ұлттық құндылықтары жөнінен мол мағлұматтар беріліп, түркіге ортақ көрнекті тұлғалардың өмірі мен ерлік істері жайында көп мәліметтер жазылып жатты. Жалпы, түрікшілдік идеясының көздегені – қамауға түсіп, езіліп, жаншылған халықтардың ұлттық санасын ояту, олардың береке, бірлігіне, басшылық жасау еді. Сәкен де бұл идеяны іле көтеріп әкетіп, «Түркиенің жайы» деген мақаласында Мұстафа Кемалдың ерлігін басқаларға үлгі ете сөйлейді. Мағжанның атақты «Түркістан» өлеңіндегі көп жайттарды еске түсіреді. Көк түріктердің Азияға, Африкаға, Европаға, яғни жарты әлемге әмірін жүргізгенін мақтаныш сезімімен жазады. Сәкентанудың үлкен білгірі Т.Кәкішев Сәкеннің «Азия» өлеңі Мағжанның «Пайғамбар», «Күншығыс» өлеңдеріндегі ойларымен, идеяларымен үндесетінін айтады. Сәкен:
Тыңдамасаң бұл жалынған сөзімді,
Түсінбесең, паң ғып ұстап өзіңді,
Күшпен үйрет мынаны деп жұмсармын,
Моңғұлымды – қиғаш садақ көзімді, – десе, Мағжан:
Қисық көзді Күншығыс,
Болсын соңғы бұл жүріс.
Күнбатысқа жүрелік,
Желкілдеген туменен,
Жер күңіренткен қолменен,
Қаласына кірелік, – деп, идея бірлігі ортақ, мотиві мазмұндас өлеңдер жазған. Уақыт туындатқан мүдде ортақтығы, мақсат бірлігі екі ақынды да түрікшілдік концепциясын жырлауға итермеледі. Сол себепті, олар тарихи сананы жаңғыртып, түрікшілдікті насихаттады. Бұл қазіргі уақытта түбі бір түркі халықтарына ортақ идея ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, зорлық-зомбылыққа қарсы үн қату, оған қарсы әрекеттердің туындауы заңдылық. Осы орайда, халықтың өткеніне үңіліп, одан үлгі боларлық өнеге іздеуі, өз құндылықтарын әспеттеуі, сөйтіп, тәуелсіздікті талап етуі сөзсіз бой көрсетеді. Бұл ретте ұлт әдебиетіндегі зар заман ағымын айтуға болады. Зар заман поэзиясын зерттеген ғалым Бауыржан Омаров былай дейді. «Зар заман өлеңдерінде азаттықты аңсаған қазақтың рухы сақталды. Бұл шығармалардың өзегінде ұлтты езгіден құтқару идеясының негізі қаланды». Бұл құбылыс Дулат, Шортанбай, т.б. ақындардың шығармашылығынан жақсы байқалды. Бұлар өздерінен кейінгі әдебиетте айтарлықтай із қалдырды. Себебі, түрлі әдеби ағым өкілдерін бір идея төңірегіне топтастыруға ұлттық мүдде итермелейді, мәжбүр етеді. Сөйтіп, ұлт мұқтажын өтеу жолында бұлар бір идея төңірегіне ұйысады.
Патшадан әділдік жоқ еді,
Ұлықтар парақор тоқ еді,
Бұқара халықты кем тұтқан,
Жек көрген, итімен тең тұтқан,
Қоспаған санына адамдық,
Айламен ұстаған надан ғып,
Сәкеннің бұл өлеңінен Дулат, Шортанбайлардың рухани болмысы мен мақсат – тілегі айқын байқалды. Сонымен қатар, бұл өлең ұлт қамын жеген, ел ертеңін ойлаған алаш арыстары Ахмет, Міржақыптардың «Маса», «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағындағы мақсат-мұраттарымен де астасып жатыр. Бұл ұқсастықтың негізгі белгілері, біріншіден, осы ақындардың бір мезгілде өмір сүрулері, яғни уақыт тынысы мен замана ахуалының әсері десек, екіншіден, ұлттық сананың да ықпалы болғаны даусыз. Осы тұста зар заман ақындары Дулат, Шортанбайлармен, сондай-ақ, патша саясатын әшкерелеген, ұлт азаттығын аңсаған, қоғамдағы басқа да келеңсіздіктер жөнінде ой қозғаған Ахмет, Міржақыптармен Сәкеннің шығармашылық тұрғыдан үндестік, сәйкестік табуын межелеген жөн. Сонымен қатар, аласапыранға толы тарихи кезең көрінісі көркем шығармаларда қаншалықты дәрежеде байқалғанын анықтау үшін, сол кезде әдеби үрдіске араласқан ақындардың өзара шығармашылық байланыстарының ерекшеліктеріне назар аударған дұрыс. Нәтижесінде шығармашылық байланыстардың рухани болмысқа әсері, ұлттық ой-сана өрісінің дамуына ықпалы айқындалады.
Қай дәуірде болмасын ақын-жыраулар өз уақытындағы саяси-әлеуметтік құбылыстардың себеп-салдарына тереңірек көз жіберіп, әр алуан мәселелер жөнінде ой бөлісіп, пікір алмасуларын жасап отырған. Уақыт тынысына үнемі дер кезінде үн қосып отыратын олар ұлттық идеяға ұласар тұщымды тұжырымдары мен келелі ой түйіндеулерін үздіксіз айтып, халықпен бөлісіп отыруды дағдыға айналдырған. Сол себепті, олардың тарихи-әлеуметтік жағдайларға сәйкес туындаған, ұлттық мақсат-мұраттар барысында қалыптасқан, халықтың мұң-мұқтажынан пайда болған шығармаларын жаңарған уақыт сұранысына қарай бағалап, қазіргі таным-түсінік тұрғысынан зерделеуге бағыт ұстанған жөн.
Бүгінгі уақыт өткен дәуір әдебиетінің кейбір тұстарын қайта екшеуге, рухани мұраларымызды тереңдей, жан-жақты, әр қырынан әділ бағалай түсуге мүмкіндік беріп отыр. Осыған орай Сәкен шығармаларын, әсіресе оның «Көкшетау», «Аққудың айрылуы», «Ақсақ киік», сонымен қоса, маркстік – лениндік ілімнен ада «Өткен күндер» өлеңдер жинағын қайта бір қарастырып, рухани игілігімізге жарату ендігі міндетіміз.
«Сәкен талас жоқ, ұлы ақын. Бірақ ендігі жерде ақын тұлғасының о жақ, бұ жағын түгел қамтып, таразылай қарайтын кез жетті», – дегенді көрнекті ғалым М.Базарбаев. Ғалымның былай деуінің астарында заман жүз сексен градусқа өзгерген уақытта Сәкен шығармаларын қалай зерттеген дұрыс, күресінге тастауға болмайды, ендігі жерде қайтпек керек деген сан түрлі сауалдың тұрғаны анық. Кеңестік дәуірде жазылған Сәкен Сейфуллин шығармаларының озығы мен тозығын уақыттың өзі таңдап-талғап шығарады деп қол қусырып отыруға және болмайды. Жанрлық, тақырыптық жағынан аса мол шығармашылық мұраны зерттеуші ғалымдар талғамымен саралап, Сәкен ғұмыр кешкен заманның тарихи, қоғамдық жағдайын ескере отырып, сын таразысына салу ләзім. Әрине, бұл көп болып кеңесетін, іргелі зерттеулер жасау арқылы шешілетін түйін. Бұл біздің ғана емес, ұлттық әдебиеттану ғылымының алдында тұрған өзекті мәселе. Осыған орай, Сәкентану ғылымы жаңа қырынан жаңғырып, өзгеше сипатымен ерекшеленуі тиіс.
Мейіржан ТАПАШЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті.