Білім

Шығармашылық байқау шыңға бастайды

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде «Журналистика» және «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламалары бойынша облыстық пәндік олимпиада өтті. Оған аймақтағы қала және аудандық мектептерден 50-ге жуық оқушы қатысты.

Суреттерді түсірген автор

«Қоғаммен байланыс» мамандығы – еңбек нарығындағы жаңа мамандық. Биыл осы мамандыққа ниет білдірушілердің саны артып келе жатқандығын көруге болады. Бұған дейін университет қабырғасында осы мамандық бойынша білім алатын студенттердің саны 10-ға жетпесе, биыл одан көп болатындығын айтып отыр ұйымдастырушылар.

– Үлкен білім ордасының та­балдырығын аттаған қадамдарыңыз құтты болсын! Осы бір қарашаңырақтан білім алып, үл­кен азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспіз. Жалпы, журналистика тарихы жөнінде біздің университет ел тарихында екінші орын алады. 30 жылдық тарихы бар үлкен мектеп. Журналистиканы бітірген түлек тек камера алдында микрофон, диктофон ұстап жүрмейді. Ол – тұлға болып қалыптасады. Еркін ойлап, еркін жазу. Еркін жүру. Мінекей, журналистің басты қасиеті – осы, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов.

Олимпиада қатысушылары таңдаған мамандықтары бойынша екі аудиторияға бөлініп, шығармашылық бағыттағы түрлі тапсырма орындады. «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша түрлі сұрақтар мен жарнамалар әзірленген. Қатысушылар сұрақтарға ауызша жауап беріп, жарнамадан қате табуы керек. Одан бөлек, өзі жарнама құрастыруы да шарт. Олимпиада қатысушыларының ой-өрісін тану мақсатында түрлі суреттер берілген. Суретке ат қойып, сурет жайлы баяндап беру талап етілді.

Ал, «журналистика» бағытында тапсырған қатысушылар билетінде сала бойынша қилы сұрақтар топтасқан. Әрі газет бетінде жарияланған мақала үзінділері де бар. Оқушылар тапсырмаға жауап беріп, газет бетіндегі мақала жанрын анықтау шарт. Тақырып қойып, талдауы қажет. Одан бөлек, түрлі телебағдарламалардың атауы да көрсетілген. Сол бағдарламаның сюжеті мен жанры жайында айту міндетті. Осы тапсырмаларды орындау­ға әр қатысушыға 10 минуттан берілген.

Олимпиада қорытындысы бо­йынша, «Журналистика» ба­ғы­тында І орынды Шет ауданы, Жұмыскер ауылындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы Ақ­берен Нұртай иеленді.

– Мен нақты қандай мамандыққа түсетінімді шешпедім. Дегенмен, бағымды сынау үшін түрлі пән олимпиадаларына қатысып жүрмін. Былтыр айтысқа да шықтым. Осы жолы журналистика мамандығы бойынша олимпиаданың өтетінін естіп, қатысуды шештім. Бірақ, өзім жазуға жақынмын. Әрі жақындарым да осы салада және мұ­ғалімдік жолда жүр. Содан болса керек, сөйлеуде, жазуда ешқандай қиындық тумайды, – деді олимпиада жеңімпазы.

«Қоғаммен байланыс» ба­ғы­тында бақ сынаған №2 «бі­лім-инновация» мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Жаннұр Алдаберген – І орын иеленді. Жаннұр – былтыр қазақ тілі және әдебиет пәнінен ұйымдастырылған республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлдемен оралған үздік оқушылардың бірі.

– Бұған дейін техникалық мамандыққа түскім келіп, таңдау пәніме биология пәнін белгілеген едім. Бірақ, бір ай бұрын мамандығымды ауыстырдым. Әдебиет пәнін таңдап, мұғалім болуды шештім. Анам – қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Әрі ұстазым Арай Әбдірахманова мұғалімнің де үлкен үлесі бар. Мені түрлі байқауларға дайындап, барынша қолдау көрсетіп келеді. Оқуымды тәмамдаған соң осы университетте білімімді жалғастырамын, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button