Медицина

Шомылу маусымы кезіндегі аурулардың алдын алу

Жаздың басталуымен шомылу – жүзу маусымы басталады. Осыған байланысты, шомылу маусымындағы су объектілерінің жай-күйіне санитариялық – эпидемиологиялық мониторингті, сондай-ақ су қорғау аймақтарының санитариялық жай-күйін және шомылу үшін бақылау нүктелерін жер үсті суларының жарамдылығын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Шахтинск өңірінде 2025 жылғы мамыр-тамыз айлары аралығында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ашық су айдындарының су сапасына және топырақтарға микробиологиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық және радиологиялық көрсеткіштерге арналған зертханалық бақылау жүргізіледі.

Сурет uralskweek.kz

Инфекцияланған су арқылы адамға жұқпалы, паразиттік және саңырауқұлақ аурулары берілуі мүмкін,  олар төрт түрге бөлінеді:

– патогендермен ластанған судан туындаған аурулар (іш сүзегі, тырысқақ, дизентерия, полиомиелит, гастроэнтерит, А вирустық гепатиті);

– ластанған суды жуу үшін пайдаланған кезде пайда болатын тері мен шырышты қабықтың аурулары (трахомадан алапеске дейін);

– суда тіршілік ететін моллюскалар тудыратын аурулар (шистосоматоз және ришта);

–суда тіршілік ететін және көбейетін жәндіктер-инфекция таратушылар тудыратын аурулар (безгек, сары безгек және т.б.).

Демалыс базаларымен орындары эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге жатады және иелері қажетті зертханалық зерттеулерді (бактериологиялық, санитариялық-химиялық және паразитологиялық зерттеулерге арналған су, паразитологиялық көрсеткіштерге арналған топырақ) алдын ала жүргізе отырып, объектінің сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Осы орындарды ұйымдастыру жөніндегі субъектілер өз қызметінде ҚР ДСМ 2022 жылғы 26 шілдедегі№ҚРДСМ-67 бұйрығымен бекітілген Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды басшылыққа алады.

Жұқпалы, паразиттік және саңырауқұлақ ауруларының алдын алу мақсатында су айдындарында шомылу кезінде мынадай алдын алу шараларын сақтау қажет:

– арнайы бөлінген және жабдықталған жерлерде шомылыңыз;

– бейтаныс су қоймаларында шомылуға болмайды, әсіресе суда жүзетін құстар (қаздар, үйректер), сондай-ақ тұщы су моллюскалары (ұлулар) болса;

– белгіленген арнайы белгілер мен “Шомылуға тыйым салынады” делінген жазуларға назар аударыңыз;

– жағажайда, су қоймаларының жанындағы дымқыл шөпте жағажай аяқ киімімен жүріңіз;

– ашық су қоймаларында шомылғаннан кейін бірден душ қабылдаңыз;

– шомылу кезінде аузыңызды ашпауға немесе суды жұтып қоймауға тырысыңыз;

– суға сүңгу кезінде көзіңізді ашпаңыз немесе маска немесе көзілдірік киіп су астына сүңгіңіз;

– жемістер мен көкөністерді ашық су қоймаларында жууға болмайды;

Рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға жол берілмейді, өйткені бұл адамдардың денсаулығы мен өміріне ықтимал қауіп төндіреді: мұндай орындар демалу үшін абаттандырылмаған, түбі тексерілмеген, судың сапасына кепілдік берілмеген. Есіңізде болсын, ашық су айдындарында шомылудан болатын инфекциялардың негізгі себебі – ең айқын гигиеналық ережелерді елемеу. Кез-келген ауру кезінде дереу дәрігерге хабарласыңыз және өзіңізді-өзіңіз емдеумен айналыспаңыз.

 Сіздерге жақсы және қауіпсіз жазғы демалыс тілеймін! Абай болыңыздаржәне ауырмаңыздар!

С.ИРИСТАЕВ,

Шахтинск қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау

басқармасының  басшысы

Басқа материалдар

Back to top button