«ШІРКІН-АЙ, ЖЕТТІК ҚОЙ, ЖЕТТІК!» қуаныштан елжіреген Рамазан аға осылай деп еді
Жеке кітапханамда қадір тұтатын бір кітап бар. «Батырлар жыры». Ең елеулілері енгізіліп әрі әсем безендіріліп шыққан 1959 жылғы басылымы. Қазір сақталғаны сирек сыңайлы.
Қолға алған сайын мүдірмей оқуға төселген кездегі, үй іші тыңдауға отырар ауылдағы әдемі кештер елестейді. Көршілер де келетін. Үлкендер тамсанып-рахаттанып, кішілер таңырқаған әсермен өзді-өзі әлдебір шерлі мұңға, тәтті қиялға, сағынышты ойға бөленетін.
Әттең, сондағы нұсқасы жоғалды. Ал мына қолдағысы – ардақты ағамыз Рамазан Сағымбековтің сыйы. Белгілі есім. Жай ғана белгілі емес, аты-жөні аталғанда-ақ қазақ баспасөзінің белді тұлғасын еске түсірерлік есім. Еліміз Тәуелсіздік жариялаған күннің ертеңінде тарту еткен еді.
1991 жылдың аяғы еді. Желтоқсанның ортасы болғанмен, қар аралас жаңбырдан табиғат қабағын ашпай, еңсені басады. Көктем туа дүңкілдеп, жаз ортасында дүбірлеп, күз бойы дуылдаған не қилы әңгімеден жұрттың біразы қуанса, біреулері түнерген сияқты. Өзгені қайтеміз, өз көкіремізге жайылған шаттықтан шалқып, мүдделес ортаға жетуге асықпыз. Бұрын жетушілер де бар екен. «Орталық Қазақстанның» төр орны орналасқан 5-ші қабаттан жүректері жарылардай қуанған, бір-бірін құттықтаған жарқын дауыстар еңселі ғимараттың бүткілін жаңғырықтырып құлақ жарады.
Секретариат бөлмесіндегі теледидардан Алматыдағы бас алаңда өтетін митингтен берілген тікелей хабар басталып, әлем тарихында тәуелсіз мемлекеттің пайда болғанын Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір әйгілегенде, ортамызда үнсіз тұрған Рамазан ағаның көзінен жас ытқып кетті. Алдындағы науқастан еркін тілдесуі қиындап қалса да үзік-үзік үнмен «Шіркін-ай, жеттік қой, жеттік!» деп әрқайсымызды елжірей құшағына қысады. Жасаураған жанарынан мөлтілдеген жас тамшылары туған елінің Тәуелсіздік алғанына деген шынайы тебіреністен туған толқыныс екенін түсіндік.
Салтанатты жиынды басынан аяғына шейін тамашалаған соң, сыртқа шыққанда Рәкеңнің өңі, тіпті, сергіп, серпіліп, еңсесі көтеріле түсті. Ертеңгісіндей емес, бұлт сейіліп, күн көзі ашылған. Шыңылтыр аяздан тыңайған ауа тыныс кеңейтіпті. Табиғат та адамдар қуанышын жарастыра қалыпты. Жер-дүние жаңадан жасанғандай аппақ. Аз уақыттағы ғана тамаша өзгерісті жақсы ырымға балап, айналаға сүйсіне, мерейлене қарайды. Үйіне шығарып салып келеміз. Нұркен Әбдіров ескерткіші жанында тізе бүгіп, батырға тағзым етті. Кеуде керген жалынды рух ішкі жан көркін шексіз шалқытуы басылар еместей.
Аға шаңырағына барғанда бірден тұтас бір қабырғалы сөредегі кітаптар көз түсіртетін. Алдымен «Батырлар жырына» қол тиетін. Соны қайта аңдаған болар, ылғи осы кітаптың неге қызықтыратынын сұрады. Сұралған соң, жоғарыдағы жайды қалай айтпассың?! «Олай болса ұлы тарихи оқиға күні құрметіне жөні дөп келген тартуым болсын. Батыр бабаларымыз рухы қолдай берсін!» деді разылықпен ұсынып.
Одан бері де жиырма алты жыл өте қалыпты. Көңілдің шеріндей, көңілдің қуанышындай болып тамған Рамазан ағаның сол бір жас тамшылары алыстаған аяулы бейнесін естен шығартпай, көз алдымыздан кетірмей келеді. Бәрімізге қастерлі күні, әсіресе, ыстық елестейді. Жақсы кісілердің, асыл ағалардың осындай қасиеттері ұмытылар ма!
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
Суретте: Р.Сағымбековтің 60 жас мерейтойында.