Медицина

Ширек ғасырдағы шексіз мүмкіндік

Кластер ұғымы бір-бірімен мәндес бірнеше элементтің бірігуін білдіреді. Жаңа мыңжылдықтың басында Астанада да медицина кластері пайда болды. «Болашақ госпиталі» жоспары аясында медицинаның бірнеше бағытын қамтитын республикалық орталықтар ашылды. Өңірлерде емдеу мүмкін болмаған жағдайда бас қалаға жібереді. Дертіне шипа іздегендер де шет ел аспайтын болды. Өзімізде емделуге мүмкіндік алды. Барғандар біледі, бас қаладағы басты орталықтар дәрігердің алаңсыз жұмысы үшін де, науқастың жағдайы үшін де жайлы.

Ана мен бала – басты орында

«Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы 2007 жылы ашылған. Жүктілігі ауыр әйелдер мен денсаулығында ақауы бар балаларға арналған. Жолдамамен, квота бойынша келген науқастарға барлық қызмет тегін көрсетіледі. Емдеу орны Орталық Азиядағы педиатрия, балалар хирургиясы, акушерия-гинекология, ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығы бойынша жетекші ғылыми-танымдық және емдеу-диагностикалық институты болуды мақсат еткен. Орталықтың ТМД кеңістігіндегі халықаралық Joint Commission International аккредитациясына қол жеткізген алғашқы клиниканың бірі екендігін де атап өткен жөн.

Оңалтудағы озық әдістер

Ұлттық балаларды оңалту орталығы да 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елімізде алғаш рет осы орталық базасында психоневрологиялық және нейроортопедия­лық патологияға шалдыққан балаларды оңалту жүйесі құрылды. Сондай-ақ, республикада бірінші болып, динамикалық проприоцептивті коррекция, нейрогенді дисфагия коррекциясы әдісі және басқа жаңа әдістер қолданылды. Еңбек терапевтері, ойын терапевтері, музыка терапевтері, Монтессори-педагогтар деген мамандықтардың да тұңғыш рет осында ашылғанын ерекше атап өту керек. Мұнда жылына 4 мыңнан астам бала оңалту шараларынан өтеді. Осы уақыт ішінде қаншама баланың денсаулығын түзеуге мүмкіндік берді десеңізші?!

Мемлекет дамуының көрсеткіші

Ұлттық нейрохирургия орталығын осылай сипаттауға болады. Ашылған сәттен-ақ ол ел медицинасындағы зор жетістік ретінде бағаланды. Соңғы заманауи технология­лармен жабдықталған орталықта бұрын-соңды болмаған медициналық қызмет көрсетіледі. Маусымда өткен орталықтың 15 жылдығына арналған Қазақстан нейрохирургтарының V Конгресінде сөз алған оның директоры Серік Ақшолақов 2007 жылы 5516 операция жасалса, бүгінде оның саны 29 723-ке жеткенін мақтана айтты. Бұл, расымен де, мақтанарлық көрсеткіш.

«15 жыл ішінде Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның жаңа бағыттары енгізілді. Бұл микроней­рохирургия, эндоваскулярлық ней­­­рохирургияны қоса алғанда, та­мырлы нейрохирургиялық пато­логияларды емдеу, омыртқа мен жұлынның зақымдануы кезіндегі реконструктивтік операциялар, функ­ционалды нейрохирургия, ісік­тер мен мидың басқа да патологиялары кезінде нейромодуляция мен нейронавигациялық жүйелерді қолдану сияқты жалпы алғанда 70 инновациялық технология енгізілді», – деді сол кезде еліміздің бас нейрохирургы.

Қатерлі ісік қапыда қалдырмасын деп…

Жыл сайын 35 мыңнан астам қазақстандық қатерлік ісікке шалдығады. Өкініштісі, дерт кеш анықталып жатады. Бұл ретте Ұлттық ғылыми онкология орталығының ашылуы стратегиялық әрі әлеуметтік маңыз­ды шешім болады. Ерте диагностика, әлемдік стандарттарға негізделген емнің арқасында онкология ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту – орталықтың негізгі міндеттерінің бірі. Ғылыми, клиникалық және білім беру тәжірибесін біріктіретін емдеу мекемесі Орталық Азия елдері бойынша осы саладағы жетекші ғылыми орталыққа айналды. Ондағы озық деген технология­лар, сәулелік, лазерлік, протонды және ядролық медицина бөлімдері жұмыс істейді. Науқастар дертті анықтаудан бастап, жоғары технологиялық ем мен оңалту шараларын елден шықпай-ақ ала алады.

Кардиохирургия қадамы қарышты

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы – медициналық қызмет көрсету мен сервистің сапасы мен деңгейі бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, ғылыми-білім беру қызметінде отандық және халықаралық танымға ие, қуатты кадрлық әлеуеті бар, тиімді корпоративтік және бизнес бағдарланған басқаруы бар Орталық Азиядағы жетекші кардиохирургиялық орталық. Емдеу мекемесі жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттердің денсаулығын жақсарта отырып, халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал етуді өзінің миссиясы етіп алыпты. 2011 жылы ашылған орталық қыз­мет көрсету және сервистің сапасы мен деңгейі бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Кейінгі жылдары орталық денсаулық сақтау­дың үздік халықаралық моделі мен ғылыми тәжірибесін үйлестіретін кардиохирургиядағы ұлттық бренд ретінде дамып келеді.

Бас қала медицинасының проблемасы қандай?

Астана медицинасының негізгі мәселесі деп халық санының артуына байланысты дәрігерлер қауымына түскен артық жүктемені айтуға болар. Орта есеппен қала халқы жылына 40-50 мың адамға көбейеді. Астана қаласының қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасы төсек-орын тапшылығы мен халықтың өсуін ескере отырып, 2023-2026 жылдары 18 нысанды салу және реконструкциялау жоспарлап отыр. Басқарманың де­реккөздерінде көрсетілгендей, 2020-2022 жылдар аралығында медициналық техниканың тозуы 22,5%-дан 14,6%-ға дейін азайды, жарақтандыру 89,8%-дан 95,5%-ға дейін ұлғайған. Десе де, кадр тапшылығы бас қалада айқын се­зіледі.

Қазіргі уақытта елорданың ден­саулық сақтау саласында 11 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде, 3,4 мыңнан астамы – дәрігер, 6 мыңнан астамы – орта медицина қызметкері, 2 мыңнан астамы – кіші медицина қызметкері. Кадр тапшылығын жою мақсатында Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алдағы үш жылға 381 грант бөліп отыр. Сондай-ақ, қалалық құрылыс бас­қармасы «Астана-Қарағанды» тас­жолы аумағында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салу жобасын іске асырып жатқаны да айтылды. Одан бөлек, мамандарды оқыту ісі де белсенді жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен былтыр 800 маман оқып келсе, биылғы жоспар бойынша 200-ге жуық маман біліктілігін арттырады.

2023 жылдың бірінші тоқсанында дәрігерлердің орташа жалақысы барлық төлемдерді қоса алғанда – 544 мың теңге, орта медициналық қызметкерлердікі 337 мың теңгені құрады.

Халық денсаулығы – мемлекет дамуының көрсеткіші. Сондықтан, мемлекет медицина саласының дамуына мүдделі. Астана медицинасы – оның жарқын көрінісі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button