Шипа жолындағы шамшырақ
Адам өмірі үшін күресу – екінің бірінің қолынан келмейтін ұлы еңбек. Бұл тек біліктілік пен білімділікті ғана емес, жүрек жылуы мен адамға деген мейірімді талап ететін ауыр да ардақты жол. Осындай жолды абыроймен өткеріп келе жатқан жан – белгілі онколог-хирург, профессор Валентина Сирота. Ол 40 жылдан астам уақыттан бері адам өмірін сақтап, медицина университетінің онкология және сәулелік диагностика кафедрасында болашақ дәрігерлерге сабақ беріп келеді.

Қадірлі дәрігер Валентина Брониславовна 70 жасқа толды. Оның есімі тек ақ желеңді әріптестері арасында ғана емес, өмірін аман алып қалған жүздеген науқастар мен оның тәрбиесін көрген шәкірттерінің жадында мәңгілікке жазулы.
Медицинаға 40 жылдан астам өмірін арнаған Валентина Сирота тәжірибесі мен білімін болашақ дәрігерлерге үйретуден жалыққан емес. Ғалым ретінде де абыройы асқақ. 300-ден астам ғылыми еңбектің, бірқатар патенттердің авторы. Оның жетекшілігімен он бір ғылым кандидаты мен PhD дәрежесін қорғаған жас зерттеушілер қанат қақты.
Мерейтой иесіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың атынан арнайы құттықтау хат тапсырылды.
«Сіз 40 жылдан астам өміріңізді медицина кадрларын даярлауға арнап, талантты онкологтарды, хирургтар мен ғалымдарды тәрбиелеп келдіңіз. Сіздің жетекшілігіңізбен ондаған диссертациялар қорғалды, жүздеген ғылыми еңбектер жарияланды, онкологиялық аурулармен күреске бағытталған маңызды әзірлемелер тәжірибеге енгізілді. Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, игілік және жаңа жетістіктер тілеймін. Шәкірттер мен пациенттердің алғысы алдағы жетістіктерге шабыт берсін!» – деп жазды облыс әкімі құттықтау хатында.
Валентина Брониславовна онколог-хирург жоғары біліктілік санатына ие және бұрынғысынша белсенді жұмыс істеп келеді. Ол медуниверситет студенттеріне, ординаторлар мен аспиранттарға сабақ өткізіп, дәріс оқиды.
Медицинаны дамытуға қосқан үлесі үшін Валентина Сирота «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болған.
Өз тілшімізден