Бас тақырып

«Үшінші қазандықтың» тарихи мәртебесі

Биыл Қарағанды қаласына «1941-1945 жылдардағы Еңбек даңқы қаласы» мәртебесі ресми түрде берілетін болды. Бұл шешім ТМД елдері Сыртқы істер ми­нистрлерінің кеңесінде қабылданып, Жеңістің 80 жылдығына орайластыры­лып отыр. Мұндай марапат Астана мен Алматы қалаларына да тағайындалды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев күн тәртібінде бірнеше құжаттың қаралғандығын жеткізді. Олардың ішінде Жеңіске үлес қосқан қалаларға «Еңбек даңқы қаласы» мәртебесін беру мәселесі бар.

– Қазақстандықтар жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Тылда да қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Біздің елден майданға 1 млн 200 мың жауынгер аттанды. Майданға 5 млн тоннадан астам нан, 800 мың тонна ет жөнелтілді. Сонымен қатар 10 оқтың 9-ы біздің елден шыққан қорғасыннан құйылды. Бұл – біздің ортақ жеңіске қосқан үлесіміз, – деді Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Ұлы Отан соғысы кезінде Қарағанды КСРО-ның ауыр өнеркәсіп өнімдерінің төрттен бірін берді. Аймаққа фашизм шеңгелінде қалған аумақтардан көптеген ірі кәсіпорындар эвакуацияланды. Соғыс жылдарында Қарағанды еліміздің негізгі көмір базаларының біріне айналды. Ірі өндірістік орталық ретінде майданды көмірмен және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етті. Қарағанды шахталарынан шыққан көмір вагондары тоқтаусыз жөнелтіліп отырды.

Соғыс жылдарында Қарағанды көмір бассейнінде көмір өндіру көлемі екі есеге дейін артты. Шахтерлер күн-түн демей, 12-14 сағаттық ауыр еңбекпен айналысты. Атақты шахтер Мұстафа Айтқұлов екі есе норма орындау қозғалысын бастап, оны мыңдаған жұмысшы қолдады.

«Қарағанды жер астында соғысты», – деген тіркес сол жылдардағы шынайы шындықтың көрінісі еді. Бұл қала тылдағы ең маңызды тіректердің бірі болды.

1984 жылы Қарағанды қала­сы социалистік құрылыстағы жетіс­тіктері мен Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған болатын.
Қарағандыға «1941-1945 жыл­дардағы Еңбек даңқы қаласы» мәртебесінің берілуі – қарағандылықтардың соғыстағы жанқияр еңбегінің мойындалуы.
Мәртебе беру рәсімі 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында өткізілмек.

«1941-1945 жылдардағы Еңбек даңқы қаласы» мәртебесі – соғыс кезінде майдан мен тылды қамтамасыз етуге айрықша үлес қосқан бұрынғы КСРО қалаларына көрсетілген құрмет. Бұл бастаманы ТМД Гуманитарлық ынтымақтастық қоры көтерген.
Бүгінде Қарағанды облысында сегіз ҰОС ардагері мен 2634 тыл еңбеккері тұратынын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button