Шикізаттық менталитет экономикаға сеп емес
Ресми мәліметтерге жүгінсек, еліміздің шикізаттық емес өнімдерінің экспорттағы үлесі 1 пайызды ғана құрайды екен. Демек, өндіріс-өнеркәсіптер шикізат өндіріп, соны сыртқа саудалаумен ғана шектеліп отыр. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қойған міндет – басқа, Қазақстан қайткен күнде шикізаттық менталитеттен арылуы тиіс. Экономиканың қазіргі таңдағы өсімі – 2-3 пайыздан, кем дегенде 6-7 пайызға дейін көтерілмейінше, әл-ауқат артпасы анықтығын сарапшылар жиі айтады. Жалпақ жұртқа түсінікті тілмен айтқанда, шикізаттан бастап, шырпыға дейінгі тауарды өзіміз шығарып, өзгелер үшін шекара асырғанда ғана экономиканың әртараптығы һәм дәрменділігі туралы әңгіме айтуға болады екен. Үкіметтің Елбасы тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарламаны айдарлап, соған қомақты қаржы-қаражат бөлуінің төркіні – осында болса керек…
«Қарапайым заттар экономикасы» аты айтып тұрғандай күнделікті халық тұтынатын тауарларды шығаруды көздейді. Сол арқылы импортты алмастырып, экспортқа иек артпақ. Осы орайда былтырғы жылы мемлекекет шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін 600 млрд. теңге бөлсе, оның алдағы уақытта тағы еселене түсетіні және мәлімделген. Мақсат – сырт елдерге шикізат көзі ғана болмай, өзге де өнім мен тауар ұсына алатындай кәсіпорындарымыздың, өнеркәсіптеріміздің қанат жаюына ықпал ету-тін.
Мұртымыз бен ұртымызды майлап отырған мұнай мен түсті, қара металлургияның әлемдік экономикада «жолы» бола бермейтінін кейінгі жылдардағы құлдыраулар көрсетіп берді. Жерасты байлығын жәукемдей беру – ерте ме, кеш пе жерге қаратынын ұқтық. Шағын және орта кәсіпкерлікке басымдық берілді. Соның нәтижесінде тауар өндіру мен қызмет көрсету саласындағы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50 пайызға жақындап қалды. Әрине, әлі де шекара асырып, тауарын экспорттауға қауқары жете қойған жоқ. Десек те, елдің ішіндегі қажеттіліктерді өтеуге бейімделіп келеді. Алайда, толық емес. Шикізаттық менталитеттен құтылудың – негізі осында.
Жоғарыда атап өттік. Қазақстанның шикізаттық емес экспорт көлемі 1 пайызды құраған. Ол 15,7 млрд. доллар табыс әкелген. Құзырлы орындардың айтуынша, қазір еліміз әлемнің 120 еліне 800-ден астам тауар түрін экспорттайды екен.
Сырт елдер сөзге келместен аттай қалап алатын шикізаттардың қатарында ферроқорытпалар, өңделмеген цинк, бал, уран, мұнай газы, трансформатор және аккумулятор бар екен. Өңделмеген экспорттың 51 пайызы металлургияның еншісінде.
Үкімет 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 32 млрд. долларға дейін жеткізуді міндет етіп отыр. Ел Үкіметі ЕАЭО аясында серіктес елдермен, Қытаймен және басқа да мемлекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шарты отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін атап отыр. Бұл үшін экспортты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы бар. Талпыныс бар, бірақ оған қарым кем боп тұрған сыңайлы.
«Жалпы, шикізаттық емес қор жеткілікті» дейді сарапшылар. Бір агроөнеркәсіп кешенінің өзі эскпорттың таразы басын импортпен теңестіре алатындай. «Ол үшін азық-түлікке деген ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етіп, құс еті, ет, сүт өнімдері, балық, өсімдік майы, жеміс-көкөніс және қант өндірісін дамыту қажет» дейді зерттеулер. «Қарапайым заттар экономикасы» мұны қаперде ұстап отыр. Ал, оның арғы жағында экспорт бар.
Қызғалдақ АЙТЖАН